KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, СШ
498.34 519.72 4.85

ШҚО-да туберкулезбен қоғамдық ұйымдар да күреспек

фото: depositphotos.com

23.04.2024, 12:09 143 Айна Ескенқызы

Халықтың осал топтарының мүддесін қорғайтын  үкіметтік емес ұйымдардың қызметін қолдау олардың мүмкіндіктерін кеңейтеді. Бұл әсіресе туберкулез сияқты әлеуметтік дертпен күресуде маңызды. Облыста осы бағытта жұмыс істейтін ҮЕҰ-ға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында «Азаматтық қоғамды қолдау және нығайту қажет, оларды неғұрлым өзекті жалпымемлекеттік міндеттерді талқылау және шешу мақсатында тарту қажет» деп атап өткен болатын.

Өңірдегі «Қуат» ҮЕҰ жұмысының арқасында туберкулезбен науқастанған халықтың осал топтарының мүдделері қорғалып келеді. Емханаларға өз бетімен келмейтін осындай жандарды іздеп табуда, олардың медициналық қызмет алуын қадағалауда үкіметтік емес ұйымдарының рөлі өте маңызды. Ұйым мүшелерінің көмегімен туберкулездің алдын алу шаралары туралы ақпараттандыру мүмкіндіктері кеңейтіледі, ҮЕҰ медициналық қоғамдастық пен жоғары тәуекел тобындағылар арасында туберкулезге қарсы күрестегі көпір деуге болады.

– Туберкулез компоненті бойынша жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың қызметін қолдағаны, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен жергілікті бюджеттен қаражат бөлуге жәрдемдескені үшін облыс басшылығына  шын жүректен алғыс білдіргіміз келеді, – деді ШҚО туберкулезге қарсы диспансердің  басшысы Райфа Сафиоллинова. 

Диспансердің баспасөз қызметінің мәліметінше, туберкулез ауруының негізгі үлесі халықтың әлеуметтік осал топтарында тіркелген. Атап айтсақ, олардың 52,7%-ы – жұмыссыздар, 5,6%-ы – үй-күйсіз жандар, 8,3%-ы – зейнеткерлер, 13,8%-ы – АИТВ жұқтырғандар, 2,7%-ы – нашақорлар, 12,5%-ы ішімдікке салынғандар, 1,4%-ы –  абақтыда жазасын өтеп жатқан азаматтар.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу