KZ
Өскемен
-9°
переменная облачность жел 2 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Қалжырда жаңа амбулатория салынып жатыр - Күршім

1.05.2022, 13:50 256

Күршім ауданы, Қалжыр ауылдық округі тұрғындарын мазалап жүрген мәселенің бірі - ауылдағы амбулаториялық пунктінің ескіріп, апатты жағдайда деп танылуы болатын. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары тұрғызылған емхана содан бері дұрыс жөндеу көрмей, "шаршап" тұрған еді. Жақында бұл көкейкесті мәселенің шешімі табылып, облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды.

Әбден тозығы жеткен Қалжыр ауылдық округіндегі дәрігерлік амбулатория 1970 жылы салынып, 1980 жылдары күрделі жөндеуден өткен. Жөндеу жүргізілгенімен бөлмелері тар әрі ескі ғимаратта науқастарды қабылдау қолайсыз. Сондықтан ауылға жаңа дәрігерлік амбулатория салу мәселесін тұрғындар көптен бері көтеріп жүрген болатын. Қазіргі таңда апаттық жағдайда болғандықтан, жаңа дәрігерлік амбулатория салу жұмыстары басталып кеткен. Ауыл халқын сапалы медицианалық көмекпен қамтамасыз ету бүгінгі күннің талабы.


- Соңғы жылдар, біз, ауыл тұрғындары үшін табысты жыл болды. Ауылымызда атқарылған жұмыстар халықтың көз алдында. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Елдің көңіліне күдік ұялатып келген көптеген мәселе кезең-кезеңімен шешімін тауып, тұрғындардың көңіліне қуаныш сыйлап келеді. Сонымен қатар, өткен жылы ауыл жұртшылығы үшін тағы бір жағымды жаңалық орын алды. Апаттық жағдайдағы мәдениет үйіне күрделі жұмыс жүргізіліп, пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда ел игілігі үшін қызмет жасап тұр. Осылармен қатар аталып келген тұрғындардың сұрауындағы нысанның бірі - амбулатория болатын. Енді, міне, бұл қиындық та артта қалатын күн алыс емес. Бұл амбулатория 1970 жылы салынған. Ғимараттың ескілігі ем-дом шараларына кедергі келтіріп келген болатын. Қазірде ауылда мыңнан астам тұрғын бар. Солардың барлығына қызмет жасайтын бұл нысанның халық үшін маңызы зор екенін сезінген аудан басшысына алғысымыз шексіз, - дейді ауыл тұрғыны Қаныш Байсалбаев.

Құрылыс жұмыстарын "СМУ Шығыс" компаниясы жүргізуде. Мердігер компанияның басшысы Рафхат Икбаевтың айтуынша, амбулаторияның құрылыс жұмысы ағымдағы жылдың наурыз айының аяғында басталған. Келісімшарт бойынша 1 шілдеге дейін аяқталуы керек. Десе де мердігерлер жұмыстың қарқынын күшейте отырып, белгіленген уақытынан ертерек қолданысқа береміз деп отыр. Қазіргі таңда ғимарат салынатын орынның жері тегістеліп, қажетті материалдар тасымалдануда. Жақын күндері амбулатория ғимаратының іргетасы қаланатын болады. Құрылыс алаңына барлық қажетті техникалар мен материалдар жеткізілуде.


- Амбулатория салуға арнайы ыңғайлы орын берілді. Құрылыс жұмыстары үшін облыстық бюджеттен 220 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Енді осы қаражатты орнымен игеріп, нысанды уақытынан ертерек ел игілігіне берсек деген ойдамыз, - дейді мердігер компанияның басшысы Рафхат Икбаев.

Қажетті материалдық-техникалық базамен жабдықталатын емдеу амбулаториясы бір мезетте 20 адамды қабылдайтын 5 төсектік күндізгі стационар болады. Бүгінгі таңда уақытша ескі амбулаториялық пункт жұмыс істеп тұр. 

Оқи отырыңыз

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу