KZ
Өскемен
+17°
пасмурно жел 1 м/с, С
464.72 496.32 5.4

Тұрақтандыру қорындағы жарма өнімдерінің пайдалану мерзімі қаңтарда бітеді

31.12.2012, 18:00 171


Облыс Әкімінің орынбасары Владимир Кошелевтің төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте бетімен кеткен бағаның көтерілуін тежеп, қала тұрғындарын тұрақтандыру қорындағы арзан азық-түлікпен қамтамасыз етудің тетіктерін жетілдірудің амалдары қарастырылды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

– Облыс Әкімінің бағаны тұрақтандырып, бірінші қажеттіліктегі азық-түлік өнімдерін қымбаттатпауды қамтамасыз етуге байланысты берген тапсырмасы орындалмай отыр. Өскемен мен Семейде бірінші қажеттіліктегі азық-түліктің бағасы, оның ішінде тұрақтандыру қорында бар көкөністердің бағасы қымбаттап кетті. Ал тұрақтандыру қорында көкөніс те, картоп та, күріш те толып тұр. Қазір тұрақтандыру қорында 7,5 мың тонна көкөніс бар. Картоптың келісі екі қоймадан да 51 теңгеден босатылуда. Осыған қарамастан қала дүкендері мен базарларында картоптың бағасы 80 теңгеден 150 теңгеге дейін өсіп тұр. Мұндай жоғары бағалар жұмыстың жүргізілмеуінен, бағаны қадағалаудың мүлде жоқтығынан туып отыр. «КазАгромаркетинг» АҚ облыстық филиалының мониторингі республикадағы облыс орталықтарының арасында ең қымбат көкөніс, азық-түлік өнімдері біздің облыс орталығында екенін көрсетіп отыр. Қызылша, сәбіз, қияр, қырыққабат, картоп, пияздың бағасы өзге қалалардағыдан әлдеқайда қымбат. Семейде картоптың толайым саудадағы бағасы 70 теңге болғанымен, дүкендер мен базарларда 100 теңгеден сатылып жатыр. Өкінішке қарай, бұл екі қала басшыларының «Ертіс» ӘКК-мен бірлесіп жұмысты дұрыс ұйымдасты-ра алмауынан, – деген облыс Әкімінің орынбасары Владимир Кошелев екі қалада да бағаның бақылаусыз, бетімен кеткендігін, қала әкімдігі басшыларының қолда бар мүмкіндікті пайдаланбай, бағаны реттеудің тетіктерін қарастырмай отырғандығын жеткізді.

Әлеуметтік сауда нүктелері қалтарыста қалған

Облыс Әкімінің орынбасары Өскеменде 60-70 әлеуметтік сауда нүктесі бар делініп жүрген мәлімет тек қағаз жүзінде ғана екенін атап айтты. Екі-үш күн бойы жүргізілген арнайы рейдтер кезінде қаладағы әлеуметтік сауда нүктелерінің бірінде көкөніс жоқ болса, бірінің мүлде жұмыс істемейтіні анықталған. Қағазда көрсетілген мекенжайлардағы әлеуметтік сауда орындарының көпшілігі дүкендердің, базарлардың ең түкпірінде, көзге бірден түс-пейтін қалтарыс жерлерге орналастырылған болып шыққан. Мәселен, «Дос-Нар» базарында әлеуметтік сауда нүктесі сауда кешенінің келушілерге көрінбейтін бір бұрышына орналастырылыпты. Алайда Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Оксана Желякова облыс орталығында бағаның қымбаттап кетуіне осыдан екі апта бұрын басталған ауа райының қолайсыздығы себеп болып отырғанын айтып бақты. Жолдың жабылып қалуынан облыс орталығынан 30-35 шақырым қашықтықта орналасқан «Екімбаев» шаруа қожалығынан өнімдерді қаладағы сауда орындарына жеткізу кестедегіден кешіктірілген.

Бірақ, бір ғана бұл жолы емес, тұрақтандыру қорының арзан өнімдері о бастан-ақ халыққа дұрыс жетпей келе жатқандай. «Ертіс» ӘКК төрағасы Нұрлан Сыдықов, тіпті, алдағы қаңтарда қордағы жарма өнімдерінің кейбірінің пайдалану мерзімі аяқталып, жарамсыз болатынын ескертті. Өйткені, олар осыдан екі жыл бұрын сатылып алыныпты.

