KZ
Өскемен
+4°
облачно с прояснениями жел 8 м/с, ОШ
495.1 583.72 6.46

Ұлан ауданындағы Тройницкое ауылында заманауи медпункт ашылды – ШҚО

Бүгін, 13:00 40 Ержан Әбіш

Ауыл – елдің алтын діңгегі. Сол діңгектің берік болуы, ең алдымен, халықтың денсаулығына тікелей байланысты. Осы тұрғыда Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданына қарасты Тройницкое ауылында жаңа медициналық пункт салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Жалпы ауданы 154,7 шаршы метрді құрайтын заманауи талаптарға сай салынған медициналық пункт ауыл тұрғындарының денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды әлеуметтік нысанға айналып отыр.

Ашылу салтанатында сөз алған Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосынов бүгінгі таңда қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту мемлекеттк саясаттың бас бағыттарының бірі екенін атап өтті. 

Аудан әкімі жаңа медициналық пунктің іске қосылуы ауыл тұрғындары үшін сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуға жол ашатынын жеткізді. Сонымен қатар денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын айтып, жаңа нысан ауыл халқының игілігіне ұзақ жылдар қызмет ететініне сенім білдірді.

– Медициналық пункт алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге арналған және қазіргі заманғы цифрлық жүйелермен жабдықталған. Атап айтқанда, «КМИС» медициналық ақпараттық жүйесімен, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің «Бірыңғай қолжетімділік нүктесі», «Стационарлық науқастардың электрондық тіркелімі», «Госпитализация бюросы» ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған. Бұл тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырып, уақытылы әрі тиімді көмек алуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Ұлан аудандық ауруханасының бас дәрігері Қайрат Өскенбаев. 

Нысан қажетті медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда 12 арналы электрокардиограф, дефибриллятор, магнитотерапия аппараты, инфузиялық сорғылар, компрессиялық небулайзер, спирометр, бактерицидті сәулелендіргіштер және өзге де заманауи құрал-жабдықтар орнатылған. Барлық жағдай ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтауға және аурудың алдын алуға бағытталған.

Тройницкое ауылында 127 адам тұрады. Оның ішінде 20 бала мен 26 репродуктивті жастағы әйел бар. Енді ауыл тұрғындары үшін медициналық көмек бұрынғыдан да қолжетімді болып, денсаулыққа қатысты мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік туып отыр.

– Ауылымызда жаңа медициналық пункттің ашылғанына өте қуаныштымыз. Бұған дейін дәрігерлік көмек алу үшін аудан орталығына баруға мәжбүр болатынбыз. Енді тұрғындар үшін барлық жағдай жасалып отыр. Бұл – ауыл халқы үшін үлкен қолдау, – деді ауыл тұрғыны Татьяна Родоловская. 

Ауыл тұрғындары да жаңа медициналық пункттің ашылуын үлкен қуанышпен қабылдады. Көптен күткен нысанның іске қосылуы жергілікті халық үшін маңызды оқиғаға айналды.

– Мен бұл ауылда 50 жылдан артық тұрып келемін. Осы күнді көп күттік. Ақыры көптен күткен медициналық пунктіміз ашылды. Бұл – ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш, шын мәнінде көптен бергі арманымыздың орындалғаны. Енді дер кезінде медициналық көмек алуға мүмкіндік бар екеніне өте қуаныштымын, – деді ауыл тұрғыны Ботагөз Абылқасымова. 

Ауылдық жерлерде денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Тройницкое ауылында ашылған жаңа медициналық пункт – осы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.

Жайна Сыранова
Фото/видео: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу