Күршімдіктер жүзу бассейнінің игілігін көріп жүр
Күршім ауданының орталығында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған бес жүзу жолағы бар жабық бассейн бір жыл бұрын, яғни 2023 жылдың мамыр айында пайдалануға берілген.
Заман талабына сай бассейнде бір сәтте 20 адам жүзе алады. Сондай-ақ онда жуыну, киіну бөлмелері мен жаттығу залы бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2021 жылдың қаңтар айында құрылыс аяқталып, ел илігіліне берілген нысанды құрылысқа жауапты мердігер компанияның жіберген кемшіліктері салдарынан қайта жөндеуге тура келген болатын.
Аудан әкімінің айтуынша, қазір Күршімде 8 мыңға жуық халық тұрса, оның 3500-і жастар. Бұқаралық спортты дамыту үшін алдағы уақытта аудан орталығында денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланған.
Сондай-ақ ауылда футбол алаңдары мен стрит-воркаут салу жұмыстары да жалғасын табуда. Аудан әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, былтыр аудан бойынша бес футбол алаңы мен балаларға арналған төрт ойын алаңы салынған.