KZ
Өскемен
-2°
небольшой снег жел 8 м/с, З
525.11 546.74 4.88

Өскеменнің мектептерінде аналар кеңесі жұмыс жүргізбейді

Фото: Ынтымақ Толқын

18.04.2023, 17:46 498

Өскеменнің мектептерінде аналар кеңесі жұмыс жүргізіп жатқан жоқ. Республикалық аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанай осылай деді.
18 сәуірде ШҚО Қазақстан халқы ассамблеясы аналар кеңесінің отырысы өтіп, бала тәрбиесі мен жас ұрпаққа қатысты елдегі ахуал турасында пікір алмасты. Әртүрлі сала мамандары өз тұжырымдары мен ұсыныстарын жеткізді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі. 
Шараға республикалық аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанай, ШҚО ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Майра Бейсеқанова, «Аманат» партиясы Өскемен қалалық филиалының жауапты хатшысы Арайлым Есімбекова және аудан, қала әкімдіктерінің өкілдері, балалар құқығын қорғау бағытында қызмет ететін түрлі сала мамандары қатысты. Сөз алғандар бала тәрбиесі, мектептен әскерге дейінгі мекемелерде кездесетін әлімжеттік, суицид және басқа да мәселелердің себебін талқылап, ұсыныстарын жеткізді. 

–    Аналар кеңесінің өңір бойынша 2022 жылы атқарған жұмысының есебін бердік. Облыста ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Аудандар, алыстағы елді мекендерде де аналар кеңесінің істеп жатқан жұмысы өте көп. Президент 2021 жылы қазан айында ҚХА кеңейтілген отырысында 4 бағытқа бөлінген жоба турасында тапсырма берді, осы бойынша жұмыстар істеліп жатыр. Ең басты жоба –  «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» деп аталады, – деді облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Майра Бейсеқанова. 

Балалардың, жасөспірімдердің және отбасылардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бірлескен жұмыстарды жүргізу үшін әртүрлі мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатын көздеген отырыс бастапқыда пленарлық бөліммен басталып, кейін ақпараттық блогта 5 бөлімге жіктелді. 

–    Билік пен қоғамның арасына алтын көпір керек. Аналар кеңесі сол көпірдің қызметін атқара алады. Себебі кейде ақпарат дұрыс түсіндірілмейді, білім мекемелеріндегі тәрбие жұмыстарында мұғалімдердің шамасы жетпейтін кемшіліктер болып жатады. Ал аналар кеңесінің алдында тұрған бағыт – қандай да бір мекемеде істеліп жатқан жұмысқа көмек көрсету, дұрыс ақпарат беру. Мысалы, әскери бөлімдермен бірлесе жұмыс істеп жүрген аналар кеңесі ондағы жағдайды өзге аналарға жеткізіп, көңілін орнына түсіреді. Аналар кеңесінің алдында тұрған міндет – адамгершілікке тәрбиелеу. Өз ата-анасына, бауырына қамқор болған адам өзгені тепкілемейді. Ондай жағдайлардан біз нәтиже шығарып, қай жерден қателік кеткенін іздеуіміз керек. Ал қазір Өскемен мектептерінде ол жұмыс жоқ, Аналар кеңесінің жұмысы жоқ. Ол – анық, – дейді республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанай. 

Бұған облыстық Кеңес төрағасының өз уәжі бар екен. 

–    Маған ең бірінші ұнаған дүние – аналар кеңесінің төрайымы жұмыстан бос кісі болу керек дегеніңіз. Мен сізді қолдаймын. Себебі менің де қойып отырған міндетім – сол. Мемлекеттік жұмыс пен бұл жұмысты бірге алып жүру өте қиын. Барлықтарыңыз білесіздер, жетім балалармен, тастанды балалармен жұмыс істеп, жалғастырып Аналар кеңесінің жұмысын жүргізу қиын. Егер ертең маған «Орныңды босат» десе, мен қарсы емеспін. Алайда біз бұл жұмысты күнделікті жүргіземіз. Аудан мен қалаларда аталған 4 бағыт бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Мен облысыммен мақтанамын. Біз аудандардан үлгі алуымыз керек, онда жұмыс жолға қойылған. Себебі онда әжелеріміз бар. Зейнеткерлікте отырған апалар, әжелер жұмыс істеуі керек. Осы кеңестің басында жүрген Нәзипа Ыдырысқызына оқып керек те жоқ. Тәжірибесі, бәрі жеткілікті. Берген бағаңызға келісемін, – деді облыстық кеңестің төрағасы Майра Бейсеқанова.

Отырыс барысында мамандар балалар құқығын қорғау саласындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, жас буынның бойында қауіпсіз мінез-құлық қалыптастыру, отбасыларды қолдау мен ақпараттық-профилактикалық жұмыстарды жүргізу жөніндегі міндеттерді саралады. Спикерлер елдегі отбасы институтының маңызы мен ұрпақ тәрбиесіндегі құндылықтардың жойылуына жол бермеу керектігін баса атап өтті.
Бөлімдерге бөлінген ақпараттық блогта ШҚО балалар омбудсмені Аксана Каленова, Өскемен қаласы Ертіс полиция бөлімінің ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Гүлнұр Түсіпова балалар құқығын қорғау жөнінде, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы филиалының оқытушысы Гульфия Берекполова, психолог Лилия Куземко жасөспірімдермен жұмыс жайында баяндама оқыды.

Оқи отырыңыз

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу