KZ
Өскемен
+4°
переменная облачность жел 7 м/с, ОШ
447.89 476.78 4.79

Қарлығаш

10.05.2012, 18:00 375


Қарлығаш — адамның досы, жанашыры, қай кезде де қамқор боп жүретін адал құс. «Қарлығаштай өртіме қанатымен су сепкен» деген теңеудің айтылуы да бекер емес. Қарлығаш әдеміліктің де символы.

«Қасың бар қанатындай қарлығаштың,
Болсайшы бәрі сендей қарындастың»
деген қара өлең — соның дәлелі.
Қазақ баласы қарлығаштың ұясын бұзбайды. Талантты жазушымыз Тынымбай Нұрмағанбетов өзінің бір кітабын «Қарлығаштың ұясы» деп атаған. Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев:

Қарлығашым, келдің бе, қаршығадан саумысың,
Аман-есен жеттің бе, айыр құйрық нау құсым.
Оралдың ба, тағы да өзің өскен ұяға,
Оралдың ба, сүйіктім, екеуің де бармысың.
Қарлығашым, бұл қалай, қайда кеткен серігің?
Зияны жоқ зиялым, өкпелетті сені кім? —
деп жырлағанда, сыңарын жоғалтқан қамкөңіл құсты жарынан айырған жесір келіншектей аяйсыз.
Академик Ахмет Жұбановтың «Қарлы-ғаш» атты әні әлі күнге әуезділігін жойған жоқ. Осы әннің желісімен «Абай» операсында алғаш рет қойылған «Қарлығаш» атты ұлттық би де ұлтымыздың рухани байлығы боп саналып келеді.
Ақ тамақ, қиылған қас, жазық маңдай,
Әдемі ақша бетің жауған қардай, қарлығаш.
Жайдары еркелеген жарқын мінез,
Жарқ етсең жадыратар жаққан шамдай, қарлығаш.

Мұнда да ұлы композитор сұлу қызды қарлығашқа теңеген, сөзбен, әуенмен қар-лығаш құсты көзге елестете отырып, сүйген жардың суретін салады.

«Қарлығаш — әннің аты» дейді Ахаң. Анығында қазақ қыздарының арасында ең көп кездесетін есімнің бірі — Қарлығаш. Қарлығаш — қыздың аты. Тіпті, қазақ арасында «Аққу» деп те ат қою сирек, «Лашын», «Үкі», «Торғай» жоқтың қасы. Ал «Қарлығаш» көп. Қарлығаш — қадым замандардан-ақ адамзаттың айнымас серігіне айналған санаулы құстардың бірі болса керек.

Аспаннан түскен төрт кітаптың қай-қайсысында да қайталанатын әфсаналардың бірі – жер бетін топан су басқанда Нұх пайғамбардың кемеге мініп қашатыны туралы жыр. Қазығұртқа (Жиддаға, Сүлеймен тауға, Араратқа, Маңғыстауға, т.б.) келіп тоқтаған кеменің үстіңгі қақпағын ашып, «Ал, барып, біліп келші, жер құрғады ма екен, топан басылды ма екен?» деп ұшыратын құс, әлбетте, көгершін. Сол көгершін тағы бір рауятта қарлығаш болады.

Одан беріде Рабғузидің «Кисас — ул Әнбиясындағы» «Нұх алайхис салам хикаяларында» топан су қақпақыл қылған кеменің ішіндегі ахуал баяндалады емес пе?! Тесіктен су кіріп, кеме қарық болуға айналғанда жылан «мен бұл суды тоқтатамын, тек ненің еті тәтті болса, соны беріңіз» деп қолқа салады. Амалдың жоқтығынан Нұх нәби мақұл дейді де, араға «Бар, әр нәрсенің етін татып көр, қайсысы тәтті болса, жыланға берейік» дейді. Ара ұшып кетіп, адамның еті тәттілігін айтпақ боп келе жатқанда алдынан қарлығаш шығып, жөн сұрайды. Ара білгенін айтады. «Кәне, тіліңді көрсетші» дейді қарлығаш. Ара аузын аша бергенде қарлығаш оның тілін суырып алады. Екі ортада мылқау боп қалған сорлының ызыңын ешкім түсінбейді. «Мен білсем, бұл бақаның еті тәтті деп тұр» дейді Қарлығаш тілмаш боп. Жыланның бақа жейтіні, араның сақау боп ызыңдап қалғаны содан, ал адам баласын ажалдан құтқарған қарлығаш содан бері қарындастай қадірлі бопты дейді аңыз.

Қазақтың қабырғалы биі Төле би Әлібекұлы (1663—1756 жж.) Ташкенттегі Шайхантауыр қабірстанында жерленгені белгілі. Зираты Жүніс ханның қабірімен іргелес. Бұл баяғы түбін қусаңыз Захеридин Мұхамед Бабурдың нағашысы боп келетін Жүніс хан. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары сол Жүніс хан зиратында Мұхамед Салы деген Ташкенттің өзбегі шырақшы болды. Балалары арғы Жизақ облысы Мырзашөл ауданында жер жаңғақ егіп, диқаншылық қылатын. Ол жылдары біз жұмыс бабымен Ташкентке жиі қатынаушы едік. Барған сайын Төле бидің басына соғамыз. «Неге жиі келесіз?» деп сұрады, бірде Мұхамед Салы-ака . «Мынау жатқан кісі - біздің бабамыз. Біздер, қазақтар, қайда жүрсек те әруақ аттамаймыз» дейміз біз жай-жапсарды ұқтырып. Сол шал «Аждодларымыз (ата-бабаларымыз дегені) қозақ болған екен» дейтін, «Демек, қазақсыз ғой» дейміз тақымдап. «Һа, енді қанақа тапауаты (не айырмашылығы дегені) бар» дейді шал бұлаң құйрыққа салып. Бар бол, бар болғыр. Өзбек боп кеткен қазақтарды тек Ташкентте емес, Самарқан, Жизақ, Сырдария, Бұхара маңында да кездестіруші едік. Олар ата тегін ұмытқан, тілін де білмейді. Екі ағайынды жігіт бір-бірімен құда боп қыз алысып, қыз беріседі. Және мұнысын «Пайғамбардан қалған жол» деп дұрыс санайды. Өзбектерде біздің ел секілді жеті атасын білу дәстүрі сақталмаған. Әрі кетсе үш-төрт атасын ғана біледі. Білмедің деп және ешкім сөкпейді. Әңгімеден әңгіме шығып, шырақшы шал Қолдирғоч би (Қарлығаш би дегені, яки, Төле би) туралы мынадай әңгіме айтып берді. «Бұ қазақ отав (киіз үйді өзбектер отау дейді) тігіп, дашта (далада, жайлауда дегені) көшіп жүреді екен. Бірде қалмақтар ғұжым (шабуыл, соғыс) қып, ел тауға қарай қаша көшеді. Фақат (тек қана, жалғыз) Қолдирғоч би көшпейді. Қалмақтың Зайсаны кеп «Елің безіп кетті, сен неге қашпадың?» деп сұраса, төрде төбедей боп отырған би қамшысымен шаңырақты нұсқайды. Қараса, бір қарлығаш балапандарына жем тасып жүр екен. Балапандар қара қанаттанғанша ешқайда табан аудармаймын дегенді үнсіз ұқтырған бидің қасиетті кісі екенін түсінген Зайсан қалмақ та болса, аттан түсіп, қол қусырып сәлем береді. Содан бері ол ел арасында «Қарлығаш би» атанып, хазірет Юнусхан қабірстанында дафн (жерлеу) мәртебесіне ие болған екен».
Мұхамед Салы ақсақалдың әңгімесін осылай тәржімалаған оң болар деп ойлаймыз.

