KZ
Өскемен
-20°
туман жел 2 м/с, В
498.65 589.06 6.49

Ғылымға серпін: Шығыс Қазақстанда зерттеулерді қаржыландыру үш есеге артты

2.02.2026, 14:00 196 Базарова Айгүл

Бүгін Үкімет басшысының төрағалығымен өткен кеңесте елдегі ғылымды дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Жиын барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірде ғылыми әлеуетті күшейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Аймақ басшысының айтуынша, бүгінде облыстағы ғылыми зерттеулер металлургия, энергетика, көлік, цифрлық технологиялар, экология, агроөнеркәсіптік кешен және медицина секілді стратегиялық маңызы бар салаларға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz әкімдік баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ғылыми-өндірістік инфрақұрылым да жүйелі түрде дамып келеді. Атап айтқанда, бизнес өкілдерінің қатысуымен құрылған заманауи зертханалар, тәжірибелік алаңдар мен инженерлік шеберханалар өңір экономикасының нақты секторымен тығыз ықпалдастықта жұмыс істеуде.

Соңғы екі жыл ішінде Шығыс Қазақстанда ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемі үш есеге артқан. Қазіргі таңда мемлекеттік, халықаралық және тапсырыстық ғылыми зерттеулерді қоса алғанда, 250-ден астам жоба іске асырылуда.

Ғылым мен өндіріс арасындағы байланыстың нақты көрінісі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан университетінің базасында жүзеге асуда. Мұнда травматология және ортопедия саласына арналған медициналық мақсаттағы бұйымдар әзірленіп, өндіріске енгізіліп жатыр. Қазіргі таңда имплантаттардың екі түрі клиникалық зерттеулерден толық өтіп, төрт түрі клиникалық сынақ кезеңінде. Ал тағы 14 өнім Астанадағы Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия орталығында клиникалық сынақтан өтуге дайын.

Өңірде сәтті іске асырылып жатқан жобалардың бірі – үш аумақта енгізілген көшкін қаупін автоматтандырылған мониторингтеу жүйесі. Бұл бастама тұрғындардың қауіпсіздігін арттырып, инфрақұрылым нысандарын қорғауға мүмкіндік беріп отыр.

Сондай-ақ, сирек және аса маңызды металдар үшін жаһандық бәсекелестік күшейіп отырған кезеңде өңірде жаңа жоғары технологиялық өндірістерге жол ашатын маңызды жоба қолға алынған. Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, сирек металдарды зерттеу орталығын құру бойынша жұмыстар басталған. Университеттің қолданыстағы ғылыми-зерттеу және зертханалық инфрақұрылымы технологиялық тізбектің шамамен 60 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Бұл жобаны іске асыру мерзімі мен шығындарын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта 2030 жылға дейінгі Шығыс Қазақстан облысының даму стратегиясы әзірленіп, келісу кезеңінен өтуде. Аталған құжатта өңірдің бәсекелестік артықшылықтарын тиімді пайдалану мақсатында сирек жер элементтері мен сирек металдарды толық өңдеу циклымен өндіру жобасын іске қосу көзделген.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу