ШҚО-да өңірлік кеңестің отырысында АЭС салу мәселесі талқыланды
«AMANAT» партиясының ШҚО филиалы жанындағы өңірлік экологиялық кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жиынның күн тәртібінде климаттың өзгеруіне және халықтың денсаулығына әсер ететін өнеркәсіптік кәсіпорындардың парниктік газдар шығарындыларын азайту шаралары туралы және өнеркәсіптік кәсіпорындар бойынша ірі қалаларда атмосфераға ластаушы заттардың шығарындыларын азайту сияқты бірқатар мәселелер қаралды.
«Экологияны жақсарту - біз үшін басты мақсат. Бұл бағытта атқарылып жатқан шаралар да аз емес. «AMANAT» партиясы да өз кезегінде экологиялық мәселелерді шешуге барынша басымдық беруде»,-деді өңірлік кеңестің мүшесі Зейнулла Сұлтанбеков.
Сонымен қатар жиын барысында кеңес мүшелері атом электр станциясының экологиялық тұрғыдан тиімді тұстарын да талқылады.
«Атом электр станциясының құрылысы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті қадам ғана емес, сондай-ақ төмен көміртекті экономикаға жаһандық көшу жағдайында елдің экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды факторы болып табылады. Атом электр станциясы Қазақстанға қазіргі энергетикалық мәселелерді шешуге және болашақта тұрақты дамудың негізін жасауға көмектеседі»,- деді Өңірлік кеңес төрағасының орынбасары Татьяна Чернышова.