Елімізде жол апатынан күн сайын 1 бала көз жұмады
Фото: egemen.kz
Елімізде күн сайын жол апатынан бір бала көз жұмып, 10-нан астам бала жарақат алады.
Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова айтты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Жыл басынан бері еліміздің жолдарында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 1046 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Салдарынан жол-көлік оқиғаларында 72 бала қаза тауып, 1152-сі жарақат алған.
"Күн сайын елімізде жол апатынан бір бала қаза тауып, 10-нан астам бала жарақат алады. Сонымен қатар 67 пайызы, яғни қайтыс болған балалардың жартысынан астамы - жолаушылар. Басқа оқиғаларда олар жаяу жүргіншілер болып табылады", - деп атап өтті ІІМ өкілі.
Ақтоты Боранова жол-көлік оқиғаларын талдау олардың жасалуының негізгі себептері жылдамдықты шектен асыру, ережелерді бұзу, қарсы жолаққа шығып кету, аударылып кету, жаяу жүргіншілерді қағу болып табылатынын атап өтті.