Қайырымдылық атын жамылған алаяқтық: 3,5 млрд теңге жымқырылған

Фото: ҚР ҚМА
2025 жылғы 14 наурызда Қайрат П. пен оның анасы Алашбаева Г. алаяқтық пен қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру фактілері бойынша күдікті деп танылды. Тергеу деректеріне сүйенсек, олар қайырымдылық көмектері сылтауымен халықтан аса ірі көлемде қаражат жинап, оны жеке мақсаттарына жұмсаған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР ҚМА сілтеме жасап.
2021–2024 жылдар аралығында Перизат Қайрат өзін қайырымдылық көмек көрсетуші ретінде таныстырып, мұқтаж балаларға, Палестина тұрғындарына және су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау көрсетуге шақырып келген. Алайда, оның шотына түскен қаржының басым бөлігі жеке қажеттіліктерге бағытталғаны анықталды.
Қайрат П. өзі басқаратын «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қайырымдылық қорының шотына түскен қаражатты өз шотына және анасы Алашбаева Г-ның атына аударып, зергерлік бұйымдар, сәнді киімдер, жиһаз, шетелдік сапарлар, автокөлік жалдау мен тұрмыстық қызметтерге жұмсаған.
Қайрат П. 16 жеке кәсіпкермен жалған келісімшарттар жасасып, киіз үйлер, қайықтар мен басқа да заттарды жеткізуге уәде берген. Бірақ бұл келісімдер қағаз жүзінде ғана қалып, миллиардтан астам теңге қолма-қол ақшаға айналдырылып, жекеге жұмсалған.
72 млн теңге анасы Алашбаеваның шотына «тұрмыстық техника сатып алу» деген желеумен аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған. Сол қаржының бір бөлігіне құны 6,9 млн теңге тұратын «Rolex» сағаты сатып алынған.
2024 жылдың қаңтарында Палестинаға көмек ретінде жиналған ақшаның бір бөлігі 23 млн теңгеге бағаланған «Rebel flowers» гүл бизнесін сатып алуға жұмсалған. Ресми келісімде сома 2 млн теңге деп көрсетіліп, қалғаны жасырын жұмсалған. Бұл бизнестен 69 млн теңге табыс түскені анықталған.
Сонымен қатар тергеу барысында ұрланған қаржыға сатып алынған 4 автокөлік, 4 пәтер, 2 автотұрақ, үй, жер телімі және ғимарат анықталды. Құны 158 млн теңге болатын зергерлік бұйымдар, аяқ киімдер мен сөмкелер тәркіленді. Жалпы сомасы 865 млн теңге болатын мүлікке тыйым салынды,- делінген ресми хабарламада.
Алашбаева Г. үй қамаққа алынып, тергеу жалғасуда. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша барлық күдіктілер іс материалдарымен танысуда.