KZ
Өскемен
+4°
пасмурно жел 2 м/с, СШ
485.11 523.82 5.02

Қорадағы 30 қойды қырып кеткен қасқырлар болып шықты

Фото: Еділхан Сарбасов
Фото: Еділхан Сарбасов
26.01.2024, 12:41 167

Көкжота ауылы тұрғынының қорадағы малына шапқан жыртқыш қасқырлар болып шықты. Екі күн бұрын түз тағыларын тікұшақпен іздеп шыққан орман және аңшылық шаруашылығының жедел жасағы Қараөткел жақтағы құмды шағылдан төрт қасқырды атып өлтірген, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

 

Самар ауданындағы Бастаушы ауылдық округінің Көкжота ауылында 20 қаңтар күні түнде белгісіз жыртқыш ауыл тұрғыны Еділхан Сарбасовтың қорасындағы малға шауып, таңертең 15 бас қой өлі табылған. Жыртқыш тағы да 15 қойды жаралап, жайратып, қаңсыратып кеткен. Мал иесі Еділхан Сарбасовқа телефонмен хабарласқанымызда, қазір қолында жеті қой ғана қалғанын айтады. Қозылы қойлары өзге жылы қорада тұрып, аман қалыпты. Қасқыр қырып кеткен 30 басының 20-дан астамы қозылағалы тұрған буаз қойлар болған екен. «Жергілікті әкімдіктегілер малды ит талап кетсе немесе басқадай жағдайдан өлсе ғана шығынды өтеп беретінін айтты. Қыстайғы осы мал деп жинаған шөбім сол күйі қалды. Қолымызды қусырып қалдық қой» дейді.

 

– Белгісіз жыртқыш қораға есіктің астын қазып, кішкентай тесіктен  кіргендіктен және қойлардың көпшілігін тек қана тамақтап кеткендіктен, бастапқыда ауыл тұрғындары белгісіз жыртқышты сілеусін болуы мүмкін деп топшылағанбыз. Егер қасқыр болса, онда ол қойлардың қарнын жарып тастаған болар еді, ал бұл жыртқыш өліктерді қатты жарақаттамаған. Бірақ, кейін жыртқыш өзге малдардың құйрық, бауыр жағын да жарақаттап, жарып кеткенін байқадық. Ішек-қарыны сыртқа көрініп жатты. Ауданнан келген аңшылық шаруашылығының иесі Александр Федосов мал қорасының жан-жағындағы, ауыл сыртындағы жыртқыштардың іздеріне қарап, бұлар қасқыр екенін және олардың біреу емес, бірнешеу болғанын айтты. Қасқырлар ауылдың шетіндегі МТМ маңынан кіріп, ауылдың екінші жағынан шығып кеткен, – дейді Көкжота ауылында тұратын Құлынжон қорығының мемлекеттік инспекторы Нұрхат Беркімбаев.

 

Оқыс оқиғадан кейін жергілікті билік орман шаруашылығы қызметкерлеріне жыртқыштарды бақылауды күшейтуді тапсырған болатын.

 

24 қаңтар күні Құлынжон қорығының мемлекеттік инспекторы Нұрхат Беркімбаевтың жол көрсетуімен көкке көтерілген тікұшақтағы орман және аңшылық шаруашылығының жедел жасағы Көкжота ауылының арғы тұсындағы Қараөткел жақтағы құмды шағылдан төрт бірдей қасқырды атып өлтірген. Жергілікті аңшылық шаруашылығының иесі Александр Федосовтың айтуынша, малға шапқан қасқырлар осылар болуы мүмкін.

 

Нұрхат Беркімбаевтың бізге телефонмен баяндап айтқанындай, 46 мың гектарға жуық жерді алып жатқан Құлынжон қорығындағы шағылдарда еліктер көп жүреді. Сілеусіндер де кездеседі. Шағыл құмдарда қар жамылғысы жұқа болғандықтан бұл өңір қыста тұяқтылардың жайылуына ығайлы. Сол себепті ол жақта түз тағылары, үйірімен жүретін қасқырлар да көп.

 

Шығыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары берген мәлімет бойынша, бүгінде облыста шамамен 1741 қасқыр, 1261 сілеусін бар көрінеді. Бұл біздің өңір үшін көп пе, аз ба, бәлен деп айта алмаймыз. Айтарымыз: облыс аудандарындағы мал шаруашылығы иелерінің қасқырдың өрістегі малға шауып, тыныштықты алып тұрғанын жиі айтып, хабарлап жүргені. Мұны мемлекеттік инспектор Нұрхат та растады. «Кеше ғана Күршім ауданындағы Қайыңды ауылындағы шаруашылық иесі жылқыларына қасқыр шауып жатқанын айтып, хабарласты», дейді ол.

 

– Зайсан, Тарбағатай ауданында қасқырлар малға, мал иелеріне маза бермей жатыр. Былтыр да осылай болған. Бір қыста бір ауданның өзінен 700-дей жылқы мен ірі қара қасқырға жем болып жатыр. Бұл ауыл тұрғындарының бюджетіне үлкен шығын әкеліп отыр. Осы мәселеге дұрыстап, назар аудару керек, – дейді Зайсан ауданындағы кәсіпқой аңшы Жалын Мұратұлы.

 Фото: Еділхан Сарбасов және Жалын Мұратұлынікі 

Жанаргүл Мұқатай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Ерназар 27 қаңтар 2024 17:16
2

Мағлұмат 100 пайыз дұрыс жазылған. Енді малдан болған шығынды не істейміз деген оймен басымыз қатуда. Жалпы шығын 1200 000тг орта есеппен. Акимат тараппынан қасқырдың қорадағы малды қырып кеткеніне біз ештеңе істей алмаймыз деген сөздері қыржылтады. Осындай қиын қыстау да үкімет қарапайым халыққа қол ұшын бермесе, қай уақытта береді деген сұрақ туындайды???

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив