«Кең дала 2» бағдарламасына өтінім қабылдау 1 қазанда басталады
Елімізде көктемгі егіс жұмыстарына алдын ала дайындықты қамтамасыз ету мақсатында «Кең дала 2» бағдарламасы іске қосылады. Өтінімдер 2025 жылғы 1 қазаннан бастап қабылданады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкімет пен қаржы институттарына берген тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылып отыр. Бағдарламаның басты мақсаты – ауыл шаруашылығы өндірушілерін ерте қаржыландыру арқылы жаңа маусымға толыққанды дайындық жасауға мүмкіндік беру.
Қаржыландыру аясында:
жанар-жағармайды қолайлы бағамен сатып алу,
тыңайтқыш алу,
техниканы жөндеу,
тұқым қорын қалыптастыру көзделген.
Бағдарлама жылдық 5% жеңілдетілген сыйақы мөлшерлемесін ұсынады. Қажет болған жағдайда, қарыз сомасының 85%-ына дейін «Даму» қоры кепілдік бере алады.
Қаржыландыру «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның филиалдары мен серіктес қаржы институттары арқылы жүргізіледі.
Соңғы жылдары қолдау көлемі айтарлықтай өсті:
2022 жылы – 140 млрд теңге,
2025 жылы – 700 млрд теңге жоспарланып, оның 500 млрд теңгеден астамы игерілді.
Бұл қадам аграрлық салаға тұрақты қолдау көрсетіліп отырғанын дәлелдейді.
Бағдарламаға қатысқысы келетін шаруалар «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның аймақтық филиалдарына жүгіне алады. Толық ақпаратты Agrocredit.kz сайтынан немесе Call-орталықтың байланыс нөмірлері арқылы білуге болады:
5353 (Kcell, Activ, Beeline)
+7 775 007 68 07 (Tele2, Altel).