KZ
Өскемен
-2°
туман Штиль
494.87 520.65 4.91

Маралдыдағы алтын фабрикасының құрылысына тексеру жүргізіледі

4.07.2023, 11:42 314 Оразай Жеңісұлы

Осы айда Шығыс Қазақстан облысына қарасты Маралды ауылының тұсында салынып жатқан алтын өндіру фабрикасы құрылысына тексеру жүргізіледі.

Бұл жайында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев аталған ауыл тұрғындарының атынан келген бір топ елордалықпен кездесуде айтты, деп хабарлайды Altaynews.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Министрмен кездесуге қатысқан Гүлгүл Исинаның айтуынша, болашақ фабрика Маралды өзенінің жанында орналасқан.

«Бұл кейіннен жергілікті тұрғындардың денсаулығына және осы жердегі табиғи қорыққа кері әсерін тигізуі мүмкін», – деді ол.

Осы орайда, Марат Қарабаев министрлікте арнаулы комиссия құрылғанын және шілденің екінші жартысында мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен жергілікті жерге барып, тексеру жүргізілетіндігін атап өтті. Қандай да бір заң бұзушылық анықталып, ол уақтылы жойылмаған жағдайда тиісті іс-шаралар қабылданбақ.

«Біріншіден, барлық құрылыс жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізу міндетті болып саналады. Тиісінше, бұл жағдайда алтын өндіру кезеңіне көшу барысында қоғамдық тыңдаулар да өткізілуі керек. Екіншіден, шілденің екінші жартысында мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен тексерулер жүзеге асырылады. Үшіншіден, жұмыстар экологиялық қауіпсіздіктің барлық нормасын сақтай отырып жүргізілуге тиіс. Бұл талаптарды ешкім жоққа шығармайды. Тұтастай, осы кезеңде компания тек геологиялық-барлау жұмыстарымен айналысуға тиіс», – деді Марат Кәрімжанұлы.

Ведомство мәліметінше, аталған фабриканың құрылысы жергілікті тұрғындардың қатысуымен болатын қоғамдық тыңдаулардың қорытындылары бойынша және құзыретті органдардың рұқсатына сәйкес оң нәтиже алынғаннан кейін ғана іске асырылады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу