79 елге визасыз: қазақстандық паспорттың халықаралық орны
Қазіргі жаһандану жағдайында көші-қон саласын тиімді басқару – мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі шешуші факторлардың бірі. Азаматтарды құжаттандыру, шетелдіктердің ел аумағында болуын реттеу, көші-қон үдерістерін бақылау – бұл тек техникалық қызмет емес, мемлекеттің егемендігін сақтауға бағытталған стратегиялық міндет. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитеті ауқымды әрі жүйелі жұмыс жүргізіп келеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР ІІМ сілтеме жасап.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Комитет төрағасы, полиция полковнигі Аслан Аталыков көші-қон қызметінің негізгі нәтижелерін жариялап, саладағы цифрландыру, құжат қауіпсіздігі және қазақстандық паспорттың халықаралық беделі туралы жан-жақты мәлімет берді.
Көші-қон қызметінің негізгі міндеттері үш ірі бағытқа топтастырылады. Біріншісі – Қазақстан азаматтарын құжаттандыру және тіркеу, екіншісі – шетел азаматтарына рұқсат беру құжаттарын рәсімдеу, үшіншісі – миграциялық бақылауды жүзеге асыру.
Бұл қызметтердің әрқайсысы мемлекеттің ішкі тәртібі мен қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Өйткені заңсыз көші-қон, жалған құжаттар, бақылаусыз миграциялық ағындар елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына ғана емес, ұлттық қауіпсіздікке де тікелей әсер етеді.
Биыл көші-қон қызметі арқылы көрсетілген мемлекеттік қызметтердің саны шамамен 8 миллионға жуықтады. Бұл – саладағы жүктеменің жыл сайын артып келе жатқанын және халықтың мемлекеттік сервистерге деген сенімінің жоғары екенін көрсетеді.
Жыл басынан бері 1,9 миллион жеке куәлік, 1,1 миллион Қазақстан азаматының паспорты, 303 мың балалар паспорты рәсімделген. Бұл көрсеткіштер көші-қон қызметінің халықпен ең тығыз байланыста жұмыс істейтін құрылымдардың бірі екенін айқын аңғартады.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін құжаттандыру саласы кезең-кезеңімен жаңғыртылды. 1995 жылдан бастап кеңестік үлгідегі құжаттар айналымнан шығарылып, ұлттық стандарттағы паспорттар мен жеке куәліктер енгізілді. Уақыт өте келе құжаттардың қорғаныс деңгейі күшейтіліп, цифрлық технологиялар кеңінен қолданыла бастады.
2010 жылдан бастап құжаттандыру үдерісі толық автоматтандырылып, адами фактордың ықпалы барынша азайтылды. Ал 2024 жылдан бері жаңа форматтағы балалар және ересектер паспорттары айналымға енгізілді.
Ішкі істер министрлігі ұлттық паспорттың қорғалу деңгейін арттыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. 2025 жылдың 3 шілдесінен бастап Қазақстанда жаңа үлгідегі паспорттар қолданысқа енді. Бұл құжаттарда қорғаныс элементтері айтарлықтай күшейтіліп, жалған құжаттардың алдын алуға бағытталған заманауи технологиялар қолданылды.
Жаңа дизайндағы басты ерекшеліктердің бірі – барыс бейнесінің енгізілуі.
2025 жылы қазақстандық паспорт әлемдік рейтингтерде өз позициясын едәуір нығайтты. Қазіргі таңда Қазақстан азаматтары 79 мемлекетке визасыз бара алады. Бұл – Орталық Азия елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Сонымен қатар халықаралық авиациялық қауіпсіздік аудитінің нәтижесі бойынша Қазақстан паспортының ИКАО стандарттарына сәйкестігі 95,7% деңгейінде бағаланды. Бұл көрсеткіш әлемдік және еуропалық орташа деңгейден әлдеқайда жоғары. Мұндай нәтиже – құжат қауіпсіздігіне, технологиялық жаңғыртуға және халықаралық талаптарды қатаң сақтауға бағытталған жүйелі жұмыстың жемісі.
Көші-қон қызметі халықтың барлық санаты үшін қолжетімді болуға басымдық береді. Бұл қызмет, әсіресе, қозғалу мүмкіндігі шектеулі және егде жастағы азаматтар үшін маңызды.
2025 жылы 110 жасқа толған екі қазақстандық әжейдің құжаттандырылуы – бұл қызметтің әлеуметтік маңыздылығын айқындайтын ерекше мысал.
2025 жылы онлайн-құжаттандыру жобасының пилоттық нұсқасы іске қосылды. Биометриялық сәйкестендіру мен жасанды интеллектіні қолдану арқылы құжат рәсімдеу үдерісі бұрынғыдан да қауіпсіз әрі жедел болмақ. Бұл жаңашылдық тек азаматтар үшін ғана емес, қызметкерлер үшін де тиімді. Күнделікті жұмыстар автоматтандырылып, көші-қон полициясы шынайы қауіп-қатерлерге көбірек көңіл бөле алады.
Бүгінде Қазақстан азаматтары шетелде жүріп те паспорт рәсімдей алады. Электронды құжаттандыру қызметі 71 елдегі 99 шетелдік мекемеде қолжетімді. Рәсімдеу мерзімінің 30 күнге дейін қысқаруы – мемлекет тарапынан жасалған нақты қолдау.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке куәлікті алғаш рет алу және мерзімі аяқталған соң ауыстыру тегін болады. Бұл – азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға бағытталған маңызды әлеуметтік шешім.
Көші-қон қызметінің 2025 жылғы нәтижелері – Қазақстанның цифрлық мемлекетке қарай нық қадам басып келе жатқанын көрсетеді. Құжат қауіпсіздігі, халыққа қолайлы қызмет, халықаралық талаптарға сай жүйе – мұның бәрі елдің беделін арттырып, азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтады.
Паспорттың күші – тек визасыз елдер саны емес, ол – мемлекеттің сенімділігі, қауіпсіздігі және болашағына деген жауапкершілігі.
Фото: Polisia.kz