KZ
Өскемен
-11°
пасмурно жел 1,3 м/с, СБ
498.34 519.72 4.85

ШҚО-да еріктілер оқушыларды ҰБТ-ға дайындайды

6.03.2020, 08:15 195

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен биылғы жыл Волонтер жылы болып жарияланғаны мәлім. Таяуда облыс орталығында жастар ресурстық орталығының жанынан ерікті жастарға арналған фронт-офис ашылды.

Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Арайлым Есімбекқызының айтуынша, фронт-офис мамандары «Білім», «Сабақтастық», «Қамқор», «Саулық», «Таза әлем», «Асыл мұра», «Үміт» сынды бағыттарда еріктілер атқаратын жұмыстарды үйлестіреді.

Мәселен, жастар орталығы «Таза әлем» бағыты бойынша «Бір өзен – бір тағдыр» атты қоршаған ортаға қамқорлық акциясын өткізуді ұсынып отыр. Бұл акция аясында Өскемен, Семей қалалары мен Зайсан, Ұлан, Күршім, Тарбағатай, Көкпекті және басқа да Ертіс өзені кесіп өтетін аудандардың еріктілері жағалауда сенбілік өткізбек. «Өзен-сулардың тартылуы мен ластануы – түрлі экологиялық апатқа әкеліп соғуда. Осындай жаһандық мәселеге баса назар аударуымыз керек», – дейді Арайлым Есімбекқызы.

– «Білім» бағыты бойынша, университет студенттері мектеп оқушыларының ҰБТ-ға дайындығына жәрдемдеседі. Өздерінің білім ошағындағы ерекше және аса қажетті мамандықтар жайлы түсіндіріп береді. Сондай-ақ колледж шәкірттерінің жоғарғы оқу орындарға түсуіне көмек көрсетеді, – деді ол.

Фронт-офистің ашылу рәсіміне келген ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ришат Рамазановтың айтуынша, елде волонтерлік мәдениеті жеткілікті деңгейде қалыптасқан жоқ.

– Әлемдегі дамыған мемлекеттердің халқының 50-60 пайызы волонтерлік жұмыстарға қатысатын болса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 10-15 пайыз мөлшерінде. Біздегі еріктілер, шамалап айтсақ, аптасына бір-екі сағат қайырымдылық жасаумен айналысады. Биылғы жылда алға қойған мақсатымыз – осы пайызды ұлғайту. Ол үшін ынталандыру ретінде мемлекеттен еріктілерге арнап грант бөлу де жоспарланып отыр, – деді Ришат Рамазанов.

Ерікті жастардың бірі, Қазақстан-Американ еркін университетінің студенті Дмитрий Зайцев биыл қала ішінде қар күреу, қарттардың үйіне азық-түлік жеткізіп беру шараларына қатысқанын айтады.

Арайлым Есімбекқызының айтуынша, волонтерлердің фронт-офисі облыстағы әр қала мен аудандағы жастар орталығының жанынан ашылады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу