ШҚО-да әйелдер мен балаларды қорғау мәселесі талқыланды
ШҚО-да полицейлер әйелдер мен балалардың құқықтарын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың 15 сәуірінде әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауға бағытталған заңнамадағы жаңа өзгерістерге қол қойғаны белгілі. Түзетулер мемлекеттік отбасылық саясаттың құқықтық, әлеуметтік, институционалдық және өзге де негіздерін жетілдіруге, әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейтуге, олардың қауіпсіздігін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуға, отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қауіптілігін бағаламауға болмайды, ол адамға зиян келтіру немесе өлім, жетімдік және балалардың жарақаттануы ғана емес, сонымен қатар отбасы және әлеуметтік байланыстар институтын бұзу, жоғары құндылықтардың – адамның, оның өмірінің, денсаулығының және қол сұғылмаушылықтың құнсыздануы болып табылады.
Полиция қызметкерлері мүдделі органдармен бірлесіп отбасылық-тұрмыстық қылмысқа қарсы іс-қимыл жұмысын жалғастырып жатқанын атап өтті. Зорлық-зомбылық ықтималдығы жоғары отбасыларға ерекше назар аударылады. Бұрын сотталған адамдарға, сондай-ақ қоғамға жат өмір салтын ұстанатын азаматтарға бақылау жүргізіледі.
Естеріңізге сала кетейік, облыста құқық қорғау органдарымен үш дағдарыс орталығы өзара іс-қимыл жасайды. Олардың қызметтерін пайдалану үшін тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары осы орталықтарға өз бетінше немесе полиция қызметкерлерінің тікелей көмегі арқылы хабарласа алады.
Тек ағымдағы жылы ғана полицейлер дағдарыс орталықтарына 90-нан астам әйелді жіберді, олардың көпшілігі балалары бар, өмірлік қиын жағдайға тап болған.
Тәртіп сақшылары облыстың әр өңірінде осындай қосымша дағдарыс орталықтарын құруға бастамашы болып отырғанын айта кеткен жөн.
Сонымен қатар, ШҚО полиция департаменті кез келген зорлық-зомбылықтың көрінісіне куә болғандарды қылмысқа бей-жай қарамауға шақырады.