Жаңа нысанның құрылысын бастауға рұқсатты қалай аламыз?
depositphotos.com
Құрылыс жобаларын жүзеге асыру үшін қандай рұқсат беру рәсімдері көзделгенін ШҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы бөлімінің бас маманы Мағжан Файзоллин айтып берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мағжан Файзоллиннің айтуынша, кез келген нысанның құрылысы жоспарланбас бұрын, тұрғын үй, өндірістік база немесе жаңа сауда үйі болсын, болашақ меншік иесі – жеке тұлға немесе кәсіпорын құрылыс саласындағы құрылыс жүргізу және рұқсат беру рәсімдеріне қойылатын талаптарды мұқият зерттеуі қажет. Бұл талаптар 2015 жылы бекітілген болатын.
Сонымен қатар құрылыс саласындағы құрылыс жүргізу және рұқсат беру рәсімдерін ұйымдастыру ережелерін жергілікті атқарушы органдар, инженерлік желілер жүргізуге маманданған кәсіпорындар, құрылыс компаниялары мен сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы бақылау және қадағалау органдары, меншік нысанына қарамастан, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің субъектілері міндетті түрде сақтауы қажет.
Құрылыс жобасына рұқсат алу процесі бес негізгі кезеңнен тұрады. Ең алдымен, құрылыс жобаларын әзірлеу үшін бастапқы материалдарды алу қажет. Болашақ құрылыс нысанына жер учаскесін ресімдеу кезінде бастапқы материалдар берілген жағдайлар ғана ерекше жағдай болып табылады.
Одан кейін эскиздік жобаны әзірлеу және келісу кезеңі басталады. Эскиз бекітілгеннен кейін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, құрылыс жобаларына кешенді ведомстводан тыс сараптама жүргізіледі.
Жоба сараптамасының қорытынды актісін алғаннан кейін ғана мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын уәкілетті органдарға құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы хабарлау қажет. Содан кейін құрылыс-монтаж жұмыстарын тікелей бастауға болады.
Рұқсат беру рәсімдерінің соңғы кезеңі жаңа нысанды қабылдау және оны пайдалануға беру болып табылады.
Сонымен қатар Мағжан Файзоллин үшінші деңгейлі техникалық тұрғыдан күрделі емес нысандарды құрылыс жобалау-сметалық құжаттама талап етілмейтін эскиздік жоба бойынша салуға болатынын айтты. Мұндай жағдайда ЖСҚ әзірлеу, оның сараптамасын жүргізу және уәкілетті органдарды хабардар ету қажет емес.
Ержан Әбіш