KZ
Өскемен
+19°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, Ю
448.89 477.93 4.76

Құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын ширату қажет

27.03.2012, 18:00 127


Облыс Әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің мәжілісі болып өтті.

Жол сақшыларына жұрт наразы

Аймақ басшысы атап өткендей, қолға алынған шара-ларға қарамастан қылмысты азайту мүмкін болмай отыр. Өткен жылдың соңы мен осы жылдың басында қылмыс көбейе түскен. Бұл үрдісті тежеу үшін құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын ширату қажет.
Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Рашид Жақыпов сыбайлас жемқорлыққа байланысты заң бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді. Ол басқа құқық қор-ғау органдарымен ынтымақтаса қызмет етуге ерекше көңіл аударды. Рашид Жақыпов былтыр полицейлердің үстінен бірнеше жүз шағым кеп түскенін атап көрсетті. Заң бұзған полиция қызметкерлері қызметтен босатылған, не болмаса тәртіптік жазаға тартылған. Арыздар негізінен жол және көші-қон полициясының қызметкерлеріне көптеп түседі екен. Осыған орай аталмыш бөлімшелер айрықша бақылауға алыныпты.

Ішкі істер органдарына қызметкерлерді конкурстық іріктеу арқылы қабылдау да бұл мәселені шешуі тиіс. Үміткерлер енді моральдық-этикалық тұрғыдан да тек-серуден өтетін болады. Оның үстіне бүгінде департамент кадрлық қызметті жетілдіру, полицейлердің кәсіби біліктілігін арттыру бойынша нақты жұмыстар атқаруда.

Қазіргі кезде Елбасы тапсырмасына сай жеке құрамды аттестациядан өткізуге дайындық жүріп жатыр, осының арқасында бойкүйездікке бой алдырған қызметкерлер полиция қатарынан аластатылмақ.

Құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын ширату қажетРашид Жақыпов полицияның өз ішіндегі жемқорлықты анықтау жұмыстары жалғасатынын қадап айтты. Дей тұрғанмен, заң бұзатын қызметкерлер көбеймесе, азайған емес. Мәселен, Аягөз және Жарма аудандарында полицейлер автокөліктерді заңсыз тіркеу бойынша ондаған коррупциялық қылмыс жасаған.

Жол полициясы қызметкерлерінің таса жерлерге тығылып алып, автокөліктерге бақылау жасау сияқты со-рақы қылықтары да көпшіліктің наразылығын туғызуда.

– Жол полициясы қалтарыстар мен ағаштардың арасына жасырынуын доғаруы қажет! Тәртіп сақшысы жол бойында көрініп тұруы тиіс! – деді бұл жайтқа қатысты аймақ басшысы.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ полиция құрамындағы бос орындар, ашылмаған қылмыстық істер, есірткі саудасымен күрес және өзге де мәселелермен қатар учаскелік инспекторларға қатысты қандай проблемалар бар екенін, олардың қаншалықты жарақталғанын сұра-ды. Рашид Жақыповтың айтуына қарағанда, осы жылы учаскелік инспекторларды автокөліктермен жүз пайыз қамтамасыз ету жоспарланып отыр, қазіргі кезде бұл көр-сеткіш 94 пайызды құрайды.

– Мемлекет полицейлердің қалыпты жұмыс істеулеріне қажетті барлық жағдайларды жасауда, ендеше оларға қойылатын талап та тиісті деңгейде болуы керек, – деп атап өтті осы ретте аймақ басшысы.

Мектептерде ақша жинау әлі тыйылмай отыр


Сыбайлас жемқорлыққа қар-сы күрес туралы келесі кезекте облыстық білім басқармасының бастығы Мәдениет Ахметова сөз алды. Ол облыс бойынша нақты фактілерді, сала қызметкерлері қашан және не үшін қылмыстық жауапқа тартылғанын атап өтті. Облыс Әкімі алдағы уақытта сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң бұзған қызметкерлер туралы баспасөз беттерінде жазып, оларға қатал шаралар қолдану қажет екенін қадап айтты.

Өкінішке қарай, білім беру ме-кемелерінде, әсіресе Өскемен мен Семейдегі мектептерде оқушылар-дың ата-аналарынан ақша жинау фактілері жиі кездесіп тұрады. Бұл бейбастақтықты тыю қажет-ақ, десек те, осы жайттарға қоғамдық ұйымдар көз жұма қарап отыр.

Мәжілісте, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық мәселесі бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі облыстық департамент-тің бастығы Бәделхан Қамалхан-ұлы баяндама жасады. Ол соңғы үш жылда облыс бойынша 400-ден астам коррупциялық қылмыс анықталғанын мәлім етті. Облыс-тағы қаржы полициясы жетекші-сінің ойынша, жемқорлыққа қар-сы түрлі шаралар қабылдануда, бірақ жеткіліксіз. Барлық мемлекеттік органдар үйлесе жұмыс істегенде ғана жағдайды оңалтуға болады.

Аймақ басшысы ведомство-аралық комиссия мүшелерінің ұсыныс-пікірлерін қабылдап, қала-лар мен аудандар әкімдеріне, мемлекеттік органдар басшыларына 2011 – 2015 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасын іске асыру бойынша түбегейлі іс-шаралар қабылдауды ұсынды. Бұл үшін тоқсан сайын құрылымдық бөлімше жетекшілерінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары туралы есептерін тыңдау, коррупциялық құқық бұзушылықтарға талдау жүргізу, мемлекеттік қызметшілер жұмы-сындағы жауапкершілікті арттыру, мемлекеттік қызметке қабыл-данатын кандидаттарды іріктеудің сапасын көтеру қажет.

Білім саласының қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңнаманы түсіндіру жұмыстарын жалғастыру, коррупция-ға қарсы дүниетанымды қалып-тастыру мәселесіне ұдайы көңіл бөлу, қаржы полициясына және прокуратураға облыстың барлық мемлекеттік органдарымен бірге коррупциялық қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ, аталған тақырыпта жиындар өткізу, пара алушылықты азайту мақсатында мемлекеттік органдардың рұқсат беру қызметтерін қысқарту бойынша заңнамаға ұсыныстар әзірлеу, мемлекеттік бағдарламалар ая-сында салынып жатқан құрылыс нысандарында қаржының жұмсалуы мен жөндеу жұмыстарының орындалуын бақылауға алу үшін партиялық бекеттерді орнату ұсынылды.

– Ең бастысы – қоғам өкіл-дерін тарта отырып, сыбайлас жемқорлық әрекеттердің алдын алу, – деп түйіндеді қарастырылған мәселені облыс Әкімі.

Ерікті халық жасақтарын қайта түлету қажет

Екінші мәселе – құқық бұзушылықтың алдын алуға жұртшылықты тарту ісіне ерекше назар аударылды. Рашид Жақыповтың
айтуынша, бізде тонау мен бұзақылық санының өсуі байқалса да ерікті халық жасақтарының бекеттері жұмыс істейтін аумақ-тарда қылмыс мүлдем дерлік тіркелмейді. Жуырда полиция бөлімшесі ашылған Согра кентінде заң бұзушылық азайған. Зырян және Үржар аудандарында да оң өзгерістер бар, оларда кәсіпорындар мен білім беру мекемелерінің жұмысшыларынан жасақталған еріктілер жұмысы жандана бастапты.

Ал Семей қаласында, Абай, Катонқарағай, Аягөз аудандарында жасақтар мүлдем жоқ. Аталмыш өңірлерде қылмыс та өршіп тұр. Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы атап өткендей, осы аумақтарда шешілмеген мәселелер шаш етектен, мұны Семейдің әкімі Айбек Кәрімов те растап отыр. Айталық, ағымдағы жылдың екі айында бұл аудандарда 950 қылмыс жасалған. Қалаларда тонау мен бұзақылық, ал ауылдық аймақ-тарда негізінен мал ұрлығы тіркелуде. Барымташылармен кү-реске 27 елді мекенде полицияға жәрдемдесетін «Сарбаз» жасақтары құрылған.

Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алуда да мәселелер жетерлік. Рашид Жақыповтың пайымынша, білім басқармасымен тығыз ынтымақтастық орнатып, жұмысқа «Жас Отан» жастар қанатының мүшелерін тарту қажет.

Құқық бұзушылықтың жолын кесу үшін полицияның учаскелік бекеттері жанындағы қоғамдық кеңестердің жұмысына да ерекше көңіл аударылды. Қазіргі кезде 230 бекетте ондай кеңестер жұмыс істеп тұр.

Ерікті халық жасақшыларына байланысты айтар болсақ, қазір еліміздің Ішкі істер министрлігі жасақтардың жұмысына қатысты заңнамаларға өзгерістерді әзірлеп жатыр. Жасақшылар ішкі істер қызметкерлері сияқты әлеуметтік тұрғыда сақтандырылуы тиіс, ал олардың жұмыстары мадақталып, еңбек демалыстарына қосымша күндер қосылуы керек. Кейбір кәсіпорындар бұл бастамаға үн қатып, қосымша түрде жасақшы болып істейтін жұмысшыларына барлық қажетті төлемдерді жүргізіп келеді.

Құрама жасақ командирі Александр Цибулин 320 халық жасақшысының жұмысы, олардың ішкі істер органдарына жәрдемі, құқық бұзушылықтың жолын кесу фактілері туралы айтып берді. Атап өтерлік жайт, осы жерде ерекше көзге түскен екі жас – Назерке Топпаева мен Анатолий Лафти қоғамдық тәртіп күзетіне атсалысып, қылмыскерлерді құрықтауға көмектескендері үшін заттай және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша аймақ басшысы қала-аудан әкімдеріне, ішкі істер департаменті және өзге де мемлекеттік органдарға бірқатар ұсыныстар білдірді. Атап айтсақ, 2011–2013 жылдарға арналған құқық бұзушылықтың алдын алу бағдарламасын жүзеге асыру, ірі ұйым-кәсіпорындарда, саяжай бірлестіктерінде, ауылдық жерлерде халық жасақтарын қайта түлетіп, оларды моральдық және материалдық тұрғыда ынталандыру және тағы басқалар.

– Қоғамдық тәртіп пен тыныштық, саяси тұрақтылық мәселелерімен біз бірлесе отырып айналысуымыз қажет, – деп жиынды облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қорытындылады.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив