KZ
Өскемен
+15°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, ОШ
444.79 481.04 4.95

Тоғжан Ғалымжанқызы: «Мемлекет пен қоғам сапалы өзгерістерге бет бұрды»

17.04.2023, 15:23 261 Оразай Жеңісұлы

2022 жылғы саяси реформалар жөнінде жастар өкілінің ойын білудің сәті түсті. Altaynews тілшісінің сұрақтарына "AMANAT" партиясы жанындағы «Жастар рухы» ЖҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының консультанты Тоғжан Ғалымжанқызы жауап берді.

– Ең әуелі, жаңа сайлау жүйесіне қатысты ойыңызды білейік. Реформа өзгеріс әкелді ме?

– Әрине. Мемлекет басшысы атап өткендей, өкілді билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне мүмкіндік туды. Бұл жолғы саяси додада тек партиялық тізімдегі азаматтар ғана емес, қарапайым халық арасынан шыққан қалаулы азаматтар төбе көрсетті. Осыдан-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылындағы сапалы өзгерістерге бет бұрғанын, демократияландыру бағытын нық ұстанып отырғанын байқауға болады.

– «Amanat» жанындағы «Жастар рухында» жұмыс істейтініңізді білеміз. Партия ұсынған бағдарлама қандай өзгерістерге жол ашады деп ойлайсыз?

– Партияның жоспарға қойған жұмыстары көп. Мен жастарға қатысты бірқатар жоба туралы айтайын. «AMANAT» партиясы жастар үшін әділ әлеуметтік саты қалыптастыру міндетін өз мойнына алады. Білім саласы бойынша: жыл сайын еліміздің колледждері мен жоғары оқу орындарында грант санын көбейте отырып, жастарға еңбек нарығында сұраныстағы мамандықтарды игеруге мүмкіндік береді. Колледж студенттерінің, бакалавр, магистр мен докторанттардың стипендиясы бір жарым-екі есеге өсетінін атап өтті. Оқуды аяқтап, еңбек жолын жаңадан бастаған жастарды жұмысқа орналастыру үшін «Жастар практикасы» бағдарламасын жалғастырады. Партия 2027 жылға дейін бір жарым миллионнан астам жасты жұмыспен қамту міндетін қойып отыр. Жұмыс істейтін жастарды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету тәжірибесін жалғастыратын болады. Сонымен қатар жастарды есірткіден, қылмыс, зорлық-зомбылық пен алаяқтықтан заң аясында қорғайтын болады.

– Қазір мемлекетіміз азаматтық қоғамды одан сайын дамытуға мүдделі болып отыр. Бұдан қандай нәтиже күтеміз?

Қазақстан халқы – бастамашыл және жанашыр халық. Мұны тіпті ресми статистика да растайды. Мемлекеттік құрылымдар мен үкіметтік емес сектор әлеуметтік серіктестер ретінде бүгінде әртүрлі әлеуметтік маңызы бар тақырып бойынша 2 мыңға жуық жобаны жүзеге асыруда. Өткен жылдың шілде айында қайырымдылық және волонтерлік қызмет туралы заңнама да жаңартылды. Атап айтқанда, бұл қызметті мемлекеттік деңгейде қаржылай және қаржысыз қолдау мүмкіндіктері кеңейтілді.

– Конституциялық реформа күткен нәтижесін бере алды деп ойлайсыз ба?

– Бұл ретте, Президенттің ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының алатын орны ерекше. Оның мәнін атауынан-ақ оңай аңғаруға болады – адамдар, олардың проблемалары мен арман-мүдделері мемлекет пен мемлекеттік саясатты жүзеге асырушылар үшін әрдайым бірінші орында тұруы керек. Орталықта да, жергілікті жерлерде де шешім қабылдаушылар үшін халықтың игілігі алға шығуы қажет. Адамның негізгі қажеттігінің бірі – қауіпсіздік. Мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі – өз азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Кейбір заңдар өзінің азамат ретіндегі конституциялық құқықтарына нұқсан келтіреді деп санайтын кез келген адам Конституциялық сотқа жүгіне алады және оның мәселесін осы аса жоғарғы инстанция міндетті түрде қарайтын болады. Негізгі Заңға енгізілген түзетулер Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесін де күшейтті.

– Жастар саясатын жетілдіруге көп көңіл бөлініп келеді. Ал сіз жастармен тікелей жұмыс істейсіз. Қандай өзгерістерді байқадыңыз?

Жастар – қашан да ел болашағы, бүгіні мен ертеңінің қозғаушы күші. Сондықтан жастарға бүгін және қазір мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, құба-құп. Елімізде бірнеше жылдан бері жастарды қолдау, оларға кәсіби білім беру, жұмыспен қамту секілді мәселелерді шешуге бағытталған бағдарламалар қабылданып жатыр. Тағы бір атап өтетін жайт, бұрын жастар санатына 29 жасқа дейінгі азаматтар кіретін болса, қазір 28 ақпаннан бастап 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Яғни, статистикалық ақпараттарға сүйенсек, жастардың үлесі 3,7 млн-нан 6 млн-ға дейін көбейген. Енді 35 жасқа дейінгі азаматтар жас отбасыларға арналған жеңілдіктер, жеңілдетілген несие алу сияқты игіліктерге ие болады.

– Ал, сіздің ойыңызша, әлеуметтік салада серпін бар ма?

– 2022 жылы аса маңызды институттық шешім қабылданды. Нақтырақ айтсақ, халықтың әлеуметтік осал санаттарын қолдау жөніндегі омбудсменнің жаңа лауазымы тағайындалған. Омбудсменнің негізгі мақсаты – халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдіктерін қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік әрі қоғамдық институттармен өзара іс-қимылда олардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру. Бұл саладағы келелі істерге жуық арада көзайым боламыз деп ойлаймын.

– «Әділетті Қазақстан» идеологемасы сіз үшін нені білдіреді?

– Президентіміздің өзі: «Әділетті Қазақстан дегеніміз – жалаң ұран емес, бұл – анық ақиқат. Алда атқаратын жұмыс көп. Біз бұған бір ел болып түгел атсалысуымыз керек», деді. Меніңше, тәрбие тал бесіктен басталады дегендей, әрбір отбасы белгілі бір әлеуметтік ортаны құрайды. Ал әлеумет қоғамды, қоғам мемлекетті қалыптастырады. «Отан – отбасынан басталады» деген сөздің нақ осы жерде айтылғаны жөн.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив