Санда бар, санатта жоқ Өскемендегі шағын аудан
Облыс орталығының аумағындағы 22-шағын ауданға тұрғындар қоныстанғалы 10 жыл болды. Алайда шағын аудан әлі Өскеменнің, қала берді Меновной ауылының құрамына кірмеді. Мұндағы мемлекет бағдарламасымен салынып, миллиондаған қаржы құйылған үйлердің жартысына жуығы болса шетінен қирап жатыр. Арада қанша уақыт өтсе де, елдімекен ішіне жол да салынбады. Тұрғындардың қазіргі уақыттағы ең бір өзекті мәселесі де – осы.
– 10 жылдан бері қала басшылығы мен шаруашылық жүргізуші мекемелерге электр энергиясы, ыстық-суық судың шығыны секілді коммуналдық төлемдерді төлейтін кезде ғана керек болып келеміз. Басқа уақытта іздемейді. Ең құрығанда Меновной әкімшілігі де есігінен сығалатпайды. Біз, басшылықтың айтуынша, бар болғаны құрылыс жүріп жатқан нысан екенбіз. Әкімдік теңгерімінде жоқпыз. Аттай 10 жыл өтсе де бітпейтін бұл не қылған құрылыс екенін түсіне алмадық? – дейді шағын аудан тұрғындары.
«Әй, біреулер жеп кетті»
22-шағын ауданда 2008 – 2010 жылдары тұрғын үй құрылысы бағдарламасы негізінде бір және екі қабатты 113 жеке үй салынып, оның 70-і дәрігер, мұғалім, полиция сынды мемлекеттік қызметкерлерге берілген. Алайда сол пайдалануға берілген баспаналардың сапасы бағасына лайық болмай шығып, тұрғындар бүгінге дейін жөндеуден көз ашпай келді. Бұл аздай, қалған 43 үйге сол күйі ешкім кірмей қойды. Олардың пенопласт қабырғалары шашылып, төбелері ортасына түсіп жатыр. Есік-терезелері қайда кеткені белгісіз.
– Түн баласы тысқа шығудан қорқамыз. Жарықтандыру деген бізде атымен жоқ. Маңайдағы ауласын қалың қамыс пен тал басқан бос үйлер үрей туғызады. Қаланың қаңғыған иті де, адамы да осы жерге келіп мекендейді. Ал балаларымызды түнді қойып күндіз аулаққа жібермей ұстап отырамыз. Ит қауіп алса немесе ашық кәріз құдықтарына түсіп кетсе не болады? – дейді тұрғын Гүлсім апа.
– Жер жүзін жаппай індет жайлап жатқанда әр нәрседен секемденесің. Қабырғалары қираған, іші қоқысқа толып, әбден сасып, шіріп жатқан үйлер ешқандай санитария талабына келмейді. Жиіркенішті иіс шығады. Деген ауру тарайтын жер осы. Бала-шағамыз үшін қатты алаңдаймыз, – дейді тағы бір тұрғын Лидия Хамитова.
Олардың айтуынша, мемлекет тұрғындарға бұл үйлерді ипотекамен берген. Ай сайын 40-50 мыңнан несиесін төлеп те жатыр. Бірақ енді өздері ешкімге өткізе алмай отыр. Себебі, талап бойынша, қабырғасы кірпіштен қаланбаған үйлер ипотекаға жатпайды. Тұрғындар аң-таң. «Сонда қала әкімдігі бізге ипотекамен қалай сатты бұларды?» дейді олар.
Ал қалалық құрылыс бөлімінңі жауабына сүйенсек, бөлім құрылысты жүргізген «Киров РМЗ» компаниясын сотқа берген. Олардың арызы мақұлданып, сот шешімі бойынша, компания бос үйлерді тапсырып, өтелмеген аванс пен тұрақсыздық айыбын төлеуге мінеттелген. Бірақ соттың шешімі күні бүгінге дейін орындалмай келеді.
Тұрғындар арнайы бағдарлама аясында салынған бұл үйлерге бөлінген қаражатты біреулер «жеп кетті» деп ойлайды.
– Әй, біреулер жеп кетті ғой. Қазір жеп кетті деп теледидардан ашық айтады ғой. Біреудің қалтасында кетті. Енді мен басқалай қалай айтамын, кәрі адаммын, соттаса соттап жіберсін, – деген болатын Нұрипә Қоңырбаева есімді тұрғы «Қазақстан» ұлттық арнасына білдірген пікірінде.
Қала әкімі неге үнсіз?
Лидия Хамитова журналистердің келгеніне қатты қуанғанын айтады.
– Біздің жанайқайымыз сіздерге дейін жетті. Сіздер осы арыз-аманатымызды жоғарыға жеткізбесеңіздер, біздің сөзді өзіміздің әкіміміз керек қылмай отыр. Басқа амалымыз қалмады. «Қарынымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» демекші, мемлекеттік қызметкерлерді осылайша 10 жыл бойы сапасыз үйлердің әлегімен шапқылатқаны аздай, енді жол қатынасымен қинап қойды, – дейді ол.
Аудан ішіндегі қара жол күз бен көктемде ми батпаққа айналады.
– Мектеп пен балабақша жоқ. Қоғамдық көлік деген бізге қатынамайды. Балаларымызды қаланың ортасына алып баруға мәжбүрміз. Ол үшін «Өскемен – Алматы» тасжолына дейін батпақ жолмен жаяулап шығамыз да, Қасым Қайсенов кентінен келетін автобусты тосамыз, – дейді Гүлсім апа.
Ал қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы бұл шағын аудан ішіндегі жолдың жол болып саналмайтынын айтады.
– Бізге құрылыс бөлімі «мына жерде жол бар» деп сызып көрсетіп берсін, сонда біз ол жерге автобус жүргіземіз. Батпақта қиыршық тас төгеміз. Жолын жөндейміз. Ал қазір ол ауданда белгіленген жол жоқ, – деп жауап берді аталмыш бөлімнің баспасөз хатшысы Владимир Зеленский.
Бұл аздай ауыл ішіне су тартқан «Өскемен-Водоканал» кәсіпорыны жол бойын қазып, бұзып кеткен. Қайтадан ретке келтірген жоқ.
Тұрғындар ауылдағы мәселелер бойынша кімге шағымданарын білмейді. Меновной әкімшілігі «бізге қатысыңыз жоқ» дейді. Шаруашылық жүргізуші бөлімнің жауабы жоғарыдағыдай, құрылыс жұмыстары аяқталмаған жерге жауап бере алмайды. Қалалық құрылыс бөлімі болса 22-шағын ауданның санатқа қашан қосылатынын білмейді. «Бұл сұрақ біздің құзіретімізге жатпайды» дейді. Ал қаланың әкімі Жақсылық Омар мырза біз жолдаған сұраққа жауап қайтармады. Үнсіздік.
«Әйтеуір аспан мен жердің арасындағы бір елміз», – деп күйінеді тұрғындар.
Жалпы Өскеменде жол мәселесі аса өзекті. Жер үйлі аудандардың барлығында дерлік асфальт жол жоқ. Жуықта ғана Меновной ауылына қарасты Болашақ елдімекенінің тұрғындары да батпаққа батып жатқанын айтып, газет редакциясына шағымданған болатын. Ол туралы газеттің 3 қазанда жарық көрген санында арнайы мақала да шықты. Алайда Болашақтағы жағдай, арада 10 күннен астам уақыт өтсе де, еш өзгеріссіз. Тұрғындар генератор көмегімен жарық қосып, от жағып отыр.
«Жұмыстан шығып қаламыз деп қорқады»
Жоғарыда айтылғандай, 22-шағын ауданның балалары өз үйінің ауласында ғана ойнайды. Жол бойы батпақ. Қиыс басса, ашық жатқан кәріз жүйелеріне түсуі, қаңғыған иттерге талануы немесе қараусыз үйлердің қабырғасының астында қалуы мүмкін.
– Балаларымыз ойын алаңы болғанын қалайды. Көпқабатты әрбір үйдің ауласында алаң бар. Соларды көріп қызығады. Ал бізде жоқ. Қаланың орталығынан шалғайда жатқан ел емеспіз. «КШТ-дан» гөрі жақынбыз. Неге екенін білмеймін, бізге 10 жыл болса да жағдай жасалмай отыр. Өзгенің балалары бал да, біздің баламыз балшық болғаны ма? Бізді неге сонша алалайды? – дейді зейнеткер Болатбек Құсайынов.
Балаларға арналған ойын алаңының орыны бар. Оған қойылған екі әткеншек аянышты хәлде. Алаңды түгел қамыс басқан. Тұрғындар шөбін көктемде қолмен жұлып шыққан. «Бірақ бой бермей қайта қаптап кетті» деген тұрғындар алаңқайдың күтіміне жауапты мекеме бар-жоғын білмейді. Бұған қатысты Жақсылық Омардың атына жазылған сұрақ та жауапсыз қалып отыр.
Шағын аудан көшесіндегі наразылыққа көбіне зейнеткерлер шықты.
– Бұл үйлер біздің мемлекеттік қызметте істейтін балаларымызға берілген. Олар өз шағымдарын айтайын десе жұмыстан шығып қаламыз деп қорқады. Орынына әке-шешелері, біз шығып отырмыз, – дейді Лидия Хамитова.
Тұрғындар бір ауыздан «Бізге жол керек», «Бізге автобус керек» деп ұрандады.