ШҚО: Зорлық-зомбылық көрсеткен 601 адам әкімшілік қамауға алынған
Фото: lamenteesmaravillosa.com
Шығыс Қазақстан облыстық сотында өткен 2023 жылғы сот төрелігінің жүргізілу сапасы мен қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында айтылғандай, былтыр облыста отбасылық-тұрмыстық зорлық -зомбылық бойынша 18 тұлғаға қатысты қылмыстық іс қаралып, 16 тұлға Қылмыстық кодекстің 106 бабы бойынша, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін жауапқа тартылған, - деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әділ Бакиннің айтуынша, отбасы - тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттері үшін өткен жылы отбасында ұрып соғып, денсаулыққа қасақана зиян келтірген 3568 тұлға жауапқа тартылып, олардың 601-і әкімшілік қамауға алынған.
Отбасылық зорлық -зомбылықтың жыл сайын көбейіп бара жатуынан елімізде отбасындағы тұрмыстық зорлық -зомбылыққа қатысты жаза күшейтілуде. Енді жәбірленушінің өтінішінсіз (көршілердің, оқиға болған жердегі азаматтардың, полицияның т.б куәгерлігімен) әкімшілік құқық бұзу туралы іс қозғауға болады. Алайда, баспасөз мәслихатында айтылғандай, іс сотқа барғанда өзіне бір емес, бірнеше рет қол көтеріп, таяқтың астына алған ерін кешіретін әйелдер аз болмаған.
Елімізде тұрмыстық зорлық -зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды көздейтін әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасы дайындалып бітті, алдағы уақытта Мәжіліске жолданбақ. Жаңа заң жобасына зорлық-зомбылықты криминализациялау, яғни ұрып соққаны және денсаулыққа жеңіл түрде зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастыру енгізіліп отыр. Қазір бұл әрекеттер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс негізінде қарастырылып келеді. Cенатор Жанна Асанованың келтірген мәліметінше, 2023 жылы Қазақстанда тұрмыстық зорлық зомбылықтың салдарынан 69 әйел мен 7 бала қайтыс болған.
Жанаргүл Мұқатай