Өскемендік дәрігерлер еліміздегі жетекші пульмонологтармен кеңес құрды
![](/kz/uploads/posts/iblock/1ae/1ae0658c2e82e6c8a990bc57fad08bbe.jpg)
Өскемендегі №4 қалалық аурухананың ұжымы еліміздегі жетекші пульмонологтармен кеңес құрды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен «Үлбі» медициналық-әлеуметтік орталығының конференц-залында №4 қалалық аурухана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «коронавирустық инфекцияны диагностикалау мен емдеудің теориясы мен практикасы» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Семинарға өңірдегі емдеу мекемелерінің пульмонолог, реаниматолог және терапевт дәрігерлері қатысты.
Сондай-ақ ZOOM платформасы арқылы семинардың онлайн көрсетілімі ұйымдастырылғанын айта кетейік. Семинардың арнайы қонағы медицина ғылымдарының кандидаты, Еуропалық Респираторлық қоғамның мүшесі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жетекші пульмонологы Алексей Пак болды. Ал конференция модераторы – Шығыс Қазақстан облысының бас пульмонологы Зағрипа Әбдиева.
Алексей Михайлович онлайн-семинар барысында қатысушыларға тыныс алу кезінде дем жетіспеушілігін емдеудің тиімді әдістері туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Айталық оттегі терапиясының заманауи әдістеріне бүге-шігесіне дейін ашып, түсіндірді. Айта кету керек, білікті маман бұл әдістемелерді өзі сынап көрген және үлкен жетістіктерген қол жеткізген.
Сондай-ақ өңірдегі бас трансфузиолог, облыстық қан орталығының орынбасары Светлана Шмурыгина да қызықты баяндама жасады. Жиынға қатысушылар covid-19 емдеу кезінде реконвалесценттердің иммундық плазмасын қолдану туралы маңызды ақпаратқа ие болды.
Одан әрі семинар бағдарламасына сәйкес, облыстың бас пульмонологы Зағрипа Әбдиеваның қатысуымен конференция «сұрақ-жауап» форматында жалғасты. Зағрипа Төкенқызы кездесуге қатысушылардың сұрақтарына толық жауап берді.
Семинардың ең бір маңызды тұсы осы сәтте болды. Білікті маман Алексей Пак жаңа деңгейдегі ӨЖЖ аппаратын іс жүзінде қолдану бойынша мастер-класс көрсетті және өкпені жасанды желдетуді жүзеге асыру бойынша аса маңызды ұсыныс айтты. Алексей Михайлович мастер-класс өткізе отырып, тыңдаушыларға ең жаңа жабдықтарды іс жүзінде сынап көрсетті және сол арқылы аса құнды практикалық тәжірибесімен бөлісті.
Аталмыш семинар аймақта коронавирус инфекциясы өршіп тұрған кезде өңір дәрігерлері үшін таптырмас ақыл-кеңес, теңдессіз тәжірибе болды.