KZ
Өскемен
-1°
пасмурно жел 5 м/с, ОШ
494.63 583.22 6.42

ШҚО-да ақсақалдар Ата заңның жобасын талқыға салды      

Кеше, 16:15 106 Серік Құсанбаев

Өскемендегі Достық үйінде жаңа Конституциясы жобасын талқылауға арналған облыстық ардагерлер ұйымы және ақсақалдар кеңесінің біріккен жиыны өтті. Оған Риддер қаласы мен Алтай, Күршім, Тарбағатай, Зайсан және басқа да аудандардағы ардагерлер ұйымы мен ақсақалдар алқасының төрағалары онлайн режимінде қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жиынды тізгіндеген облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Айтқазы Шерубаев қоғам талқысына ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасының маңыздылығына, аталмыш заң жобасының уақыт талабына сай екендігіне тоқталды.

Сөз алғандар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздің Ата заңына енгізіліп жатқан толықтырулар мен түзетулердің қоғамда алатын орнының аса маңыздылығы мен дер кезінде қолға алынған бастама екендігіне тоқталды.

– Жаңа Конституция жобасында мемлекетіміздің сан ғасырлардан бері іргесі берік қаланған унитарлы мемлекет екендігі де, маңайымыздағы көрші мемлекеттермен шектесетін шекарамыз да айқын көрсетілген. Конституция жобасының әр бабында жазылған әрбір сөйлем біздің және жас ұрпақтың болашағымен тығыз байланысты. Сондықтан осы мемлекеттің азаматтары ретінде еліміздің ертеңіне қатысты кез келген мәселе баршамызға ортақ деп білемін, – деді облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Манарбек Мұхаметжанов.

Жиын барысында сөз алған Нәбиолда Кемешов, Сағынбек Ақанов, Болат Сағымбайұлы, Сабыр Оспанов, Аман Қасенов сынды ел ақсақалдары қоғамда тіл мәселесін саясиландырудың қажеті жоқ екендігін, көпұлтты мемлекетіміздің ауызбіршілігін сақтау керектігін, Ата заң жобасының 9-бабының І бөлімінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай анық көрсетілгендігін атап өтіп, елді Конституцияның жобасына байыппен, байсалдылықпен қарау керектігін ортаға салды.

Алқалы жиын соңында Айтқазы Сейітұлы Ата заңымыздың жаңа жобасын қолдайтын арнайы штаб құруды ұсынып, ақсақалдар бұл бастаманы бірауыздан мақұлдады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу