Шығыста зағиптарға арналған брайль қарпіндегі кітаптар шығарылады
Шығыста зағип жандарға арналған "Қолжетімді оқудың жаңа көкжиектері" Брайль шрифтімен әдебиет шығару жөніндегі монопроект шеңберінде қазақстандық авторлар кітаптарының тапшылығын өз күштерімен толтырып жатыр.
Жалпы елімізде зағип оқырмандарға арналған кітаптарды жаппай шығаратын баспа жоқ. Зағиптарға арналған брайль қарпіндегі кітаптар мен оқулықтардың тапшылығы жайлы талай айтылған еді. Осы ретте ШҚО –дағы Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада бұл мәселенің шешімін тапқан көрінеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана қызметкерлері мемлекеттік тілде бедерлі-нүктелі қаріппен кітаптар шығаратын тифлокешеннің жұмысы мен мүмкіндіктері туралы айтып берді. Мысалы,мұнда Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына орай автордың жинағы жарық көрді, өлкетанушы Әлібек Қантарбаевтың мерейтойына «Қасқыр тірлік» кітабы шығарылған.
Айта кетсек, шығысқазақстандық жазушылардың кітаптары да осы әдіспен басылып шығарылады.
2023 жылы кітапхана мамандары Төлен Әбдіковтың" Парасат майданы" және Асқар Алтайдың "Көкбөрі рухты суреткер" кітаптарын басып шығарды. Осы жыл көлемінде рельефті-нүктелі, үлкейтілген қаріптермен, тактильді иллюстрациялармен 20 кітап шығару жоспарланып отыр.