Санкт-Петербургтегі Эрмитажда біздің заманымызға дейінгі жүздеген жылдар бұрын қашалған құмыралар залы бар. Сол құмыралардың бірінің бүйірінде туған жерге оралған қарлығашты жүрегі жарылардай қуана қарсы алып тұрған кішкентай бала мен сәби қыздың бейнесі қашалған. Қарлығаштың оралуы — қай заманда да көктемнің оралуы, жақсылықтың, жылылықтың, құт-береке, той-думанның оралуы. Көне Мысыр мифологиясында Исида сұлу ел шеті қиянда қапияда қаза болған жарын іздеуге шыққанда құдайдың құдіретімен қарлығашқа айналып, самғай жөнеледі.

Христиан әлемі оны хазірет Исамен байланыстырады. Иса пайғамбар Понти Пилат өмірімен айқыш ағашқа таңылып, аяқ-қолына шеге қағылып өлтірілетінін білеміз. Сол кезде қандықол Рим жендетінің бірде шегесін ала қашып, бірде балғасын қағып тастап, Иса алайһис-саламның қазасын кешіктірген қасиетті құс – Қарлығаш еді дейді.

Латыштардың аңызы бұдан да әдемі. Адамзат адамзат боп, жер бітіп, су аққанда құдай қаһарына мініп, жанды-жансыздың бәрін жазалай бастайды. Жер бетін қалың қар басып, көк мұз қатады, аяз тұрып, боран соғады. Сол кезде Адам баласына жаны ашып, құдайдың ошағынан от ұрлап әкеліп, алғаш алау жаққан осы қарлығаш еді дейді латыш ауыз әдебиеті.

Қарлығаш кеш келіп, ерте қайтады. Кеш келетіні – ол негізінен шыбын-шіркеймен қоректенеді. Жемтігін ұшып бара жатып қағып жейді, суды да солай ішеді.

Ал шыбын-шіркей қар ерісімен бірден шыға қоймайды. Жер дүние жасыл желекке бөленген соң ғана шығады. Ерте кететіні де қорегіне байланысты. Күн суыта құрт-құмырсқа, маса-сона азаятыны белгілі. Ұясын көбінесе үйдің маңдайшасына, қораның бел ағашына салады. Адамға үйірсек. Сүйкімді. Оның өзге құстардың ешқайсысына ұқсамайтын өз «әні» бар. Құлаққа жағымды. Рас, соңғы бес-алты жылда оңтүстік аймақтарда, әсіресе, Алматы және оған жапсарлас елді мекендерге қарлығаш аз келетін боп жүр, кей жылдары мүлде көрінбейді. Бірінші себебі – экология, адамдардың қатыгезденіп, жан-жағын орман-тоғай, от-су, тау-тас демей иемденіп, игеріп, опырып-жапырып бара жатқаны болса керек. Халық арасында айтылатын әңгіменің бірі – қарлығаштың бұзық ниетті, арам ойлы адамдардың үйіне ұя салмайтыны.

Қарлығаш

Еуропа ғалымдарының арасында қарлығаштың қадір-қасиетін халыққа алғаш рет ғылыми тұрғыдан түсіндірген А.Брэм болды. Христиандар арасында, әсіресе, дін өкілдері қорқытқан адам сенбес аңыздарға алғаш тойтарыс берген де А.Брэм еді.

А.Брэм қарлығаштың, ең біріншіден, көрегендігіне назар аударды. Аспанда ұшып жүріп, қанша қашықтықта болса да қорегін анық көретінін жазады. Ұшып бара жатып қиядағыны қағып түсетін алғырлығына сүйсінесіз де, шөп басында отырған маса-сонаны ұстай алмайтын қопалдығына таңғаласыз. Сондықтан болар, қарлығаш күн жауарда, не бұлтты күндері әрі ұшып, бері ұшып шыбын-шіркейді үркітеді, үріккен шіркей көтеріле бергенде қағып түседі.

Ол көкек, бұлбұлмен қатар мамырда келеді. Халық аңызында мамырдың басында мамыражай түндер болады. Сондай құлаққа ұрған танадай тып-тыныш кештердің бірінде кенет көкек шақырады, бұл оның «менімен бірге қарлығаш та келді» деп хабар айтқаны көрінеді.

Келе салысымен қарлығаш ұя сала бас-тайды. Ұзамай 4—6 ақ шұбар жұмыртқа туады.

Екінші рет тамыздың басында жұмыртқалайды. Балапандары 14—16 күнде қанаттанады.

Ұясы демекші, көбіне қалада жүретін қысқа құйрық ақтөс қарлығаштар жып-жылтыр бетон қабырғаға қалай ұя салады, оны қалай, немен, қайтып бекітетіні – түсініксіз. Айыр құйрық қарлығаш та ұя салуға шебер. Ұясын еркегі мен ұрғашысы қызғыштай қориды. Жұмыртқаны да екеуі алма-кезек басады. Нағыз тату отбасы деп қарлығашты айтса керек.

«Қарлығаш оба тараған жерге келмейді. Оба, тырысқақ, шешек, безгек секілді жұқпалы аурулардың беті қайтып, ел сауыға бастағанын қарлығаштың қайта оралуына қарап білген» дейді орта ғасырлардан келе жатқан аңызда.

Дағыстанда Пудаһар деп аталатын ауыл бар көрінеді. Жау іздеп шыққан жалаңтөс жігіттер көз шырымын алайын деп бір таудың бөктеріне тоқтайды.
Қолындағы желк-желк еткен жасыл туды жерге қадап, ұйқыға бас қойған батырлар таң намаздың кезінде бір-ақ оянады. Оянса, тудың басына қарлығаш ұя салып қойыпты. Жаудан қорықпаған ер жігіттер қасиетті құстың киесінен қорқып, сол жерде тоқтап қалыпты. Егін егіп, мал бағып, түтін түтетіп, жеке ауыл боп шаңырақ көтеріпті.

Қарлығашты ең жақсы көретін елдің бірі – эстондықтар. 1962 жылдан бері бұл елдің ұлттық құсы – қарлығаш. Біз жоғарыда қарлығаштың құйрығы неге айыр екені туралы қазақ ертегісін айттық. Бұл туралы эстон фольклоры не дейді екен, енді соған құлақ түрелік.

Ертеде ажарымен де, айбынымен де, ақылымен де, айласымен де елдің сүйкімдісіне айналған бір жігіт Таллин қаласында тұрыпты. Өзіне лайық ай десе аузы, күн десе көзі бар сүйген қызы болыпты. Екеуі қол ұстасып өзен бойлап қыдырып бара жатқанда жұрт тоқтап қарайды екен, тоқтап тұрған жұрт отырып қарайды екен. Екі жастың бақытын қызғанған Шайтан малғұн өзінің сөзі көп, көзі көк, күлгені жылағандай, жүргені құлағандай албасты қызын сиқырлап жігітке қосады да, жігіттің сүйген аруын қарлығашқа айналдырып жібереді.

Күндер өте береді.

Бір күні жігіт үйленуге бел байлайды.

Дүрілдеп той өтеді. Той үстінде бір қарлығаш дастарқанды қанатымен жапыра жігітке ұмтылады. Жұрт қуып жібереді. Сәлден соң әлгі қарлығаш жігіттің иығына қонып, қалыңдықтың құлағындағы сырғасын тұмсығымен тістеп жұлып алады. Қалыңдық өкіріп жылап жібереді. Тойдың шырқын бұзған құсты қуып тастамақ боп жұрт пышақ, айыр, балта, алып жүгіреді. Өткір балта қарлығаштың құйрығын екі айырып түседі – содан бері оның құйрығы айыр бопты дейді эстон ертегісі.

Енді әр елдің осы құсқа байланысты әртүрлі ырым-жоралғыларына назар аударалық:

Қарлығаш қайтатын кезде қораға қонса, қой егіз туып, ақ мол болады, ал егер үйге қонса, үй-жан басы көбейеді.

Қарлығашқа оқ тимейді.

Қарлығаштың ұясын бұзған баланың көзін дәуіт шұқып тастайды, себебі, дәуіт пен қарлығаш ағайынды.

Қарлығаш та адам секілді топырақтан жаралған, оған тиюге болмайды.

Түсіңе қарлығаш кірсе – бақытқа кенелесің.

Қарлығаш көрсең, қалтаңды қақ – буда-буда ақша түседі.

Бойдақ жігіт түсінде қарлығаш көрсе – сүйгеніне үйленеді.

Көктемде бірінші боп оралған қарлығашты көрген мезет табаныңа қара – егер ақ шаш жабысып тұрса, ақ шашты қызға, қара шаш жабысып тұрса, қара шашты қызға үйленесің.

Қарлығаш ұясын 40 күн бойы салады, оны бұзған адам 40 түрлі пәлеге жолығады.

Көктемде бірінші боп қарлығашты көрген мезет – қара көмірді сындырып бір мысқалын қалтаңа сал. Сол жылы саған бақыт қонады.

Түсіңде өлген қарлығашты көрсең – жақын адамың қайтыс болады. Садақа беруді ұмытпа.

Қарлығаш ұясына оралмаса – сақ болыңдар, сол үйде өрт болуы мүмкін.

Қарлығаш үйді айналып ұшып, ұзамай жүріп алса – сол үйдің қызы ұзамай тұрмысқа шығады.

Ұнатқан қызың меселіңді қайтарып, маңына жолатпай қойса – алтын сақина сатып ал да, тоғыз күн қарлығаштың ұясына салып сақта. Оныншы күні қызға ұсын – құдай тілеуіңді оңғарып, мұратыңа жетесің.

Адам баласы үй салуды қарлығаштан, өрмек тоқуды өрмекшіден үйренген. (Демокрит).

Ол гүлге қонып көкнөрдің сөлін ішеді, мақсаты – іштен соқыр боп туған балаларды зағиптықтан құтқару.

«Сүйер ұлдың аты көп» демекші, қарлығаш туралы аңыз да, ертегі де көп. Ежелгі христиандардың есі дұрыс адам сенбейтін «қарлығаш қыста батпақтың астына кіріп кетіп ұйықтайды екен» деген секілді аңызынан бастап, «қарлығаш жылы жаққа қайтарда тырнаның қанатына отырып немесе дегелектің бауырына жабысып ұшып кетеді екен» дейтін «ғылыми жаңалықтарға» дейінгі аралықта қаншама жыр-дастандар туған. Батыс Украинада оны қыста өзеннің түбіне батып кетіп ұйықтайды дейтін аңыз әлі бар. Қыста қарлығашты сағынсаң, мұзға құлағыңды тос – өзеннің түбінен қарлығаштың даусы естіледі дейді және бір сенім.

Жер бетінде ол туралы аңызы жоқ әдебиет бар ма екен, сірә?

Жер бетінде қарлығашты ұнатпайтын ел бар ма екен, сірә?

Тағы бір аңызда әркімнің өз қарлығашы болады екен. Ол жатсақ-тұрсақ төбемізде айналып, сіз бен бізге саулық тілеп, бәле-жәле, қауіп-қатер, тіл-көзден қорғап жүреді дейді. Адам баласының аңқаулығы сонда – ол өз құсын өмір бойы танымай, таба алмай өтетін көрінеді. Тапса бақытты ғұмыр кешер еді.

Сіз өз қарлығашыңызды таптыңыз ба?

Есенғали Раушанов
Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив