ШҚО-да ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған техникалық оңалту құралын жасап шығарды
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіндегі ғылыми зерттеу орталығының қызметкерлері ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған техникалық оңалту құралын жасап шығарды. Мамандар мұны вертикализатор деп атайды.
Жас ғалымдар бұл жабдықты құрастырған кезде дефектолог, реабилитолог дәрігерлердің кеңесін ескерген, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Вертикализатор трансформацияланады. Мәселен, сал ауруымен ауыратын бала бұл жабдықта отыра алады, арқалығын төмен түсіріп жата алады, тіпті осы құралдың көмегімен тік тұра алады.
Сондай-ақ жас өнертапқыштар дефектолог-психологтың кәсіби үстелін де жасап шығарған. Өнімдер экологиялық тұрғыда таза материалдан жасалады, басты артықшылығы да осы болмақ.
Жас ғалымдар жобаны жүзеге асыру үшін грант ұтып алған. Соның нәтижесінде бұл бастама енді қаржыландырылады.
Облыс әкімі Ермек Көшербаев алдымен жаңа жабдықтың бірнеше данасын алып, сынақтан өткізу керектігін айтты. Егер техникалық оңалту құралы мамандардың көңілінен шықса, өңірлік ғана емес республикалық бейінді орталықтарға да ұсынылады.