Абай кітапханасы «EurasianBook Fair – 2019» көрмесіне қатысып қайтты
Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында өткен IV Еуразиялық халықаралық кітап көрмесі «EurasianBook Fair – 2019» жас ақындардың да басын қосты.
Оған Абай кітапханасы «Абай әлемі» сериясымен жарық көрген кітаптар экспозициясын апарды. Бұл серия «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бойынша Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовтың бастамасымен елордадағы «Фолиант» баспасынан жарық көрген.
Биыл «Абай әлемі» сериясынан Абай Құнанбайұлы шығармаларының 1-2 томы қазақ, орыс тілдерінде және Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармаларының 1-2 томы қазақ тілінде, Мұхтар Әуезовтің «Путь Абая» роман-эпопеясы 1-4 томдары орыс тілінде, Төлеу Көбдікұлының «Атандым өз тұсымда Ақын Төлеу» шығармасы қазақ тілінде, Федор Достоевскийдің «Семипалатинский период» (1854-1859 гг.) шығармасы орыс тілінде, «Әнші Әміре» естеліктер жинағы қазақ және орыс тілдерінде, балалар жазушысы Марат Қабанбаевтың шығармалары, Медеу Сәрсекенің «Взрыв», «Клад» романдары, А.Ивановтың «Тени исчезают в полдень» романы мен Борис Щербаковтың шығармалары орыс тілінде басылып шықты.
Көрме барысында кітапхана қызметкерлері Бауыржан Игіліков, Медет Божандар «Жастар жылы» аясында «Ашық әңгіме» атты ақындардың жыр марафонына қатысты. Онда олар өздерінің өлеңдерін оқыды.
Шараға қатысушылар мен қонақтарға «Абай әлемі» сериясының жинақтары таныстырылды. Оған Қазақстан Жазушылар Одағы Басқарма Төрағасы Ұлықбек Есдәулет, жазушы Тұрсын Жұртбай, Д. Кәпұлы, Мерей Қарттар қатысты.