Тұрақтандыру қорының қоймасындағы өнімдерді жеткізу бойынша оператор болып отырған «Шығыс самғау» ЖШС-не бір жарым айдың ішінде Өскеменнен күніне орта есеппен 10-17 сауда нүктесінен картоп пен көкөністерге тапсырыс түсіп келген. Егер қағазда жазылып жүргендей, барлық 60 сауда нүктесі күнбе-күн тапсырыс беріп, халықтың сұранысын тұрақтандыру қорының арзан көкөнісімен жауып отырса, баға бұлайша 15-20 пайызға көтеріліп кетпес еді. Қала тұрғындары картоптың күрт қымбаттап кетуінен желтоқсан айында Өскеменде өткен екі жәрмеңкеде де бұл өнімдерді әп-сәтте қап-қабымен сатып алып қойған. Осылайша қалалықтардың қыс басталмай жатып қымбатшылықтың қыспағына түсіп жатқаны қала басшыларының қаперіне де кірмеген.

«Шығыс самғау» ЖШС директоры Сергей Ярославцевтың келтірген дерегінше, 24-желтоқсан күні облыс орталығынан барлығы үш тонна картопқа 15 тапсырыс, 25-желтоқсан күні бес тоннаға 17 тапсырыс, 26-желтоқсан күні бес тоннаға жеті тапсырыс берілген. Қысқасын айтқанда, тұрақтандыру қорындағы арзан көкөніс пен картоп сұраусыз қалып отыр. Базарлар мен дүкендердегі бағалар болса күйіп тұр.

– Тұрақтандыру қорының өнімдері осылайша күніне үш-төрт тоннадан ғана сатылып жатса, биыл таусылып бітпес. Семейдегі жағдай да осындай. Қаланың 343-квартал, Цементшілер кенті, басқа да ықшамаудандарынан әлеумет-тік сауда орындарын ашуға орай берілген тапсырма орындалмай отыр. Семей қаласы әкімінің орынбасары Н.Нұрғалиевтің қатысуымен өткізілген бағаларды бақылауға байланысты арнайы рейдте бұл қалада жұмыс істеп тұр делінген 18 әлеуметтік сауда орнының бес-алтауы, яғни, 30 пайызы ғана қызмет көрсетіп жатқанын анықтадық, – деді Владимир Кошелев Семей қаласындағы азық-түлік нарығындағы қалыптасып отырған бүгінгі жағдайға қатысты. – Сұраусыз жатқан тұрақтандыру қорындағы сол өнімдер көктемде шіри бастайды. Бұл туралы әңгіме тіптен бөлек. Тұрақтандыру қорындағы арзан көкөністі, картопты, жарма, қант, күнбағыс майын сатуға «Ертіс» ӘКК-нің өзі де мүдделі болуы керек. Ешкім де қол қусырып отырмауы тиіс. Жаңа жыл қарсаңында бағаны реттеп, халықтың қолын арзан өнімге жеткізуіміз керек. Қала тұрғындарын арзан көкөніс түрлерімен қамти алмаған, бағаның негізсіз өсуіне жол берген Өскемен қаласы әкімінің жұмысы қанағаттанарлықсыз, Семей қаласы әкімінің жұмысы жеткіліксіз деп танылсын. Екі күннің ішінде азық-түлік нарығын реттеп, қымбаттап кеткен өнімдердің бағасын түсіріп, тұрақтандыру қорының өнімдерін жеткізуді жүйелі ұйымдастыруды тапсырамын.

Селекторлық кеңесті облыс Әкімінің орынбасары Семей мен Өскеменге «Екімбаев», «Приречное» шаруа қожалықтарының қоймаларындағы тұрақтандыру қорының өнімдерін күніне 25-30 тоннадан кем емес көлемде жеткізіп тұру керектігімен қорытындылады. Әйтпесе, базарлар мен дүкендердегі қымбат көкөністердің бағасын түсіріп, елді арзан өнімдермен толық қамту мүмкін емес. Қала әкімдері мен өнеркәсіп және кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы басқармалары мен бөлімдерінің, өзге да жауапты органдардың басшыларына екі күннің ішінде бей-берекет кеткен азық-түліктің бағасын реттеуге тапсырма берілді.

Тұрақтандыру қорының өнімдерін жеткізуші оператор «Шығыс самғаудың» қолда бар бес көлігі көкөністер мен жарма түрлерін үздіксіз тасымалдап тұруға жетпейтін де көрінеді. Алдағы уақытта өнімдерді тасымалдауға ірі сауда орындарының көліктері де пайдаланылмақ.

Жанар Мұқатай

Мәлімет көзі: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив