«Абай әлемі» жобасы. ШҚО әкімдігінің қолдауымен биыл 23 000 дана кітап шығады
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен жыл соңына дейін «Абай әлемі» жобасының аясында 51 миллион теңгеге 23 000 дана кітап шығады. Негізгі мақсат – жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттау, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
2018 жылдан бастап Абай кітапханасында облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында «Абай әлемі» кітаптар топтамасы жобасы жүзеге асып келеді. Ондағы мақсаты – қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына үлес қосып, туған өлкемізден түлеп ұшқан қабырғалы қаламгерлердің туындыларын қайта жаңғырту және жас ақын-жазушыларға қолдау көрсету. Жоба бес көлемінде, 2018-2022 жылдар аралығында, жүзеге аспақ. Яғни жыл сайын жаңа кітаптар баспадан шығып, оқырман қауым жаңа есімдермен танысады. Мәселен 2018 жылы 38 миллион теңге жұмсалып, 13 689 дана кітап жарық көрді. Ал 2019 жылы 20 миллион теңге қаражатқа 6500 тиражды кітап басылып шықты.
Ақын-жазушылардың шығармаларын бағалау және жариялау жөніндегі кеңеске жазушы КСРО-ның Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Медеу Сапаұлы Сәрсеке жетекшілік етуде. Жоспар бойынша биыл «Абай әлемі» жобасының аясында 22 кітап 23 000 тиражбен жарық көреді деп жоспарлануда. Осы мақсатта 51 миллион теңге жұмсалмақ.
- Биыл Абай шығармашылыын зерттеп жүрген қаламгерлер мен ұлы ақынның ізбасарларының жинақтары, Абай шығармаларының ағылшын тіліндегі жинақтары және өзге де жеке авторлардың кітаптарын шығару жоспарда бар, – дейді Абай кітапханасы директорының орынбасары Гүлмира Нугуманова.
Айта кетейік, аталмыш кітапхана карантинге қарамастан өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Қызметкерлер виртуалды көрмелер, лекциялар және басқа да қызықты іс-шараларды онлайн режимде әлеуметтік желілерде өткізуде.