ШҚО: Көмірді қазірден бастап сатып алуға шақырды
Қыстың қамын жаз ойла! Күзде жұрттың бәрі жапа -тармағай көмір сатып алуға кіріскен кезде дүрбелең туып, тапшылыққа тап болып, қысылтаяңда қалмас үшін халық баспаналарына қатты отынды қазірден бастап жеткізіп алулары керек. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мамандары аймақ тұрғындарын күзде сұранысы артатын көмірдің қамына қазірден бастап кірісуге шақырып отыр, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Биыл өңірде көмірдің бағасы тоннасына 15 800 теңгеден-22000 теңге аралығында. Өскеменде әлеуметтік көмірдің бағасы 15 300 теңгеден болмақ.
Қазіргі күні көмір облыстың темір жол тұйықтары бар қалалары мен аудандарында 21 аймақтық оператор арқылы үлестіріліп жатыр. Темір жол тұйықтары жоқ елді мекендердегі тұрғындар мен әлеуметтік нысандарға көмірді «Қаражыра» АҚ кенішінен немесе жақын маңдағы тұйықтардан жекелеген жеткізушілер тасымалдап жатыр. Осы уақытқа дейін тұрғындар 71,3 мың тонна көмірмен немесе барлық қажетті көмірдің 16 пайызымен қамтылған.
Облыс тұрғындарының, мекемелер мен жылу бөлу орталықтарының жылыту маусымындағы көмірге деген қажеттілігі 3 087 мың. тоннаны құрайды, соның ішінде жылыту көздеріне - 2 608,5 мың. тонна, коммуналдық –тұрмыстық секторға – 479,9 мың. тонна (тұрғындар – 440,1 мың. тонна, бюджеттік ұйымдар – 39,8 мың. тонна) көмір қажет.
Тұрғындар мен жылыту көздеріне көмірді дер уақытында жеткізу мақсатында облыста «Қаражыра» АҚ және ҚТЖ ҰК мен көмір тасымалдаудың және жартылай вагондармен қамтамасыз етудің арнайы кестесі жасалған.
Осы уақытқа дейін тұрғындар 71,3 мың тонна көмірмен немесе барлық қажетті көмірдің 16 пайызымен қамтылған.
2024 жылдың 10 шілдесіндегі жағдай бойынша бюджеттік ұйымдармен 29,6 мың тонна отын (74%) жеткізуге келісім - шарт жасалынған, соның ішінде:
- денсаулық сақтау саласы– 5,9 мың тонна,
- әлеуметтік сала – 4,99 мың тонна,
- білім беру– 18,7 мың тонна.
Қазіргі уақытта жасалынған келісім- шарттар бойынша 7,8 мың тонна көмір немесе барлық қажетті көмірдің 19,7 пайызы (39,8 мың. тонна) жеткізілген, соның ішінде:
- денсаулық сақтау саласы – 199 тонн,
- әлеуметтік сала – 1,6 мың тонн,
- білім беру саласы– 6,03 мың. тонна.