Өткен жылы ШҚО-да туберкулезден 30 адам қайтыс болды
ШҚО фтизиопульмонология орталығында туберкулездің алдын алу айлығына арналған брифинг өтті.
Орталық өкілдері атап өткендей, туберкулез әлемдегі ең қауіпті жұқпалы аурулардың бірі болып қала береді. Күн сайын туберкулезден 4000-ға жуық адам қайтыс болады, шамамен 28000 адам алдын-алу және емдеуге болатын аурумен ауырады.
2021 жылы Шығыс Қазақстанда туберкулез ауруының 568 жаңа жағдайы анықталды (513 өкпе, 55 өкпеден тыс), бұл 2020 жылғы деңгейден 11,3%-ға жоғары. Дегенмен өлім-жітім деңгейінің 37,1%-ға төмендегені байқалады. Мәселен, 2020 жылы 48 адам қайтыс болса, 2021 жылы 30 адам қайтыс болды.
Мамандардың айтуынша, туберкулезді екі жағдайда толық емдеуге болады: медициналық көмекке уақтылы жүгіну және емдеудің толық курсы аяқталғанға дейін препараттарды үздіксіз қабылдау, бұл белгілі бір төзімділікті талап етеді. Әр адамнан өз өмірі үшін ортақ жауапкершілік талап етіледі, яғни жыл сайын флюрографиялық тексеруден өту керек.
Брифинг барысында түрлі мәселелер, соның ішінде туберкулездің жасырын түрі талқыланды. Жасырын туберкулез инфекциясы бар адамдарға профилактикалық терапия өткізу оларды аурудан қорғайды.
Туберкулезді жою үшін ең алдымен алдын алу шараларының сапасын арттыру қажет. Туберкулездің дамуын болдырмау үшін, зардап шегуді болдырмау үшін және өмірді сақтау үшін профилактикалық терапия барлығына қол жетімді болуы керек.
«Туберкулездің алдын алу бойынша іс-шаралар өткізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 30.11.2020 жылғы №214 бұйрығында жасырын туберкулез инфекциясы бар адамдарды профилактикалық емдеу мәселелері жарияланған.
Сондай-ақ, «OneImpact Kazakhstan» мобильді қосымшасы туралы айта кеткен жөн. Бұл – туберкулезге қарсы әрекет ету шараларының қоғамдық мониторингін қолдауға арналған денсаулық сақтау саласындағы цифрлық шешімнің платформасы. Ресурстың төрт құрамдас бөлігі бар, олардың функцияларына туберкулезбен ауыратын адамдар мен қауымдастықтардың білімін, қызметтерін және мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ олардың қарым-қатынасы кіреді. Пайдаланушылар туберкулезді диагностикалау және емдеу кезінде кездесетін мәселелер туралы тәжірибе алмасып, өзара сөйлесе алады.
- «One Impact Kazakhstan» мобильді қосымшасы туберкулезбен ауыратын адамдардың науқастануы туралы ақпаратты, оларға қолдау көрсете алатын қолжетімді медициналық қызметтер мен үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар туралы ақпаратты алуына арналған. Сондай-ақ, бір-бірімен қарым-қатынас жасау мүмкіндігіне ие бола алады, - деді «Қуат» ҮЕҰ үйлестірушісі Елена Паплевка.