KZ
Өскемен
+23°
переменная облачность жел 3 м/с, ОШ
478.58 520.84 5.44

Шығыстағы қазба байлықты заңсыз іздеушілерді қалай тоқтатуға болады?

5.12.2022, 18:00 749 Мадина Амангелдіқызы

ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, құзіретті органдардың басшылары, мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділерінің қатысуымен «Amanat» партиясының алаңында өткен  жиында жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларды қалай ауыздықтауға болады деген мәселе тікелей көтерілді.

Шығыста, әсіресе, алтын іздеушілердің тым еркінсіп, тұнық өзен-бұлақтарымызды лайлап, тұрғындардың жайылымына дейін жыртып, тас-талқанын шығарғаны туралы талай жазылған-ды. Экологияға жер қойнауын заңсыз пайдаланушылардың келтіретін зияны шашетектен, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Облыстың сыбайлас жемқорлықпен күрескерлерінің талдаулары бойынша, оған лицензиядан кейінгі бақылаудың болмауы, заңсыз өндірілген пайдалы қазбаларды өткізу және олардың нарықтық құны бойынша дәлелдемелердің жоқтығы, заңсыз өндіру үшін салынатын айыппұлдардың мардымсыздығы, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның  жер қойнауы ресурстарына келтірілген залалды есептеуге құзыретінің болмауы сияқты бірнеше себеп бар екен.

ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Марат Қабақовтың айтуынша, қазір облыс бойынша жер қойнауын барлау үшін 53 лицензия берілген, олардың 42-сі Күршім ауданында жүргізіліп жатыр.
Лицензия үш жылға беріледі, бір рет тағы үш жылға созуға болады екен.Прокуратураның ұсынысымен төрт лицензия қайтарылып алыныпты. Бұл жерде барлауға лицензия алған төрт азамат Хван деген тағы бір азаматпен бірлесіп жұмыс істеуге келісімшартқа отырған. Олар Қалжыр өзенінің бойында ауыр техниканы қолданып, табиғатқа орасан зор нұқсан келтірген.  Заң бойынша жеке тұлға лицензиясын басқа адамға бере алмайды және жұмыстарында ауыр техниканы экологиялық қорытынды болған кезде ғана қолдана алады. Жоғарыдағы азаматтар осы екі талапты өрескел бұзған. Жер қойнауын пайдалануға рұқсат алғандардың барлығы 30 қаңтарға дейін алған қазба байлықтарының көлемі бойынша есеп беруге тиіс. Осы жерде бір гәп бар. Алтын іздеушілердің барлығы нөлдік есеп береді! Бұл дегеніміз ештеңе табылмады деген сөз.   

- Заң бойынша алтын өндірушілерден алдын ала барлау қорытындысы, көлемі  талап етілмегендіктен,  олардың есептерінің қаншалықты шындық екенін біз тексере алмаймыз. Ал нөлдік есеп үшін олар ешқандай жауапкершілікке тартылмайды, - дейді Марат Саятұлы.


Жер қойнауын қопарып, қазба байлықтарын алуға лицензия алу үшін  бар болғаны екі-ақ құжаттың, яғни өтініш пен қазба жұмысы жүргізілетін жердің иесінің келісімі болса жеткілікті екен. Көріп отырғанымыздай, алтын іздеушілерден ол жерде алтын бар ма, жоқ па деген алдын ала барлау жұмыстарының қорытындысы мүлде талап етілмейді. Заңдағы осындай олқылықтардың кесірінен кез келген заңды тұлға болсын, жеке азаматтар болсын жерімізді аяусыз жыртып, тау-тасын қопарып, көк майсасын жапырып, тас-талқанын шығарып жүр.  Әрине, олардың ешқандай барлаусыз алтын іздеулері мүмкін емес. Алайда заң оны талап етпегеннен кейін, тексерушілердің де қолдары байлаулы.

-Жоғарыда айттым ғой, лицензияға жер иесінің келісімі керек деп. Егер бізге ондай келісім әкелмесе, онда алтын қазушы ол аумаққа барған жоқ деп автоматты түрде есептеледі. Ал шын мәнінде олар ешкімнің рұқсатынсыз-ақ сол жерге барып, қазып жатқан шығар, алдын-ала барлау қорытындысы да бар оларда, бірақ оны біз тексере алмаймыз. Бізде бар болғаны екі-ақ маман бар, олардың лицензия алған 53 адамның әрқайсысының соңынан жүріп, қазып жатқан жерлерін тексеруге ешқандай мүмкіндіктері жоқ. Оның үстіне өндірушілердің қазба жұмыстарын бастайтын мерзімдері де нақты бекітілмеген. Таулы аймақтарға баратын көлігіміз де жоқ. Әрқайсысына тиісті бес гектар жерді жаяу аралай ма? Әуеден дронмен бақылауға болады, бірақ бізде ондай замануи құралдар да жоқ. Осының барлығы жұмысымызға кедергі келтіреді, - деп жалғастырды басқарма басшысының орынбасары.


Заң бойынша, алтын қазушылар банкке өздері табиғатқа келтірген зиянды жоюға жұмсайтын белгілі бір мөлшерде қаражат салуы керек. Бұл қаржыны басқа мақсатқа пайдалана алмайды. Дегенмен заңда бұл қаражатты салу мерзімі де айқындалмаған. Сондықтан лицензияға қолы жеткен алтын іздеушілердің бұл талапты орындаған-орындамағанын тексеру тағы да мүмкін емес.

-Біз тек фактілермен жұмыс істейміз.  Лицензияны берген соң, олар заң талаптарын қаншалықты орындап жатқандарын, лицензиясын алып қоюға негіздердің бар-жоғын ғана тексеруге барамыз. Лицензияны қайтарып алуға күшіне енген сот шешімі,  ауыр техниканы қолдану, тыйым салынған химиялық реагенттерді пайдалану негіз бола алады, - деп түсіндірді Марат Қабақов.


 

Нөлдік есеп

Өңіріміздің шұрайлы жерін қопарып жүрген алтын іздеушілердің нөлдік есебі дегеніміз олардың табиғатқа келтірген нұқсанына ешқандай жауапкершілік арқаламайтынын, мемлекеттің қазынасына ешқандай салық төлемейтінін көрсетеді.

-Осы туралы біз министрлікке хат та жолдадық. Халықаралық тәжірибеге сүйенбей-ақ, өзіміздің қолданыстағы заңнамаларға жүгінсек, көмір, басқа да қатты заттарды өндірушілерден барлау құжаттары талап етіледі. Ол құжатта сол жердегі қазба байлықтың көлемі көрсетіледі. Бұл құжатты арнайы лицензиясы бар компания тексеріп, оны растайды. Өндіруші құжатта бекітілген көлемнің ең төменгі мөлшерінде есеп беруге тиіс. Егер ол осы ең төменгі мөлшер бойынша да есеп бермесе, онда біз қазба жұмыстары жүріп жатқан жерге экология департаментінің өкілдерімен барып, көлемін өзіміз көреміз, - деп толықтырды Марат Саятұлы.


Жер қойнауын пайдаланушылардың қоршаған ортаға келтірген залалы 1000 АЕК көлемінде болса, онда экологтар  әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салады. Егер зиян көлемі бұл мөлшерден асып кетсе, онда полиция департаменті қылмысты іс те қозғай алады, тіпті үш жылға дейін жаза да қолданылады. Бұның бәрі экология қатысты жауапкершіліктер. Ал заңсыз пайда тапқаны үшін жауапқа тарту дәл қазіргі заңдармен мүмкін емес дейді  мамандар.

-Заңдағы бұл норма қазба байлықты заңсыз іздеушілерді заңдастыру үшін жасалған. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа Кодексті қабылдаған кезде оларды бөлек блок етіп шығарды.  Сол себепті олардан барлау құжаттары да, қанша байлық алғаны да талап етілмейді. Бұл Геология комитетінің үйлестіруші органдары тарапынан кеткен олқылық. Бұл мәселелер Индустрия және инфрақұрылымдық даму  министрлігіне қарайды, олар болса барлығын жергілікті әкімдіктерге жүктей салған, жергілікті жерде оларды оңды шеше алмай келеді. Барлау құжаты мен залалын жою үшін банкке салатын қаражат туралы құжат лицензияның ішінде болуы тиіс, сонда ғана оларға тиісті бақылау жасалып, талап қойылады, - деген пікірін айтты облыстық экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев.


Марат Саятұлының айтуынша, аудандарда өкілдері болмағандықтан, алтын қазушылардың іс-әрекетін бақылап-тексеру мүмкін емес. Тұрғындардан шағым келіп түскеннің өзінде олар облыс орталығынан келгенше кен іздеушілер ол жерден кетіп те қалады.

Бұл жерде мемлекетке орасан шығын келіп отыр, ол қазба-байлығынан айырылды. Осы жерде сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдері де байқалады. Жайылым мен егістік үшін бөлінген жер мақсатты пайдаланылмай, жеке тұлғалардың оңай олжа табатын құралына айналады, – деді қоғам белсенділері.

Жиынның қорытындысында заңнамалардағы олқылықтарды жою үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жолдайтын ұсыныстар қабылданды.

-Талдау қорытындысы бойынша Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, жер қойнауын пайдалану саласындағы қорғау және бақылау жөніндегі функцияларды жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу және минералдық-шикізат базасын молайту саласындағы орган-  Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Геология комитеті атынан жүргізу жөнінде ұсыныстарын жолданды, - деп түйіндеді  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев.
 


Біздің анықтама

"Қара нарықта" 1 грамм алтынның бағасы  26 мың теңгеден асады. Соңғы 5 жылда еліміздің полицейлері 20 мыңға жуық "қара іздеушілерді"ұстады. Ірі қылмыстық топтар да жұмыс істейді. Олар жыл сайын Қытайға 2,5 мың тоннадан астам кен жібереді - ақшалай түрде шамамен 5,5 млрд теңге! Бірақ іс жүзінде барлық қылмыскерлер жазасыз қалады.

 

 Автор: Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив