Баршатас дәрігерлері. Аудандағы ақ халатты абзал жандар
Жаратқан иеміз мейірбандық рухын пенделері тағдырына арашашы дәрігер мамандығын таңдаған жанның бойына үйіруімен – оған жылы жүрек пен жауапкершілік жүгін көзге көрінбейтін тылсым күшпен артатын сияқты... Сол тылсым күш науқастың ішкі рухани дүние танымында: дәрігердің білімі мен парасатын, білгірлігі мен біліктіліктілігін, табандылық пен шыдамдылығын сынап, емделушісіне тікенекті «кекірегүл» мінез танытпауын таразылатады-ау. Мұндай тұжырымды: «Болашақта халқыма қалтықсыз қызмет етіп, медициналық қауымдастықты дәстүрлі мейірбандылықпен дамыта отырып сақтауға және науқастың жазылып, дені сау болуы - қызметімнің басты принципі, менің жоғарғы бағам үшін» - деген дәрігерлік антпен байланыстырмақпыз.
Бұл орайдағы әңгімемізді кеңес заманында халықтың денсаулығының амандығы жолында уақыт талабына сай жұмыс жасаған бұрынғы Шұбартау ауданындағы медицина саласының 1955 жылдан бергі өткені мен бүгінінен сөз қозғап, адам тәнінің «инженерлері» атанған мамандық иелерінің адамдар денсаулығын сақтау жолындағы қызметтеріне құрметтерін бәсенсітпегендіктерін білдіру.
Ия, елу жылда ел жаңа. Десек те, 50-ші жылдардың орта кезеңінде облыс басшы-лығы өз ұйғарымдарымен шалғайдағы Шұбартау ауданына да кадрларды сырттан тағайын-дады. Бұл ауданның медицина жүйесін де айналып өтпеді.
Рас, ауданның емдеу саласында жоғары білімді мамандар жоқтың қасы еді. Ал бұл жөнінде 1955 жылы Алматы медицина институтын хирург мамандығы бойынша бітіріп, өз қалауымен Семей облысын таңдап, одан жолдамамен Шұбартау ауданында еңбек жолын бастаған Хасен Секербаев «Намыс» атты кітабындағы естеліктерінде:
- Аудандық денсаулық сақтау бөліміне бармастан бұрын аурухананы аралап көрдім. Шынымды айтсам, аты бар да заты жоқ. Аурулар жататын бес-алты бөлме бар екен, бірақ олар бос тұр. Қолыңды көтерсең төбеге тиеді. Палаталардың қабырғалары қалай болса, солай сылана салған. Пештері көмір емес, ағаш және тезекпен жылитын болып шықты.
- Операция жасайтын бөлме бар ма? – дедім өзін Полина Ивановна деп таныстырған медсестрадан.
- Ол жаралыларды танып-байлайтын бөлме, - деді ол жайбарақат. Бұл бөлменің де оңып тұрғаны шамалығын көріп көңілім құлазыды.
Ауруханадан шығысымен аудандық денсаулық сақтау бөліміне соқтым. Оның бастығы Нина Ильиничина Ивакина деген жас қыз болып шықты. Өзімді таныстырып осында хирург болып жолдама бойынша келгенімді айтқанымнан соң көңілі орнына түскендей болды.
- Өзіңіз қай сала бойынша дәрігерсіз? - дедім Ивакинаға сауал қойып.
- Мен акушеркамын, - деді ол, - медицина училищесін бітірдім.
- Ауруханада болдым, - дедім аудандық денсаулық сақтау бөлімінің бастығына қарап, - ол атқора сияқты екен.
- Ия, аурухана ескі, мұнда дәрігерлер келе бермейді, операция жасауға мүмкіндігіміз жоқ, жағдайымыз өте қиын-деді де, басқасын айтпай-ақ қояйын, әйелдер босанатын перезентхана жоқ. Олар үйлерінде босанады.
Нина Ильиничинамен сөйлескенде мұнан да басқа жайларға қанық болдым. Жиырма бес орындық аудандық ауруханада бар болғаны екі ғана жоғары білімді дәрігер қызмет атқарса, медсестралардың көбісінің арнаулы білімдері жоқ. Бары Қызыл Крест қоғамының қысқа мерзімді курстарын бітірген.
Ертесінде аурухананың бас дәрігері Әшімбаева Күлпаш Базарбайқызы мен бас санитар дәрігер Михайл Павлович Любчиковпен таныстым. Сол күні бұйрық шығып бір жарым ставка бойынша дәрігер болып жұмысқа қабылдандым. Бекітілген штат бойынша хирургпін. Санитарлық дәрігер балаларды да қарай береді, тісті де емдейді.
Бір-бірінен айнымайтын күндер зырлап өтіп жатты. Жұмыс деген бастан асады. Науқастарды қабылдап, қолдан келгенше ем жасаймыз. Одан қалса аудан шаруашылықтарын аралаймыз. Ол кезде транспорт деген атаулы мүлде жоқ. Аудандық денсаулық сақтау бөлімінің бастығына және аурухананың бас дәрігеріне ғана бір-бір аттан бөлінген. Халық ішінде, әсіресе соқыр ішек, жарық ауруы көп кездеседі. Алып бара жатқан қатерлі ауру емес, операция жасауға болады. Өкінішке орай, дардай аурухана дегенімен қарапайым операция жасайтын орын жоқ. Сондықтан Семейден шұғыл түрде самолет шақыруға мәжбүрміз, - деп бір түйіндейді.
Сонымен бірге Хасен Омарбекұлы естелігінде жеке басында қажет баспана жайын екінші қатарға ысырып, мамандығына сай басты қызмет орны операция бөлмесін іске қосуды маңызды санауымен үш терезелі «операция бөлмесін» дайындауы мен Семей облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Н.П.Кислицинаның көмегімен ауруханаға қажетті медициналық құрал жабдықтар, дәрі-дәрмектерді жеткізді.
Мұнан кейін ол аудан орталығы Баршатасқа арнайы келген облыстың бас хирургі Шандро мен бөлім меңгерушісі Н.И.Иванкинаның /ассистент/ қатысуымен алғашқы операциясын жасағандығы мен тың игеру кезінде Шұбартау өңіріне келген медициналық арнаулы орта білімі бар бір топ украиналық бойжеткендер арасында Нина Григоренкомен жанұялық одақ құрғандығын тіліне тиек етеді. «Тіліне тиек етеді» - дегенде ұлты да, тілдері де бөлек сол бойжеткендер жайында:
- Жұмысқа қабылданысымен дәрі-дәрмектерін, заттарын алып аудан орталығынан 150-200 шақырымдағы малшылар ортасына қазан айында кеткен сол қыздар келесі жылдың мамыр айында бірақ қайтады. Небәрі жарты жылдың ішінде ортамызға оралған қыздарды танымай да қалдық. Шеттерінен қазақша сайрап, қазақтың салт-дәстүрін де бір адамдай біліп алыпты, сызылып тұр, - деп таңданысын жасырмайды.
Ойды ой қозғайды. Бүгінде ұлтының тілін үйренуге құлықсыз қандастарымызды «адамды адам еткен еңбек» деген тәмсілде украиналық бойжеткендердей ауылдағы еңбекке араластырып, тіршіліктеріңе - Ана тілдерінде сөйлеп, жаза білулері қажеттілігі-нің мәні ұқтырылса, олардың да апта ішінде-ақ үйренерлері сөзсіз. Әрі бұл мемлекетіміздің сан-салалы «Тіл үйрету мен дамыту» бағдарламаларымен айтыла-айтыла жауыр болған, нәтижесі де айтарлықтай емес шараларынан да ықпалы зор болар еді.
Кітап авторы Х.О.Секербаев естелігінде, Шұбартау аудандық ауруханасында еңбек жолын хирургтен бастап, ал келесі жылында бас дәрігерлікке тағайындалысымен Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрі Сибиғатула
Қарынбаевқа аудандағы денсаулық сақтау мекемесінің сын көтермейтін жағдайы мен қиындықтарын жасырмай жазған баяндау хатына министр де бей-жай қарамай аудандық денсаулық сақтау бөліміне Газ-69 және сегіз орындық ПАЗ-650 маркалы жедел-жәрдем машиналарын берген.
Сонымен бірге ол Баршатасқа аудандық аурухананың салынуы жайынан сөз қозғайды. Яғни, халық игілігі үшін жаңадан аурухана салынуын қаржылай қолдаған Семей облыстық қаржы бөлімінің бастығы Ишмұханбетов пен жарық берілуіне электрлі шағын мотормен көмек көрсеткен аудандағы ірі шаруашылық басшысы Құсбек Омархановтың атына жылы лебізін білдіруімен 7 қараша 1957 жылы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Кәрім Нұрбаевтың қатысуымен аудандық жаңа аурухананың ғимараты пайдалануға берілгендігін.
Әрине, бұл жоғарғыдағы-лардың есебінде әлеуметтік-экономикалық дамуы баяу саналатын шалғайдағы Шұбартау ауданы орталығында жаңадан емдеу мекемесінің пайдалануға берілуі облыстың өзге өңірлері үшін тың жаңалық болды. Себебі, мемлекеттік жоспар мен тапсырмалардың орындалуына жұмыс жасайтын аудан халқының әлеуметтік жағдайын көтеруге айтарлықтай көңіл де бөлінбейтінді. Басшылары басқару тәсілдерін бір сарынды партиялық принциптермен бүркемелей лауазымдық әміршілдікте өз мүдделерін жоғары қоюмен, тіптен қарапайым тұрғындарды менсінбейтін жайттарға жол беретіндері де жасырын емес еді.
Сондай орын алған оқиғаны хирург Хасен Омарбекұлы:
- Аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Төкен Сағымбаева ауырып қалып үйіне шақыртты. Тексеріп қараса, диагнозы соқыр ішектің асқынған түрі, тез арада операция жасамаса болмайды.
- Мен операцияға дайындала берейін, Сізді ауруханаға жеткізіп тастайтын болсын. Арада жарты сағат өтпей ауруханаға Сағымбаева емес, оның күйеуі аудан прокуроры Исмайлов келіп тұр.
- Хасен, - деді ол, сен операция жасамайсың. Әйелімді Семейге жіберемін.
- Неге? Мен-өзім жасаймын. Хатшы мен қарапайым адамның ішегі екі түрлі болмайды.
- Жоқ, - деді прокурор маңғаздана, - менің әйелім қанша дегенмен екінші хатшы болып қызмет атқарады, ал мен прокурормын. Операцияны дұрыс істей алмай, жауапқа тартылып кетерсің.
- Мен хирургпін, тез операция жасау менің міндетім, - дедім айтқанымнан қайтпай. Уақыт созбай әйеліңізді тез әкеліңіз.
Осы мәселе бойынша мені аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы К.Нұрбаев шақырғанда таңқалғанымды жасырмадым.
- Хасен, - деді ол, сен әлі жассың ғой, көмекшілерің де жоқ. Сағымбаеваның Семейге барып операция жасатқаны дұрыс болар. Тез санитарлық самолетті шақыр.
- Шақырмаймын, - дедім, ол үшін мені кешірерсіз, егер обком арқылы самолет шақыртсаңыз мен бұл жерде жұмыс істемеймін, әлі де кеш емес, әлгі прокурор қасарыспай әйелін ауруханаға алып келсін.
Әрине, қатты кеттім. Бірақ, мұның бәрін әділдік және принцип үшін істедім. Егер бізге сенім артпаса, несіне мұнда отырмыз.
Көп ұзамай-ақ прокурор әйелін әкеліп, біз шұғыл операцияға кірістік. Аурухананың айналасы қаптаған халық. Бүкіл ауданның атқа мінерлері осында жүр. Мұны жағыну мен жағымпазданудың бір түрі екендігін түсініп тұрмын.
Операция сәтті аяқталды. Ординатор бөлмесінде Нұрбаев отыр екен, мені шақыртты.
- Хасен, қалай болды? - деді ол сұраулы жүзбен.
- Бәрі дұрыс. Прокурор сенбей:
- Ішекті көрсет, - деді.
Жанымдағы мейірбике тез барып, он сантиметрдей болатын ірің толып кеткен ішекті арнайы ыдысқа салып, маған ұсына берді.
- Міне, әйеліңнің ішегі, - деп прокурордың алдына тостым. Әлгі семіз ішекті скалпелмен кесіп едім, ірің мен ұзындығы төрт сантиметр болатын қара қыл шықты.
- Колхоздарды аралағанда жарық жоқ. Қойдың құйрығын жегенде жүнімен бірге қоса қылғытып жұта саласыңдар. Мынау соның нәтижесі, - дедім. Айтылған сөз, атылған оқпен тең. Бәрі төмен қарады. Осы оқиғадан соң олар маған басқаша қарайтын болды, - деп естелігінде тілдесулері диалогын келтіреді.
Ия, хирург Х.Секербаев өзіне деген сенімділігі мен кәсіби шеберлігін әлгіндей бюрократтарға мойындатуы өз алдына, аудан орталығына жаңадан аурухана салынуына ұйтқы болғандығына республика, облыс пен аудан басшылығы тәнті болғандығын естелігінде баяндайды.
Оқырмандарымыз да Хасен сынды дәрігердің адамдар өміріне арашашы болғанына риза қошта сүйсініп қана қоймай, кейінгі буын әріптестерінің қызметтерін салыстырмалы түрде ой таразысына тартарлары айқын. Әсіресе, өткен ғасырдың 95 жылдардарынан бергі уақытта еңбекке араласқан жас мамандардың кейбірі «бюрократтық пен менмендік жұлдызына» шалдыққандарына қынжыларлары сөзсіз. Ал «менмендік жұлдызы» иесінің көзіне көрінбегенімен сырт адам бірден байқайтын, бірақ сылып тастай алмайтын кесел-ау.
Ойымен орайластырсам осын-ау «кеселден» «Намыс» естелік кітабының авторы, Шалабай жетімдер үйінде тәрбиеленіп, хат танып, талабымен Алматы медициналық институтын тәмамдап білімі мен біліктілігін, іскерлігі мен ұйымдастырушылық қарым қабілеттілігін дәлелдеген, жоғары лауазымды қызметтер атқарған, сіңірген зор еңбектері үшін иеленген марапаты мен атақтарынан ат үркетін Х.Секербаев та сырт қалмапты. Оны Шұбартау ауданында 1955-1960 жылдар аралығында хирург, бас дәрігері қызметтерін абыроймен атқарған азаматтың естелік кітабын оқи отырып аңғардым. Осыдан соң, оның:
- «Шұбартау мен үшін нағыз өмір мектебі болды. Қазақтың кең даласында ізгілікті, еңбекқорлықты үйрендім. Халқымның асыл қасиеттерін әдеп-ғұрпын бойыма сіңіріп, содан нәр, рухани азық алдым. Шұбартау маған сонысымен қымбат?», - деп ақжарыла жазған Хасен Омарбекұлының «мұнысы қалай» деген заңды сауал тілімнің ұшына үйіріле бергені.
Себебі, ол аудан тұрғындарының денсаулығын сақтау жолында жұмыс жасаған жылдарында туындаған қиындықтарды бірге еңсеріп, жетістіктерге жетуге үлестерін қосқан шұбартаулық әріптестері есімдерін атамай ұмыт қалдырғандығы, олардың ұрпақтары мен бұрынғы ауданның тарихына қанық адамдардың менің «мұнысы қалай?» деген сауалыма қосыларлары да анық.
Мәселен, Ұлы Отан соғысының от жалынан 1944 жылы елге оралып Шұбартау аудандық ауруханасында еңбек еткен фельдшер-акушерлер Моман Төлекова, дәрігерлер Омархан Жақыпов, Бейсен Жайдарбеков, Мариям Өтебекова өзімен ортақ мақсатқа тілек тоғыстыра еңбек еткендіктерін ерекше құрметпен айтпақпын.
Сонымен бірге, осын-ау алдыңғы толқын әріптестері қызметін кейінгілері жоғарғы жауапкершілікте ғылыми және кәсіби тәсілдерді қолдануларымен жалғастырып, адамдар денсаулығын сақтап, өмірлеріне арашашы болды. Олардың қатарында дәрігерлер Мәулітхан Байғалиев, Нұрбихан Түсібаева, Әділжан Өнербаев, Қамария Ғабдулкәкімова, Жайық Мүсіров, Жексембай Тілеуберлин, Әсия Рахманова, Қадыр Алдыоңғаров, Шолпан Тәшкенбаева, Жеңіс Құлыбеков, Әлия Мақажанова, Қасым Шүйіншин, Гүлназым Бибекова, Руслан Енсебаев, Бақыт Тілесбаев, Құралай Қыдышова, Айтқұрман Тұрысбеков, Күлпаш Құсайынова, Бейбіт Рыздықбайұлы, Нұрлан Жайлина, Жұлдыз Исабаев, Назила Тобықбаева, Гауһарбек Елубаев, Әлия Ахметқалиқызы, Серік Айтқазин, Гуля Кәрібаева, Қайыртай Жұмаханов, Гуля Амантайқызы, Мұрат Ғайсин, Жанар Құлыбекова, Жақыпбек Шаштин, Салтанат Ғайсина, Бақыт Ермекбаев, Маржан Сембаева және т.б.
Сондай-ақ Шамшия, Бишан, Бинан, Әзия, Гүлжан, Макен, Тұрсынхан, Жаңыл, Вера, Гүлжан, Рая, Мәнтай, Аманғайша, Айнаш, Маржан, Нина сынды басқа да аяжандар дәргердің ең жақын көмекшілері саналып қана қоймай, емделушілері жанашырларына балайтын аяулы жандар болды.
Шұбартаулық қой өсіруші комсомол жастардың екінші тыңға баланған патриоттық бастамасының бір жемісі аудан экономикасы дамытылып, мемлекеттік жоспарлар шеңбер-інде тұрғындардың әлеуметтік-тұрмысын жақсартуға баса көңіл бөлінді. Соның жарқын көрнісі 1987 жылы аудан орталығы Баршатаста емхана мен 120 төсекті аурухана ғимараты ел игілігіне пайдалануға берілуі. Бұл Шұбартау ауданының құрылуының 60 жылдығы мерекесі қарсаңындағы зор оқиға еді. Сол тұста ауданның емдеу жүйесін емі шипалы, ота жасаған сырқаттарын қолы жеңілдігінен «ұшықсыз» тез жазатын дәрігері атанған, мамандығы аясында 11827 рет ота жасаған Әділжан Өнербаев басқаратын.
Осы ретте оқырман назарына КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі, I-ші категориялы дәрігер Ә.Өнербаевтың 1988 жылы аудандық «Шұбартау шұғыласы» газетінде жарияланған мақаласын ұсынамыз:
- Аудандағы медициналық ауруханалар мен пункттердің материалдық – техникалық базасы нығайды. Қазірде ауданымызда бір аудандық, 26 учаскелік ауруханалар мен медициналық пункттер, 4 аптека, 16 аптекалық пункт жұмыс істейді. Жалпы бірлестік бойынша 43 жоғары білімді дәрігер, 150 орта арнаулы білімді медицина қызметкерлері еңбеккерлерге кызмет көрсетеді.
Ауданымыздың 60 жылдығы (1988 ж.) аталып отырған күнде денсаулық күзетінің сенімді сақшылары ел алғыстарына кенелген ақ халатты абзал жандар жайында айта кеткен жөн. Біз бүгін аудан медицинасын дамытуда, еңбеккерлерге медициналық қызмет көрсетуде үздік еңбектерімен құрметке бөленіп жүргендер есімін мақтан етеміз. Олар Еңбек Қызыл Ту орденінің кавалері, ардагер анамыз Мария Өтебекова, Халықтар Достығы орденді Нұрбала Тоқажанова, Құрмет Белгісі орденінің иегері Біләл Тұрғанбаев, Мәкен Әлімбаева, СССР Денсаулық сақтау ісінің үздіктері Омархан Жақыпов пен Қамария Ғабдулкәкімова, Әсия Рахманова, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен наградталған Бейбіт Тілеуберлин, білгір дәрігер Нұрбихан Түсібаева аудан еңбеккерлерінің лайықты құрметіне бөленуде.
Ауданымызда кезінде білім алып, бүгінде республикамыздың түкпір-түкпірінде жемісті еңбек
етіп жүрген медицина қызмет-керлері де жоқ емес. Солардың қатарында медицина ғылымының докторы, профессор, Семей медицина институтының
педиатрия кафедрасының меңгерушісі Еділ Даданбаев, медицина ғылымының докторы, профессор, Алматы медицина институтының рентгенология мен радиология кафедрасының меңгерушісі Айтқазы Серғазин, медицина ғылымының кандидат-тары Кенже Маусымбаев, Кәмилә Искакова, Әміржан Смағұлов, марқұм Кәрім Ыбыраев бар. Бүгінде алдыңғы толқын әріптестерінің жақсы істерін жалғастырып, медицина саласында білгірлікпен еңбек етіп келе жатқан жоғары және арнаулы білімді дәрігерлер саны да көбейіп келеді. Солардың қатарында Қ.Мәшербаев, Қ.Елеубаев, Ж.Тілеуберлин, Ш.Ташкенбаева, М.Сембаева, В.Сәрсенова, А.Күшинова, М.Молдағалиева, А.Ахатова, А.Нағашбекова, Л.Анарбекова, А.Есімхановалар тынымсыз еңбектерімен, емдеушілермен жылы жүзде қарым-қатынас-тарымен, мейірбандылық-тарымен лайықты құрметке бөленіп келеді. Біздің дәрігерлер үшін аудан еңбеккерлерінің денсаулығының сенімді сақшысы болудан артық абырой жоқ.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», - дегендей Әділжан мен Қамария сынды қос зиялы тәлімгер, қос білікті дәрігердің жолын балалары Сауле мен Марат жалғастырған. Кеңірек тоқталсақ, бүгінде Сауле Әділжанқызы – С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Ішкі аурулар клиникасының директоры, Марат Әділжанұлы – Баршатас дәрігерлік амбулаториясының бас дәрігері, ең бастысы - әкесіндей хирург.
Бас дәрігер М.Өнербаевқа Баршатас дәрігерлік амбулаториясы мен Малгелді, Байқошқар дәрігерлік пункттеріне басшылық жасау да тапсырылған. Аталған ауыл тұрғындарына дәрігерлер Гүлмира Мулкебаева, Динара Олжаканова, Альмира Сакенова, Айнаш Мұстапаева жалпы тәжірибелік медициналық бағытта емдеу жүргізеді. Ал Б.Қабдуалиева, С.Ожарова, А.Мұқашова, Н.Умелісова, М.Жақсыбергенова, Ж.Түгелбаева, А.Мұхемедиева, Ж.Балтабекова, Р.Игілікова, Г.Сарсембекова сияқты 23 орта буынды мамандар ем алушыларына қызмет көрсетеді.
Бүгінде олар әлем жұртшылығын алқымнан алған COVID-19 індетінен өңір тұрғындарын сақтандыру мен екінші толқынында ауыру туындаған жағдайда, «Дені саудың-жаны сау» деген тәмсілде емдеу шараларын жасауға дайындық жұмыстарын жүргізуде. Осы орайда республикамыздың өзге аймақтарында тұратын шұбартаулықтар туып, өскен ауылдарындағы дәрігерлік пункттерге, 1973, 1969 және 1974 жылғы баршатастық түлектер демеушіліктерімен амбулаторияға тыныстату аппараттарын, дәрі-дәрмектер тапсырып, басты миссиялары - адамдар денсаулығын сақтаудағы жауапкершілігі ерен мамандық иелерінің қызметтеріне қолдау жасады
М.Жұмабае