Күршімдегі бассейн ел игілігіне жұмыс істеп тұр
Осыдан үш жыл бұрын Күршім ауданының орталығында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған бес жүзу жолағы бар жабық бассейн биылғы мамыр айында ғана пайдалануға берілген.
Өйткені құрылысқа жауапты мердігер компанияның жіберген кемшіліктері салдарынан нысанды қайта жөндеуге тура келген, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Заман талабына сай бассейнде бір сәтте 20 адам жүзе алады. Сондай-ақ онда жуыну, киіну бөлмелері, тамақ ішетін шағын асхана мен жаттығу залы бар. Нысан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының теңгерімінде. Мұнда 18 адам жұмыс істейді. Оның ішінде екі жүзу жаттықтырушысы, екі нұсқаушы бар. Мектеп оқушыларына бассейнде жүзу және басқа да секцияларға қатысу тегін. Ал зейнеткерлерге, Ауған соғысы ардагерлеріне 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған.
Қуаныш Рахметоллаұлы