KZ
Өскемен
-1°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
494.63 583.22 6.42

Шығыс Қазақстанда салынатын казинолар тек шетел туристеріне қызмет етеді

9.01.2026, 18:00 229 Айдос Мырзахметов

Жуырда елімізде Бурабай мен Қапшағаймен шектеліп келген ойын аймақтарының қатары ұлғаймақ. Үкімет деңгейіндегі жоспарға сәйкес, казино нысандарын Маңғыстау облысының Каспий теңізі жағалауында, Жетісу облысының Панфилов ауданындағы Алакөл маңында, Алматы облысының Талғар ауданында, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл мен Зайсан аудандарында орналастыру мүмкіндігі қарастырылуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап. 

Көпшілікті көңіліне күмән салған бұл мәселеге түсінік берген министрлік жаңадан бой көтеретін ойын аймақтары тек шетелдік туристерге қызмет көрсететінін қадап айтты. Бұл ретте әлемдік тәжірибе көрсеткендей, тек шетелдіктерге арналған ойын аймақтары туристерді тартудың және курорттық инфрақұрылымды дамытудың тиімді тетігіне айналған. Мұндай тәжірибе ішкі әлеуметтік ортаға кері әсерін тигізбей, экономикалық өсімге оң ықпал етеді.

ҚР Туризм және спорт министрлігі тек шетел азаматтарына арналған ойын аймақтарын салу мүмкіндігі бойынша әлеуметтік-экономикалық зерттеу жүргізген. Мәселен, Маңғыстау облысы тұрғындарының 46 пайызы шетелдіктерге арналған казино салу бастамасын қолдаған. Экономикалық болжам бойынша, 2029 жылға қарай өңірге 148 мың шетелдік турист келеді деп күтіледі. Бұл 7 мың тұрақты жұмыс орнының ашылуына және бюджетке 1,2 млрд теңге салық түсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ал Жетісу облысында сауалнамаға қатысқандардың 67 пайызы казино құрылысына қарсы емес екенін білдірген. Болжам бойынша, 2029 жылға қарай өңір жыл сайын 36 мыңға дейін шетелдік турист қабылдап, шамамен 700 жаңа жұмыс орны ашылады. Жергілікті бюджетке жылына 2,4 млрд теңге салық түседі деп күтілуде.

Осыған қатысты Шығыс Қазақстанға сапары барысында Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров өз көзқарасын білдіріп, казиноны экономиканың бір драйвері ретінде қарастыру керектігін атап өтті.

- Казино дегеніміз экономиканың драйвері. Оны дұрыс пайдалана білу керек. Әуежай салынып, қонақүйлер бой көтерсе шетелдік туристер тек ағыла түспек. Шығыс Қазақстан облысында ғана төрт табиғи белдеу бар. Соны көріп, тамашалау үшін де келетіндер көп. Сондықтан, мұндай мәдениетке төзімділікті арттырайық. Жаңашылдықтардан қорықпау керек, - деп атап өтті Ерлан Бияхметұлы.

Айта кетейік, ойын аймақтарын белгілеу және олардың қызметі «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Аймақтардың нақты шекарасын жергілікті атқарушы органдар айқындайды. Ал жұмыс тәртібіне сәйкес, ойын орындарына тек шетел азаматтар ғана кіре алады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу