KZ
Өскемен
-1°
плотный туман жел 1 м/с, З
479.71 533.77 5.16

Шекарадағы үш ауыл жабылайын деп тұр – ШҚО

шартты сурет

4.04.2023, 19:21 287 Оразай Жеңісұлы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шекара маңын бос қалдыруға болмайтынын айтқан еді. «Бұл – ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысы бар мәселе. Оны жүйелі түрде шешу қажет. Қомақты қаражат керек болады. Үкіметке мұны жан-жақты қарастырып, шекаралас аймақтарды дамыту жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын», деді Мемлекет басшысы.

Дегенмен Катонқарағайда үш ауылдың түтіні өшкелі тұр, деп хабарлайды Altaynews  тілшісі.

Аудан әкімі жөңкіле көшкен елге тосқауыл болу мүмкін емес екендігін айтады. Алдымен ауылдағы адам саны азайып, артынша мектеп жабылады. Мектеп жабылған соң әупірімдеп әрең отырған жұрт амалсыз тағы көшеді. Осылайша, адам саны 50-ден түсіп кетсе, ауыл статусынан айырылып, келесі ауылдың көшесіне айналады екен.

 – Адамдардың өңірде тұрақтауын мектептермен өлшеуге болады. Кезінде ауданда 54 мектеп болса, қазір 36 ғана мектеп бар. Осыдан-ақ адам санының азайып бара жатқандығын көруге болады. Қазіргі таңда жабылуға шақ қалып тұрған үш ауыл бар. Олар: Құндызды, Ақшарбақ, Бекалқа ауылдары. Бұл ауылдардағы адам саны 50-ден түсіп кеткендіктен ауыл статусын сақтап қалу қиынға соғуда. Бүгінгі таңда шекара шебіндегі ауылдар болғандықтан әупірімдеп ұстап отырмыз. Дәл осылай ұстап отыру қанша уақытқа жалғасатыны белгісіз, – дейді Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиханұлы.

Құрдымға кетіп бара жатқан елді мекендерді бір құтқарса, ауыл туризмін дамыту бағдарламасы мен инвесторлар құтқарады. Өйткені өткен жылы жабылуы ықтимал Ақшарбақ ауылындағы шаруа қожалығын инвесторлар сатып алып, жұмысын қайта жандандырған. Шаруашылықты сатып алған кәсіпкер Ресейден 100 бас марал әкелген. Осылайша, ауылға жаңа үйлер салынып, сәл де болса үміт оты қайта жанған. Сондықтан да ондағы халық пен аудан әкімшілігі бұл ауылдарды туризмге тетік етіп сақтап қаламыз деген үмітпен отырған көрінеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив