KZ
Өскемен
+1°
облачно с прояснениями жел 1,7 м/с, ОШ
488.45 529.19 5.04

Әдеп жөніндегі кеңестің отырысы өтті - ШҚО

Фото: Әділхан Есімханов

24.01.2024, 18:00 112 Айна Ескенқызы

ШҚО мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменттің жанындағы Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында өткен жылы барлығы 70 тәртіптік іс қаралса, заңнан аттаған кейбір шенеуніктердің қызметінен өз еркімен кетуіне орай, оларға қатысты 7 іс қысқарып қалған, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

 

Тоқтатылған тәртіптік істердің бірі Көлік комитеті арқылы түскен Шығыс Қазақстан көлік прокуратурасының  ұсынымының негізінде қозғалған. Прокуратураның актісінде  ШҚО бойынша көліктік бакылау инспекциясы басшылығының іс-әрекеттерінде ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының  50-бабында көрсетілген мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар бар екені жазылған. Шығыс Қазақстан көлік прокуратурасының  2023 жылғы 20-қазандағы ұсынымының негізінде  2023 жылдың 13-желтоқсанында Әдеп жөніндегі кеңес төрағасының бұйрығымен тәртіптік іс қозғалады.

 

– Бізге алғашында, мәліметтер толық түскен жоқ. Біз Көлік комитетіне тиісті материалдарды ұсыну туралы сұрау хат жолдадық.  Көлік инспекциясында жұмыс істейтін тұлғалардың істері жан-жақты зерделенді.  Айталық, өңірден шет елдерге жүк тасымалдайтын көліктерге рұқсат қағазы беріледі. Прокуратура  анықтағандай, шетелге шығатын кейбір көліктің нөмірі мен тіркемесінің нөмірі сәйкес келмейді. Демек, инспекция жағы заң бұзушылыққа жол берген, – деді Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Нұрлан Еркебаев.


Бұдан басқа, 2022-2023 жылдары айыппұлдарды төмендету, жұмысты тиісінше ұйымдастырмау және испекция тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі сияқты заңбұзушылықтар орын алған.

 

Қысқасы, бұл жақта Әдеп кеңесі тәртіптік іс қозғап, шенеунікті жөнге саламыз дегенше, ШҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Асхат Ешимов 2023 жылғы 1-желтоқсанда Көлік министрлігі аппарат басшысының бұйрығымен (№118-к) Солтүстік Қазақстан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы лауазымына тағайындалғаны белгілі болды.

 

Жиында былтыр Әдеп кеңесінің тоғыз отырысы өткені, онда барлығы 71 іс қаралғаны, олардың 23-і тәртіптік іс екені  айтылды. Қызығы сол, заңнан аттаған шенеуніктердің қызметтерінен өз еріктерімен кетуіне орай, 23 істің 7-уі тоқтатылған.

 

 – Осыған қатысты менің сұрағым бар. Айталық, облыс көлемінде заң бұзып, кейін өзіне кінә артылатынын сезген шенеунік қызметінен тезірек кетіп қалады. Кейін оның басқа облысқа барып, жоғары лауазымға тағайындалғанын естиміз. Сонда бізде заңбұзушылыққа жол берген адам қалайша өзге өңірде басшы қызметіне тағайындалады? Қалайша қызметін алаңсыз жалғастырады? Осылай жалғаса бермек пе? – деді кеңес мүшесі Азамат Есембулов.

 

Әділеттілік үшін айтайық,  Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Көлік министрлігінің аппарат басшысына тәртіптік іс қозғалуына байланысты инспекция басшысы А.Ешимовтың өз еркімен мемлекеттік қызметті тоқтатуына жол бермеу жөнінде 8-желтоқсанда жазбаша ескерткен. Алайда бұл уақытта А.Ешимбаев бір аптадай басқа облыстың көлікті бақылау инспекциясының басшысы болып отырған.

 

Дегенмен Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Қайрат Сапарғалиев осы тұрғыда заңнамада өзгерістер болуы мүмкін екенін жеткізді.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив