KZ
Өскемен
-25°
плотный туман жел 1 м/с, С
523.72 544.09 5.2

Қоғамдық тыңдауларда түпкілікті шешім қабылданбайды

16.05.2024, 19:34 165

Күршім ауданының Маралды ауылында алтын өндіру фабрикасы құрылысының жобасы бойынша 2020 жылдан бері 11 қоғамдық тыңдау өткен. Бұл тыңдауларға ауыл тұрғындары, жергілікті атқарушы билік пен жер қойнауын игеруші компания өкілдері қатысқан, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Тыңдаулар барысында келіп түскен ұсыныстар мен сұрақтар – барлығы хаттамада көрсетіліп, экологиялық порталға енгізілген. Осы  ретте ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Еламан Мұхтарханов қоғамдық тыңдаулар тек екі жақтың пікірін біліп, талап-тілектерді ескеру мақсатында өткізілетінін атап өтті.

– Экологиялық кодекстің 96-бабы, 1-тармағына сәйкес мемлекеттік экологиялық сараптама басталғанға дейін немесе оны жүзеге асыру процесінде қоғамдық тыңдаулар өткізу міндеттелген. Қоғамдық тыңдаулар – жергілікті тұрғындар мен жер қойнауын пайдаланушылар арасындағы диалог, яғни екі тарапқа да өз ұсыныстарын айтуға берілген мүмкіндік. Барлығы хаттамаға тіркеледі, бейнекамераға жазылады. Алайда, тыңдаулар барысында ешқандай түпкілікті шешім қабылданбайды, – деп түсіндірді Еламан Мұхтарханов.

Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде Маралды ауылындағы алтын өндіру фабрикасының құрылысына қатысты алып-қашпа әңгіме көбейген. Осы орайда жағдайдың анық-қанығын біліп, шынайы ақпарат алу үшін жергілікті БАҚ өкілдерінің бастамасымен ашық диалог түрінде жиын өтті. «Altainews» медиа-орталығы ұйымдастырған басқосуға мемлекеттік органдар өкілдері, сарапшылар қатысып, журналистер сауалына жауап берді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу