KZ
Өскемен
-8°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, В
498.34 519.72 4.85

Көмір кедергісіз сатылып жатыр - ШҚО

7.08.2022, 00:14 269

Бүгінгі күні өңірдегі коммуналдық-тұрмыстық көмірдің орташа бағасы 15600 теңгені құрайды. Бұл туралы облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы хабарлады.

Құзырлы органның берген ақпаратына сенсек, қазіргі уақытта көмір Өскемен, Риддер қалалары мен Глубокое, Шемонайха және Алтай аудандарындағы теміржол тұйықтарында еш кедергісіз сатылып жатқан көрінеді. 

– Қала және аудан әкімдіктерінің ақпараттарына сәйкес, бүгінгі күні Шығыс Қазақстан облысы бойынша коммуналдық-тұрмыстық көмірдің орташа бағасы 15 600 теңгені құрайды, – дейді облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Алма Қайрақанова. – Ал әлеуметтік көмір тек Өскеменде ғана қала әкімдігі мен «Қаражыра» акционерлік қоғамы арасында қол қойылған меморандум аясында жүзеге асырылып, шаһардағы теміржол тұйықтарында ол жеңілдетілген бағамен, яғни тоннасы 11 300 теңгеден сатылуда.

Биыл қала әкімдігі 6,5 мың отбасыны әлеуметтік көмірмен қамтуды жоспарлап отыр. Оларға арнап қазіргі уақытта 35 мың тонна көмір әзірленген. Қазіргі таңда, әлеуметтік бағадағы көмірді азқамтылған отбасылар, мүгедектер мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Чернобыль атом электр станциясындағы техногендік апатты ауыздықтауға қатысқандар, жасы бойынша зейнеткерлер, бірінші және екінші топ мүгедектері, көпбалалы отбасылар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар мен басқа да санаттағы азаматтар ала алады. Ал, төмен бағадағы көмір алу үшін тұрғындар тұрғылықты жері бойынша аумақтық басқару орталығының филиалдарына хабарласулары керек .

Жалпы, қатты отынның сатылуы темір жол тұйықтарында жүзеге асырылатындықтан, тұрғындар үшін көмір құнының қалыптасуына «Қазақстан Темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының магистральдық темір жол желілері арқылы көмір тасымалдау және «Dosjan temir joly» компаниясының «Шар-Новоустькаменогорск» учаскесіндегі темір жол қызметтерінің тарифтері әсер етеді. Жалпы, еліміздіңҰлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу комитеті Төрағасының бұйрығына сәйкес, «ҚТЖ» ҰК» акционерлік қоғамы үшін тас көмірді тасымалдау кезінде көрсетілетін қызметтерінің коэффициентін жыл сайын 5 пайызға ұлғайту көзделген. Сонымен қатар, «Dosjan temir joly» компаниясы Басқарма Төрағасының былтырғы жылғы қарашадағы бұйрығына сәйкес биыл бірінші қаңтардан бастап мұнда тариф құны 6 пайызға көтерілген.

– Теміржол тұйықтары жоқ қалалар мен аудандарда көмір сатуды қатты отынды тікелей кесіндіден немесе жақын маңдағы теміржол тұйығынан жеткізетін жеке кәсіпкерлер жүзеге асырады. Ал Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бағалары мен тарифтерін кәсіпкерлік субъектілері шығындарды негізге ала отырып, өздері дербес айқындайды, – деп қосты Алма Қайрақанова.

Айта кетсек, біз бұған дейін аймақ басшысы Даниал Ахметовтың тапсырмасына сәйкес, аудан, қала әкімдері келесі жылыту маусымы қарсаңында халықтың көмірді ерте бастан қамдауына байланысты жұмыстарды жандандырғаны жөнінде жазған болатынбыз. Ол кезде аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің басшылары әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларында халыққа арналған көмір бағасы туралы ақпараттар жариялаған еді. Өңір тұрғындары көп жағдайда көмір сатып алуды күзге қалдырады. Ал жаз айларында оны арзанға әрі кезексіз сатып алуға болатыны белгілі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу