Өскеменде мұз айдындары қашан ашылады?
Облыс орталығында кейбір мұз айдындары бүгін ашылады деп жоспарланған еді. Алайда қапалақтап жауған қар бөгет болды.
– «Алтай» стадионындағы мұз айдынын, бәлкім, ертең ашармыз. Әлі мұз бетіндегі қарды күреу керек. Ал Комсомол аралындағы мұз айдынын 14 желтоқсанда ашуды жоспарлап отырмыз, – деді облыстық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің өкілдері.
Қос мұз айдында да конькиді жалға беру пункттері жұмыс істейді.
15 желтоқсанда сағат 16:00-де сол жағалаудағы саябақта қысқы маусым салтанатты түрде ашылады.
«Самалда» мұз айдынын 25 желтоқсанға дейін ашуды жоспарлап отырмыз», - деді саябақ меңгерушісі Ботагөз Мейірханова.
Бұдан бөлек, «Металлург» саябағында коньки тебуге арналған алаң дайындалып жатыр.