Алдағы уақытта Қазақстанда 400-ден астам жаңа дәрі-дәрмек түрі өндірілмек
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, ұзақмерзімді демографиялық болжамдар мен алдағы 10-15 жылда елдің дәрілік заттарға деген қажеттілігін ескере отырып, инвестиция тарту тетіктерін жетілдіру бойынша инвесторлармен бірлескен жұмыс жүргізілген. Соның нәтижесінде салықтық және кедендік жеңілдіктерді, инфрақұрылымдық қолдауды, сондай-ақ өнімді өткізудің ұзақмерзімді кепілдіктерін қамтитын инвестициялар туралы жаңа келісімдер тетігі енгізілді.
Бүгінде Үкімет отырысында жалпы құны 620 млн АҚШ долларын немесе 316 млрд теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба мақұлданды. Бұл жобалар, ең алдымен, Қазақстанның дәрі-дәрмекпен қамтудағы дербестігін арттыруға бағытталған.
Соңғы екі жылда фармацевтика саласына тартылған инвестиция көлемі екі есеге артып, 47 млн АҚШ долларынан 87 млн АҚШ долларына жеткені атап өтілді. Жаңа жобалар аясында 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде салада жүйелі жұмыс жалғасады. Қазіргі таңда елімізде фармацевтика саласы үшін кадр даярлаудың толық жүйесі қалыптасқан, мемлекеттік қолдау мен дуальды білім беруді дамытуға басымдық берілуде.
Сонымен қатар 1 қаңтардан бастап ТМККК және МӘМС аясында дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтерді импорттау және өткізу қосылған құн салығынан (ҚҚС) босатылды. Жалған дәрілік препараттардың айналымына бақылауды күшейту және жауапкершілікті арттыруға бағытталған тиісті заңнамалық түзетулер де дайындалды.