Өскемендегі қоян-қолтық ұрыста жеңіске жеткен әскерилер Берлинді бетке алды
Өскеменде қоян-қолтық ұрыстан Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының жүлдесі үшін ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан кубогі жарысы мәресіне жетті.
Республикалық турнирге Қарулы күштер құрылымдары атынан 23 команда, 240-тан астам спортшы қатысып, 17 салмақта өзара мықтыны анықтады.
Екі күнге созылған тартысты бәсеке қорытындысы бойынша жалпыкомандалық бірінші орынды Орталық әскери спорт клубының құрамасы иеленсе, екінші орынды қылмыстық-атқару жүйесі комитенің спортшылары жеңіп алды. Үздік үштікті мамандандырылған күзет қызметі басқармасының командасы түйіндеді. Жеңімпаз спортшылар грамоталармен және қылмыстық-атқару жүйесі төрағасының арнайы сыйлықтарымен марапатталды. Ал командалық есепте биіктен көрінген Орталық әскери спорт клубының құрамасы қылмыстық-атқару жүйесі төрағасының кубогі мен ақшалай сыйлыққа ие болды.
Осы ретте жарыста жеңіске жеткен спортшылар биылғы қазан айында Германия астанасы Берлин қаласында өтетін Әлем кубогіне қатысу мүмкіндігіне ие болғанын айтқан абзал.