«Одессаның» Күршімнен қайтпайтын түрі бар
Күршім өткеліне «уақытша қызмет етуге» кеткен «Одесса» паромының енді өз айдынына қайта оралмайтын түрі бар, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі yk-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Нұржан Жұмәділовтің айтуынша, паромның иесіне Қызыл ту өткеліндегі қалың нөпір ұнап қалған сияқты.
- Ол Катонқарағайдан Күршім өткеліне ауысқысы келеді. Себебі ол жерде көлік көп, көлігі көп жердің әрине, пайдасы да мол. Жекеменшік фирма болғандықтан табысты жерде жұмыс істегісі келеді,-дейді басқарма басшысы.
Қазір Күршімге қызмет етіп тұрған екі паромның біреуі - «Ертіс» сынып тұр. Ал оның күйіп кеткен моторын жөндеп жатқан жергілікті шеберлер теплоходты іске қосы үшін әлі екі апта керек екендігін айтыпты.
«Ертіс» теплоходының моторы 11 мамырда жөнделіп бітеді деп жоспарланған болатын. Алайда паромның ремонты әлі ұзаққа созылатын түрі бар.
ШҚО тұрғындарының көбі туристік маусымның келе жатқанын алға тартады. Ал сауалнамаларға жүгінсек, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келетін қонақтардың басым көпшілігі Катонқарағайға паром арқылы барсақ деген ниеттерін жеткізген.
- «Одесса» паромы белгілі бір деңгейде туристік брендке айналған нысан екенін де ұмытпауымыз керек. Интернеттегі фото-видеоларға көреді ғой халық, қызығады. Теплоходты қара жұмысқа салып тастағаннан гөрі, туристік брендке айналдыру облыс үшін пайдалырақ болар еді. Басқарма басшылары осыны ескерсе. Саяхат маусымы басталғалы тұр. Шетелге ешкім шыға алмайды. Туристер шығысқа ағылғалы тұр. «Ертісті» тезірек жөндеп «Одессаны» өз айдынына жіберу керек,-дейді журналист Мерей Қайнарұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, «Одесса» Күршім жақтың өткелін ұнатып қалған, Катонқарағайға қарай қайтқысы да келмейтін сияқты. Ертең «Ертіс» қатарға қосылғанның өзінде Қызыл туда үш паром қатар жұмыс істеп тұра бермек. Себебі «Омбы-Майқапшағай», яғни Зайсанға баратын жолдың барлығы күрделі жөнделіп жатқандықтан халықтың көбі Марқакөл айналып жүр.