Жаңа костюм, жарық әрі кең сахна. Бородулихада мәдениет нысандары қайта жаңартылды
Мерейтойларға толы 2020 жылы елімізде мәдениет саласына ерекше назар аударылуда. Биыл Бородулиха ауданы да атаулы мерекелерден қалыс қалмай, аталмыш салаға айтарлықтай көңіл бөліп, мәдениет нысандары қайта жаңартылды.
– Үстіміздегі жыл мерейтойларға толы кезең, - дейді Бородулиха аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Индира Бельская. – Атап айтсақ, биыл еліміз Ата заңымыз – Конституцияның 25 жылдығын, Ұлы Жеңістің 75 жылдығын және қазақ елінің ұлы ақыны – Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өтуде. Мәдениет қызметкерлері үшін бұл мерейтойлардың ерекше екенін атап өткім келеді. Осындай атаулы мерейтойлар жылында ауданымызда мәдениет саласына айтарлықтай көңіл бөлініп, ұзақ уақыттан бері қордаланған бірқатар мәселелер шешімін тапты.
Бөлім басшысының айтуынша, биыл аудандық Мәдениет үйінің әртістеріне жаңа сахналық киімдер сатып алынған екен. Бұл өнер мен шығармашылық жолында аянбай жұмыс істеп жүрген әртістер үшін үлкен қуанарлық жайт болғанын алға тартқан ол, сонымен қатар аудан аумағында мереклеік және айтулы күндерге арнап құрылатын алты қанат ақшаңқан киіз үйлердің де саны арта түскенін тілге тиек етті. Атап айтсақ, биылғы жылы аудан бойынша толық жабдықталған төрт жаңа киіз үй сатып алған.
Бұдан бөлек, Ивановка және Переменовка ауылдарындағы мәдениет үйлері «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы аясында ағымдағы жөндеулерден өткізілді. Яғни, аудандағы онан астам мәдени мекеме елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты қызметтерін онлайн режиміне көшірсе де, олардағы жөндеу жұмыстары тоқтаған жоқ. Жаз маусымында қолға алынған екі жоба аясында 6 адам жұмыспен қамтылды. 20 млн. теңгеге таяу қаражатты құрайтын қос жобада ғимараттардың шатырлары жаңартылып, терезелері ауыстырылды, ішкі жақтары әрленіп, сахналары өзгерді.
– Бұл жұмыстар осымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, - деп қосты Индира Бельская. – Биылғы жылы ауданымыздың мәдениет саласын қолдап, бюджеттен қомақты қаражат бөлген облыс және аудан басшылығына алғысымыз зор.