KZ
Өскемен
+15°
облачно с прояснениями жел 2,2 м/с, ОШ
444.79 481.04 4.95

Алып айдынымыздағы балықтар ұсақталып барады

24.04.2012, 18:00 276


Соңғы жылдары республикадағы ең ірі төрт балық шаруашылығы бассейнінің бірі саналатын Зайсан – Ертіс су бассейнінде кездесетін сазан, көксерке, шортан, табан секілді балық түрлерінің азайып әрі ұсақталып кеткендігін су жағалаған жұрт жиі айтуда. Аталған су бассейнінің негізгі қорек көзі болып табылатын Ертіс өзенінің арнасы жағалаудан жылыстай бастағалы бір адам әрең көтеретін сазандар мен қарулы жанның құлашы жетпейтін көксеркелер, шама бермей шоршитын керауыз шортандар ау ішінде кезікпегелі қай заман дейді балықшы қауым. Қара Ертісті айтпағанда, Зайсанның өзінен ірі балық ұстамағалы бірқыдыру заман өтіпті олардың сөзіне сенсек.

Сонау жылдары Ертісте Сібір бекіресі болды дегенге сену тіптен қиын. Сонда алып айдынның иелері қайда кетті? Балықтың бұлайша ұсақталып кетуінің себебі не? Оған себепкер жыл он-екі ай ауларын судан шығармайтын балықшылар ма, әлде, көрші Қытай жерінен ағып келетін су деңгейінің төмендеп кетуі ме? Немесе балықтарды қорғау, шабақтарын өсіру тиісті деңгейде жүргізілмей жатыр ма? Сандаған сауалдарға жауап алу мақсатымен салаға қатысты шаруамен шұғылданатын мамандарды іздеп жолға шықтық.

Алдымен облыс орталығындағы Зайсан – Ертіс облысаралық бассейн-дік балық шаруашылығы мекемесінің мамандарымен жолықтық. Олардың берген мәліметтеріне жүгінер болсақ, өңірдің балық шаруашылығын дамытуға, балық қорын молайтуға негізінен тірек болып тұрған Зайсан көлі, Бұқтырма, Шүлбі, Өскемен су қоймалары сынды ірі айдындар екен. Бұлардан басқа жергілікті дәрежеде саналатын 100 су тоғаны болса, оның 73-і жасанды да, 27-сі табиғи су көздерінен пайда болған.

Жоғарыда аталған Зайсан – Ертіс су бассейнінің негізгі өзегі саналатын трансшекаралық Ертіс өзенінің Қазақстан территориясындағы ұзындығы 1700 шақырымды құраса, ондағы Қазақстан Үкіметінің жыл сайынғы бекітілетін қаулысына сай ауланатын балықтардың түріне табан, көксерке, алабұға, шортан, көкшұбар (рипус), нәлім, сазан, мөңке (карась), аққайран (язь), қарабалық (линь), торта (плотва) жатады екен. Балық ең көп ауланатын Шығыс Қазақстандағы халықаралық деңгейдегі су тоғандарының қатарына Зайсан көлі мен Бұқтырма және Шүлбі су қоймалары кіреді. Осынау су көздерінде балықтың өсіп, жетілуіне мүмкіндіктер жетерлік.

Браконьерлер де бас көтертпейді

Ендеше, осындай ірі айдындарда балықтар неге ұсақталып кетті? Енді соған жауап ізделік. Сұрағымызды мекеменің бақылау және инспекция жұмысы бөлімінің бастығы Талғат Рахымжановқа ба-ғыттадық. Сөйтсек, балықтың бағын байлайтындар, көбінесе, заңсыз балық аулайтындар болып шықты. Мекеме қызметкерлерінің басты міндеттерінің біріне Зайсан – Ертіс бассейнінің балық шаруашылығы су тоғандарындағы балық қорын қорғау мен кәсіптік және әуесқой аулауда балық қорғау заңдылықтарының сақталуына бақылау жасау жатады. Облыс бойынша 41 балық қорын қорғау инспекторы бар. Браконьерлермен үздіксіз күрес жүргізетін де – солар. Инспекциямен өткен жылы бақылауға алынған аумақтарда 4227 рейд жүргізіліп, жедел іс-шаралардың нәтижесінде 1766 балық қорғау заңдылығын бұзушылық ашылған, 1673 құқық бұзушы ұсталған. Екі заң бұзушылыққа қатысты қылмыстық іс қозғалып, 4998 заңсыз қолданылған ау құралы тәркіленген. Оның ішінде ұзындығы 230 шақырымнан асатын құрма аулар, 2602 шаян аулағыш құралдар, қармақтар және 175 заңсыз жүзу құралдары (резеңке, металл, ағаш және моторлы қайықтар) бар. Сонымен қатар құқық бұзушылардан мемлекет пайдасына 3297 келі заңсыз ауланған балық алынған.

Ағымдағы жылы заңсыз балық аулаумен айналысқандарға 10 671 677 теңгенің айыппұлы салынып, 9 652 848 теңге өндірілген.

Заңсыз балық аулауға тосқауыл қоюға, оның ішінде әуеден пат-рульдеуге, айлықтар кезінде бекеттер құруға облыстық ішкі істер департаменті де айтарлықтай қолдау білдіріп отырады екен.

– Заңсыз балық аулаушылардан келетін шығын – қытайлық өндірісте жасалған арзан ау-құралдарды су астында қалдырып кететіндігі. Су астында ұзақ уақыт шірімейтін бұл құралдар су асты тірлігіне елеулі нұсқан келтіреді. Қаншама балықтар мен су жәндіктері ауға оралып қырылады. Бағасы өте арзан бұл аулар браконьерлерге өте қолжетімді. Осы ауларды Үкімет тарапынан сауда орындарында сатпайтындай етіп шектеу қоятын заң қабылданса, – дейді Талғат Рахымжанов.

Шабақтарды шақ келтірмейтін шаяндар екен

Балықтың азайып кетуінің тағы бір себебі бар екен. Ол – кәдімгі су шаяндары. Балықтың шабағын «қынадай қырып», уылдырығын «уыстай жейтін», пайдасынан зияны көп су жәндігі сол шаян болып шықты. Шаян да мемлекеттен лимит бөлініп, арнайы ауланатын болса да су әлеміне шақырусыз келген қонақ саналады. Өзен-көлдерді мекен етіп, өте жылдам өсетін шаяндардың ұсақ шабақтар мен уылдырықтар ең жеңсік асы. Соңғы жылдарда облыстың ірі су қоймаларында тым көбейіп кеткен шаяндар ауласа да азаймай, балық қорының көбеюіне айтарлықтай зиянын келтіріп жатыр. Тіпті, ауға түсіп қалған үлкен балықтың өзін санаулы минуттарда паршалап тастайды екен. Аудағы балықтар дер кезінде шығарылмаса, шаяндар аралап өткесін, тауарлық түрін жоғалтып, жарамсыз болып қалады. Мәселен, уылдырық шашқан балық күнге қыздырынып, орнынан қозғалмай жатып демалуға тиіс. Шаяндардың күтетіні де осы кез. Шабуыл балыққа да, оның ұрпағына да жасалатыны өкінішті. Шаянның қауіптілігі браконьерлерден кейінгі орынды алады дегенді айтады мамандар. Олар шаяндарды аулауға бөлінетін лимиттің аздығын, инс-пекция тарапынан соны көбейтуге қадамдар жасалып жатқандығын алға тартады.

Сібір бекіресі қайта оралатын болды

Ал сонымен арман болған «алып» балықтардың қорын қалпына келтіру мақсатында тиісті мекеме тарапынан қандай шаралар атқарылуда? Мамандар сөзіне құлақ түрелік.

Зайсан – Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы мекемесінің бастығы Мәулен Қанатбаевтың айтуынша, балық қорын азайтпай ұстап тұруда біраз шаруалар атқарылыпты. Мәселен, 2010 жылы мемлекеттік тапсырыс-ты орындау мақсатында «БНВХ» ЖШС орташа салмағы 150 грамм болатын 300 мың дарақ екі жасар карптарды Бұқтырма су қоймасына жіберген. Оған 7560 мың теңге қаржы жұмсалған. Жұмыстар мемлекеттік балық қорғау инспекторларының және Күршім аудандық әкімдігінің тікелей бақылауымен жүзеге асырылған.

2008 – 2011 жылдар аралығында Зайсан көлін, Бұқтырма, Шүлбі су қоймаларын және Ертіс өзенін пайдаланушылар міндеттелген келісім-шарттар аясында 15 млн. теңгеден астам өз қаржыларына 685 497 дарақ жас балықтарды суға жіберіпті.

Сонымен қатар мақаламыздың басында айтылған Сібір бекіресін көбейтуге де бетбұрыс бар көрінеді. Мұндағы мамандардың ықпал етуімен Ертіс өзенінің Павлодар облысына қарасты тұсында «Восток-Аквакультура» ЖШС орташа салмақтары 800 грамм тартатын жас Сібір бекіресінің 1000 дарағын суға жіберген. Олар біздегі Шүлбі су электр стансасына дейін жүзіп келе алады.

Бұдан басқа инспекция мамандарымен аэрация (қыс кезінде мұзды ойып, қамыс түтікшелер арқылы балықтарға ауа жіберу), өсіп кеткен өсімдіктерді шабу, көлден бөлініп, суы құрғап бара жатқан көлшіктерден балықтарды құтқару жұмыстары жүргізіліп тұрады. Мұның бәрі саланың ертеңгі болашағының қамы екені сөзсіз.

Шаруашылықты дамытудың жолдары бар

Балық аулаудың ескірген нормативтері, тоғандарға адамзат әсерінің артуы, тұрақсыз су режимі, білікті кадрлардың аздығы, балық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасының әлсіздігі, осының бәрі – өңірдің балық шаруашылығындағы оң шешімін табуды қажет ететін шаруалар. Бірінші рет өңірдегі балық ресурс-тарын сақтау бағытында Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасындағы көктемгі балық аулауға шектеу мерзімін 30 күннен 45 күнге дейін ұзартуға ұсыныс жасалған. Биыл алғаш рет тәжірибеге енбек. Мұның өзі уылдырықтың көбірек шашылып, жас шабақтардың көбеюіне, болашақ балық қорының молаюына бірден-бір қадам. Тағы бір тың бастама – саланың ғалымдарымен бірлесе отырып құрма ауларды қолдануға мораторий жариялауға ұсыныс жасалғаны болды. Соған сәйкес келер жылдың 1-қаңтарынан бастап Зайсан көлінде жаз айларынан басқа уақыттарда әлгі ауларды құруға ты-йым салынатын болады.

Тағы бір келелі мәселе – Ертіс өзеніндегі су режимінің көп ретте қолмен басқарылуы, ондағы уылдырық шашылатын алаңдарға және балықтың барлық түрінің өсіп, жетілуіне айтарлықтай кедергісін келтіруі. Сондықтан Қара Ертістің аңғарлары, Солтүстік-батыс балық аулауға тыйым салынған аймағы және Тораңғы бұғазы жыл көлемінде балық аулауға шек қойылған аумақтарға жатқызылған. Бұл жерлердегі 2008 жылғы жағдайлар қайталанбауы үшін бұғазды тереңдету, Күршім өзенінен Бұқтырма су қоймасының Тораңғы бұғазына су ағып келетін Суағар каналын тазалау жұмыстары қолға алынуда. Бұл өз кезегінде бұғазды құрғатпай, балықтың уылдырық шашып, серуен құратын алаңының сақталуына мүмкіндік бермек.

Алып айдынымыздағы балықтар ұсақталып барадыӨңірдегі үш ірі – Бұқтырма, Шүлбі, Өскемен су электр стансаларының жұмысы да балық қорының толығуына мүмкіндік бермеуде. Судың қысымының ауытқуынан және плотина қақпасынан өткенде балықтар мен олар қоректенетін ұсақ ағзалар соғылып, жарақат алып, дені қырылып қалады екен. Сондықтан олардың иелерін келген шығынның орнын толтыруға қаржы бөлуге міндеттеу туралы мәселе көтерген орынды. Әуеден тікұшақпен шолу жасаған да инспекторлар үшін аса тиімді. 2010 жылы бірнеше ұшу ұйымдастырылса, былтыр бір рет қана әуеден бақылау жасалған. Соның өзі аулауға тыйым салынған кездегі балық қорғауға үлкен көмегін тигізіпті. Осы жұмыстарды жалғастыруға жылына 10 сағатқа дейін ұшуға қаржы болса деген ұсыныс білдіреді мамандар.

P.S. Осы сапардан ойға мықтап түйіп қайтқанымыз, саланың салы суға кетіп тұрған жоқ екен. Балық шаруашылығын алға бастыруда бірқыдыру шаралар атқарылыпты. Ендігі міндет – республикада балық аулаудан және оның қоры жөнінен алдыңғы үштікке кіретін өңірдегі аталған саланы қайраңдатып алмау. Осы салада туризмді өркендету. Балық саласы мамандарын даярлайтын орта кәсіптік не жоғары оқу орындарын ашуға бетбұрыс жасау. Осы шаруалар оңды шешімін табар болса, балық шаруашылығының болашағы зор болары даусыз.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив