Полицей өрттің алдын алып, тұрғынды құтқарды – ШҚО
Фото: ШҚО ПД ресми парақшасынан алынды
Демалыс күндері Алтай қаласында полиция қызметкері Олжас Серікқанов терезесінен түтін шығып жатқан үйден ер адамды құтқарып, өрттің алдын алды.
Үй иесі пешке тамағы бар ыдыс қойып, ұмытып кеткен көрінеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Полиция аға лейтенанты Олжас Серікқанов үйінің жанында отбасымен бірге серуендеп жүріп, жақын жерде орналасқан көпқабатты үйдің терезелерінің бірінен қою түтін шығып жатқанын байқаған. Көрші үйге жеткен тәртіп сақшысы пәтерде ұйықтап жатқан ер адамның бар екенін көріп, шығуға көмектескен.
Дерекке сүйенсек, үй иесі пешке таба қойған. Ер адам қатты ұйықтап кетіп, түтін шыққанын сезбеген көрінеді.
Полиция аға лейтенанты Олжас Серікқанов Алтай ауданы ПБ уақытша ұстау изоляторы бастығының орынбасары қызметін атқарады. Ішкі істер органдарында 10 жылдан астам уақыт жұмыс істейді.