Инвестиция, өзара байланыс, кадр мәселесі: ШҚО-да Өңірлік іскерлік кеңестің алғашқы отырысы өтті
Шығыс Қазақстан облысында билік пен кәсіпкерлердің тұрақты диалогын жолға қою үшін құрылған Өңірлік іскерлік кеңестің 2026 жылғы алғашқы отырысы өтті. Жиында алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды: өңірдегі басым бағыттар, қолдау тетіктері, кадр мәселесі және салалық міндеттер күн тәртібіне шықты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Еске салсақ, ШҚО Өңірлік іскерлік кеңесі өткен жылдың жазында облыс әкімі жанынан кеңесші-алқалы орган ретінде құрылған. Оның басты мақсаты – мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер қауымдастығы арасында тұрақты әрі жүйелі байланыс орнату.
2026 жылдың алғашқы отырысында қатысушылар бұл алаңның негізгі жұмыс логикасына басымдық берді: жеке кәсіпкерлердің бөлек-бөлек өтініштері емес, бизнес бірлестіктер мен салалардың ортақ, жинақталған ұстанымын қалыптастыру маңызды. Мұндай формат кәсіпкерлер көтеретін мәселелерді жүйелеп, «рет-ретімен таразылап», облыс деңгейінде нақты шешім табуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, талқылауға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері де қатысып, өзара тиімді жұмыс істеу және кеңестің одан әрі дамуы жөніндегі ұсыныстарын айтты.
Қатысушылар мұндай тәсіл өңірдегі жалпы бизнес ахуалды жақсартуға ықпал ететінін жеткізді. Жиында бірнеше негізгі бағыттар кеңінен қаралды: өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру (облыс тұрғындардың өмір сапасын кәсіпкерлік пен инвестиция өсімімен байланыстырады), қолдау шараларының тиімділігі және билік пен бизнес арасындағы өзара әрекеттесу тәсілдерін жетілдіру.
Сондай-ақ кадр мәселесі мен жұмысшы мамандықтары да бөлек тақырып ретінде көтерілді. Мамандар даярлау және еңбек адамының мәртебесін көтеру – кәсіпорындар үшін әрдайым маңызды. Бұл – өңірдің бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер ететін нақты фактор.
Өңірлік іскерлік кеңесте Нұрымбет Сақтағанов «Шығыс Қазақстан облысының 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын» таныстырды. Бұл – өңір дамуының нақты әрі түсінікті бағытын айқындайтын біртұтас құжат.
Құжатта өңірдің шынайы бәсекелік артықшылықтары көрсетіліп, бытыраңқы бағдарламалардан жүйелі өсім моделіне көшу көзделген.
Негізгі басымдықтар:
Өскемен – хаб-қала ретінде дамиды: халық санының артуы, инвестиция көлемінің өсуі, тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын күшейту;
Шекара маңындағы аумақтарға ерекше назар аударылады: Зайсан – шекаралық саясаттың маңызды нүктесі ретінде қарастырылып, логистика, туризм және жаңа экономикалық мүмкіндіктерді дамыту жоспарланған;
Экономиканың негізі ретінде тау-кен металлургия кешенін жаңғырту, агроөнеркәсіп секторын дамыту, өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс саласын күшейту көзделген;
Терең өңдеуге басымдық беру, экологиялық жүктемені азайту және өңір ішінде қосылған құнды арттыру;
АӨК саласында интенсивті модельге көшу: сүт өндірісін көбейту, мал шаруашылығын дамыту, экспорттық бағыттарды кеңейту, өңірлік мықты брендтер қалыптастыру;
Инфрақұрылым бағытында: тұрғын үй, жылу және энергиямен қамту, жолдар мен көпірлер, әлеуметтік, спорттық және мәдени нысандарды дамыту.
Сонымен бірге, болашақтың стратегиялық бағыттары ретінде логистика, газдандыру, туризм және жаңа буын индустриялары белгіленді. Яғни, көлік дәліздерін дамыту, туристік кластерлер құру, сондай-ақ үш жүйелі жобаны іске қосу жоспарланған: сирек кездесетін металдар кластері, аккумулятор кластері және ұлттық ядролық-отын кластері.
Стратегияны жүзеге асыру үшін өңірде арнайы іске асыру орталығы құрылып, нақты мерзімдер мен жауапты тұлғалар көрсетілген жол картасы дайындалатын болады.
Дамир Омаров
Фото: Артем Жигулин






