KZ
Өскемен
-14°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, В
509.94 593.88 6.43

Банк және микроқаржы омбудсмендері туралы не білеміз?

pexels.com

15.04.2025, 15:30 351 Айна Бакимбаева

Қазақстанда алғаш рет микроқаржы омбудсмені институты құрылды. Екіншіден, банк омбудсманының өкілеттіктері айтарлықтай кеңейтілді. Заңға енгізілген бұл түзетулер 2024 жылғы 21 желтоқсаннан бастап күшіне енді. Осылайша, кредиттік ұйымдармен даулар туындап, келісімге келе алмаған қарыз алушылар мәселелерін банк немесе микроқаржы омбудсмандарының көмегімен шеше алады. Біз төмендегі мақаламызда олардың өкілеттіктеріне кеңінен тоқталамыз.

2024 жылғы маусым айында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Қазақстандық қарыз алушылардың құқықтарын қорғайтын бұл құжатты ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірледі. Түзетулер 2024 жылғы 21 желтоқсаннан бастап күшіне енді. 

Банк омбудсмені деген кім?

Банк омбудсмені өз қызметінде тәуелсіз тұлға болып табылады және заң бойынша банктер оның шешімдерін орындауға міндетті. Қазіргі уақытта ол қарыз алушы жеке тұлғалар мен банктер арасындағы ипотекалық қарыз шарттары бойынша дауларды сотқа жеткізбей шешеді. Омбудсменнің өкілеттіктері «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңда айқындалған.  

Банк омбудсменінің кеңсесінде азаматтар қарыздардың барлық түрлері, банк өнімдері бойынша кеңес ала алады. Осылайша, банк омбудсмені қарыз алушылар мен банктер арасында ымыраға келуге көмектесетін делдал ретінде әрекет етеді. Банк ипотекалық қарыз шартының талаптарын немесе заңды бұзған жағдайда, мысалы, ипотека бойынша пайыздық мөлшерлемені көтеріп, ай сайынғы төлеміңізді көбейтсе, омбудсмен көмекке келеді. Сонымен қатар, кредит бойынша төлем мерзімін кешіктіру мәселелері бойынша консультация береді, қиын қаржылық жағдайға тап болғанда, оның ішінде алаяқтық кредиттерді ресімдеуге байланысты іс-қимыл алгоритмін және т.б қызметтерді ұсынады.

Оның өкілеттіктері қалай кеңейтілді?

Банк омбудсмені Дархан Нұрпейісовтың айтуынша, 2011 жылғы ақпаннан 2024 жылғы 21 желтоқсан аралығында  банк  омбудсменінің өкілеттіктері тек қана ипотекалық қарыздар бойынша, яғни кепілмен қамтамасыз етілген қарыздар бойынша келіспеушіліктерді реттеумен шектеліп келген. Бұл шешім сол жылдардағы мәселелермен байланысты болды: 2008 жылғы дағдарыстан кейін қарыз алушыларға доллар бағамының өсуінің кесірінен кредиттік міндеттемелерін орындау қиынға түсті. Сонымен қатар жылжымайтын мүлік бағасының айтарлықтай төмендеуі байқалды, соның салдарынан қарыз алушылар жылжымайтын мүлікті сатып, банктермен толық есеп айырыса алмады.

–Алайда соңғы жылдары, реттеу шараларын енгізу және ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру мемлекеттік бағдарламасын іске асыру арқасында ипотекалық кредиттермен байланысты мәселелер саны азайды. Мұны статистикадан да көруге болады, ипотекалық қарыздар бойынша өтініштердің үлесі жалпы сұратулардың 30%-нан аспады, ал шағымдардың негізгі бөлігі кепілсіз тұтынушылық кредиттерге қатысты болды. Мұндай жағдайларда қарыз алушылар тек кеңес ала алатын, себебі олардың көтеріп отырған мәселелері біздің құзыретімізге кірмейтін, – деп түсіндірді Дархан Нұрпейісов Fingramota.kz сайтына берген сұхбатында.

Осыны ескере отырып, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк омбудсманының өкілеттіктерін банктік қарыз шарттары бойынша барлық келіспеушіліктерге қатысты кеңейтуді шешті. Бұл ипотекалық шарттарды, автокредиттеу шарттарын және азаматтардың тұтынушылық қарыздарын қамтиды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, 2024 жылғы 21 желтоқсаннан бастап банк омбудсмені жеке тұлғалардың барлық банктік қарыз шарттары бойынша келіспеушіліктерін қарауға және қарыз шарты тапсырылған банктер мен коллекторлық агенттіктер үшін міндетті шешімдер қабылдауға өкілетті.

Осы орайда банк омбудсмені тек сотқа дейінгі кезеңдегі өтініштерді қарастыратынын айта кеткен жөн. Егер сот шешімі шығарылып қойса,  не атқарушылық жазба болса немесе қарсы талап арыз берілген жағдайда, мұндай өтініштер қарауға қабылданбайды.

–Банк омбудсменінің өкілеттіктерін кеңейту банктік қызметтерді пайдаланушыларға даулы мәселелерді шешуде қолжетімділікті арттырады, бұл клиенттердің банк жүйесіне деген сенімін нығайтады. Банктер мен олардың клиенттері арасындағы келіспеушіліктердің сотқа дейінгі сатыда шешілген саны артады деп күтілуде, бұл қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті төмендетеді. Сонымен қатар, қаржы реттеушісіне және сот органдарына түсетін жүктеме азаяды, себебі оларға келіп түсетін шағымдар саны қысқарады, –деп атап өтті Дархан Нұрпейісов.

Сонымен қатар, көптеген банк клиенттері ұзақ және шығынды сот процесінен босатылады, себебі банк омбудсменінің қызметтері тегін.

Микроқаржы омбудсмені деген кім?

Бұл – микрокредит беру туралы шарттардың шеңберінде туындайтын барлық мәселені шешетін, өзінің қызметінде тәуелсіз жеке тұлға, қарыз алушылар мен микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар (МҚҰ) арасындағы делдал. Микроқаржы омбудсмені тек МҚҰ клиенттері – жеке тұлғалар жүгіне алады және оның көмегі де тегін көрсетіледі. Қазақстандағы микроқаржы омбудсмені болып  Назгүл Естеусізова  бекітілді.

Микроқаржы омбудсменінің алдында микроқаржы ұйымдары клиенттерінің құқықтарын қорғау және қарыз алушылар мен микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер арасындағы дауларды шешуге жәрдемдесу міндеттері тұр. Микроқаржы омбудсменінің шешімін микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер орындауға міндетті.

Микроқаржы омбудсмені қандай өтініштерді қарамайды?

- сот қарап жатқан немесе олар бойынша заңды күшіне енген сот актісі бар өтініштерді;

- қарыз алушы туындаған жағдайды реттеу үшін өзінің МҚҰ-ға, кредиттік шарт бойынша құқық (талап) берілген тұлғаға жүгінгендігін растайтын жазбаша дәлелдемелер ұсынбаған кезде;

- жаңа мән-жайлар болмаған кезде қайта жіберілген өтініштерді қарамайды.

Қарыз алушылар тағы нені білу керек?

Егер қарыз алушылар банк омбудсмені немесе микроқаржы омбудсменінің шешімдерімен келіспесе, олар кредиттік ұйыммен дауды сот арқылы шеше алады. Сотқа жүгінген жағдайда басқа қолда бар құжаттардың барлығына омбудсменнің шешімін қоса беру қаже. Банк немесе МҚҰ да уәкілетті қаржы делдалының шешіміне шағым беру үшін сотқа жүгіне алатынын есте ұстаған жөн. 

Егер банк, МҚҰ немесе коллекторлық агенттік омбудсменнің шешімін елемеген немесе оны белгіленген мерзімде орындамаған жағдайда, омбудсманға қайта жүгінуіне болады. Алайда, заңнамалық өзгерістер енгізілгеннен кейін, кредиттік ұйымдар мен коллекторлық агенттіктер клиенттермен дауларды омбудсманның шешіміне дейін реттеуге мүдделі.

Егер банк немесе микроқаржы омбудсмені қаржылық көрсетілетін қызметтердің тұтынушысының құқықтарын бұзған жағдайда, мысалы, банктік құпияны ашқан жағдайда, омбудсмендердің әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағым бергіңіз келген кезде, Сіз Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне:

- жазбаша түрде мына мекенжай бойынша: А15С9Т5, Алматы қ., Көктем-3 ш/а, 21-үй;

- E-Otinish жүйесі арқылы;

- аумақтық тиесілігі бойынша – өңірлік өкілдер басқармалары арқылы жүгіне аласыз.

Агенттіктің call-орталығы +7 (727) 237 1000 нөмірі бойынша немесе «Fingramota Online» мобильдік қосымшасы арқылы консультация алуыңызға болады.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу