Өскемендегі 19-тұрғын ауданның мәселесі таусылар емес
Өскеменнің Сол жағалауында, дәлірек айтсақ, Жібек маталар комбинаты мөлтек ауданына іргелес бой көтерген 19-шы тұрғын ауданның көпқабатты үйлерінің құрылысына қатысты мәселелер уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Соңғы бес-алты жылдың көлемінде қаз-қатар бой түзеген бес, тоғыз қабатты баспаналар сыртынан бір қарағанда әдемі-ақ. Ал қасына барып тұрғындарымен тілдесе қалсаңыз, үй құрылысына қатысты көптеген мәселелер әлі де шешімін таппағанына бірден куә боласыз.
Мердігерлер жөндеп беруге құлықты емес
Мәселен, аталған аудандағы Көкжал барақ, 4, Әл-Фараби, 38/2, Қазыбек би, 46, Уәлиев, 9/3 мекенжайларындағы көпқабатты үйлердің тұрғындары жаңа баспаналарының сапасыздығына шағымданып, бармаған жерлері қалмаған. Өкінішке орай, әзірге еш нәтиже болмай тұр.
Редакцияға хабарласқан тұрғындардың айтуынша, баспаналардың төбесінен су ағады, пәтерлер дымқылданып кеткен. Салдарынан қабырғаның сылағы қопарылып түсіп жатыр. Қатты жаңбырда подъездің қабырғаларынан ішке қарай су өтіп кетеді. Кейбір жерлерде үйге дейінгі жол салынбағандықтан, тұрғындар көктем мен күзде толарсақтан батпақ кешуге мәжбүр. Ең қиыны, құрылысты жүргізген мердігер мекемелер бұл олқылықтарды қайта жөндеп шығуға аса құлықты емес себебі, үйдің кепілдік мерзімі аяқталған әрі олардың көбісі ауысып та кеткен. Ақыр соңында амалдары таусылған баспана иелері өз қалталарынан ақша шығарып, баспаналарын жөндеп жатыр. Алайда, бұл әрекет барлық шала істелген жұмысты аяқтап шығуға жеткіліксіз. Апта басында тұрғындар мәселесін көзбен көріп, аталған үйлердің жағдайымен танысып қайтқан едік.
Бірінші Көкжал барақ көшесі, 4 және 4/2 мекенжайларында қатар тұрған бес қабатты жасыл үйлердің жайымен таныстық. Алғашқы үйдің тұрғындары өздері сайлаған, 1 пәтерде тұратын үй жетекшісі Гүлжан Әміренованың айтуынша, осыған дейін жарық жиі өшкен, апта бойы болмаған кездері де болыпты.
– Бұл екі үйді «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ (КИК) салған. 2017 жылдың қараша айында 50 де 50 шартымен 20 жылға несиеге алдық. Біздің төбеден су аққан жоқ, қыста жылы болды. Тек алғашқы жылы бірінші қабат болған соң қабырғадан аздап сыз өтті, қазір дұрысталды. Алайда, біздің ең үлкен проблемамыз, ол автобус аялдамасы. Көкжал Барақ көшесіндегі және Есенберлин даңғылындағы аялдамалар үйімізден жарты шақырымдай алыс. Үйіміздің артынан Көкжал мен Есенберлинді қосатын жол түседі деген басында, бірақ әлі салынбады. Соның кесірінен жарты шақырым аялдамаға күздің жаңбырлы күнінде батпақ кешіп барып жүрміз. Азық-түлік дүкені де сондай алыста. Балалар ойнайтын алаң да көңілден шықпайды, алтыбақан жоқ, өзгелері сынып жатыр, балалар ойнауға қауіпті. Талайы құлап, бет-аузын, қолын жаралады. Футбол алаңы да салынбады. Балалар алаңындағы шұңқырды қалтамыздан ақша жинап, топырақ төккізіп, өзіміз тегістеп шықтық. Оны ПИК біледі. Төртінші үйдегі пәтерлер негізінен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға берілген. Бір үйде 5-6 баладан бар, мүгедек балалар бар. Олар ойнайтын жер жоқ, көрші аулаға қаңғып кетеді. Бір сөзбен айтқанда, осындай қолайсыздықта тұрып жатырмыз, – деген Гүлжан Сәткенқызы аялдама мәселесін де қайта-қайта айтып қалды.
Жертөлесін су басып жатыр
Ал екінші көршілес 4/2 мекенжайдағы бес қабатты үйдің проблемасы әлдеқайда күрделі болып шықты. Ең сорақысы, жертөлесі қызыласықтан суға толып жатыр. Оны өзіміз де жертөлеге түсіп көрдік. Тұрғындар қайта-қайта сорғытып әлек. Айтуларынша, былтыр қыста жертөле мұз айдынына ұқсап қатып жатыпты. Салдарынан үй қабырғалары дымданып, жапсырылған плиткалар қаусап, шашыла бастаған. Бұл үйлердің жарық беретін желілері әуеден емес, жер астынан тартылғандықтан, су тигесін қайта-қайта өше береді. Сондықтан тұрғындар көрші ауладан тікелей қосуға мәжбүр болып отыр. Оның үстіне үйді салғандар мазақ қылғандай ток беретін транформаторды ауладағы ең ойпат, шұңқыр жерге салып кетіпті. Көктемде әлгі «бассейнге» су толғасын істен шығып қалған. Аталған үйдің жетекшісі Евгения Прокопьеваның айтуынша, бұл проблемалардың жартысы ғана. «Мына үйді төрт жыл бұрын пайдалануға берді дегенге ешкім сенбейді» дейді тұрғындар.
– Көрші үйдегілер айтқан аялдама мәселесі бізге де ауыр соғып тұр. Төрт жыл бұрын үйді алғанда құрылысшылар Көкжал Барақ көшесіне дейін тас төгіп, қиыршықты жол салған сонымен қатынағанбыз. Енді үйіміздің қасынан жаңа бір үйдің құрылысы басталғалы ол жол толық бұзылып, құрылыс аумағына өтті. Топырақ тасыған ауыр жүк көліктері жолды езіп, үй маңын батпаққа айналдырды. Енді тұрғындар күзгі жаңбырда батпақ кешіп, әрең қатынап жүр. Тас жолға дейін адамды қойып жеңіл көліктің өзі әрең жүреді. Оның үстіне қыста бұл жолды қар басып қалады да, оны ешкім тазаламайды. Осының бәрі үйді салғанда алдын ала неге ескерілмеген, – деп күйінеді Евгения. Оның сөзін көршісі Бақыт есімді келіншек те қостады.
– Әр маусым сайын қос-қостан резеңке етік аламыз. Үйдің маңы біз алғанда айнала көгал, 18 түп шырша, ағаш егілген болатын. Су бұратын құбырлар саламыз, жолды кеңейтеміз деп бәрін құртты. Ал оның ақысы ай сайынғы төлейтін несиемізге қосылған. Әлі төлеп біткен жоқпыз. Салықты да төлеп отырмыз. Енді қазір жүріп жатқан құрылыстың арқасында соның бірі де жоқ. Үйіміздің айналасының бәрі қазылып қалған, су толған шұңқырлар, құдды бір соғыс жүргендей. Құдықтардың қақпақтары ашық жатыр. Үш жылдағы жағдай осылай болса, жиырма жылдан соң үйіміз апатты баспанаға айналар, сонда тағы үйсіз-күйсіз қаламыз ба деп қорқамын. Біз бағасы қымбат баспанамызды осындай «тосын сыйына» бола алған жоқпыз ғой. Ай сайын несие төлеп отырмыз. Бәрінен де батпақты кешіп, сабаққа бару балаларға қиын болып тұр, – дейді Бақыт жыларман болып.
Жедел жәрдем мен такси қызметі бас тартқан
Қазір бұл үйдің тұрғындары аялдамаға дейін батпақ жолды айнала, қасында орналасқан №46 орта мектептің ауласы арқылы барып жүр. Алайда, сенбі, жексенбі күндері мектеп әкімшілігі қақпасын жауып тастайды.
Айтуларынша, тұрғындар бұл мәселемен қалалық әкімдікке бірнеше мәрте хабарласқан, бірігіп хат та жазған.
– Баспанамыздың жайын айтып, Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омарға хат жаздық, Nur Otan партиясына хабарластық. Әлі ешқандай жауап жоқ. Сол кездегі қала әкімінің орынбасары Тамара Рахимжанова олқылықтарды түзетеміз деп уәде берген, артынан «олай демедім» деп сөзінен айнып қалды. Кейін өзі басқа қызметке ауысып кетті. Үйді салған «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ-на да хат жаздық, хабарластық, нәтиже жоқ. Қазірдің өзінде коммуналдық қызметтер «Сіздердің үйге бармаймыз» деп ашық айтуда. Себебі, үйге келетін жол жоқ, күзде батпаққа батып, қыста қарға батып ешкім де азаптанғысы келмейді. Сол сияқты жедел-жәрдем мен такси де хабарлассақ, бірден бас тартады немесе трассаға шығыңдар дейді. Өмір болған соң адамдар, балалар ауырмай тұрмайды ғой. Бұл қалай сонда? Қашанға дейін аралда тұрамыз? Айта-айта әбден шаршадық, – дейді үй жетекшісі Евгения Прокопьева.
Ал жертөленің суға толып кетуін тұрғындар жер асты суының тым жақындығымен түсіндіреді. Екі, екі жарым метр тереңдіктен су шығып кетеді әрі осы аумақта арнасын қуалай, шағын бұлақ та қатарласа ағып жатыр.
– Кеңестік уақытта бұл аумаққа құрылыс салуға тыйым салынған болатын. Енді қалай рұқсат берілгенін білмеймін. Жертөлеге толған суды құбыр арқылы ағызып бұру және жерді құрғату үшін үйді айналдыра кәріздеу жүйесі қазылып салынды. Жаңағы көгал мен көшеттерді құртқан да осылар. Алайда, біздің алаңдайтынымыз, сол су бұратын құбыр тым таязда, жоғарыда жатыр, ал су оның астымен өтіп кетеді. Сонда бұдан қандай нәтиже болады. Жертөле тағы да суға толады ғой, – дейді осы үйдің тағы бір тұрғыны Қабдулла Шәкенов. Сондай-ақ ол автобус мәселесін де көтерді.
– Біз жаққа тек №260 бағыттағы шағын автобус қана жүреді. №26 автобус зауытқа жұмысшылар таситын қызметтік көлік болып кетті, №43 автобус сенбі мен жексенбіде жүрмейді. Халықтың қалаға қатынауы қиын. Қалалық әкімдік осы мәселені де реттесе екен, бұл бүкіл халықтың өтініші, – дейді Қабдулла аға.
Қала басшысы сынға алды
Бұл екі үйден бөлек осы 19-шы тұрғын аудандағы Әл-Фараби, 38/2, 42/3, Қазыбек би, 46, Уәлиев, 9/3 мекенжайларындағы үйлерде де осыған ұқсас шешілмеген мәселелер бар. Олардағы проблемаларды да өзге БАҚ-тардағы әріптестеріміз айтудай-ақ айтып, көтеріп жатыр. Мәселен, Әл-Фараби, 42/3 мекенжайындағы бес қабатты үйдің жарық пен жылу мәселесі жақында республикалық арнаның бірінен көрсетілді.
Тұрғындардың өтінішін айтып, қалалық әкімдікке де хабарластық. Өскемен қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Фархат Жилибаевтың айтуынша, қалалық әкімдік бұл мәселелерден құлағдар. Алайда, салынған баспаналардың сапасына сол үйді салуға тапсырыс берген ұйымдар өздері бастан аяқ жауапкершілік алуы тиіс.
– Өскемен қалалық әкімдігі өзі тапсырыс беріп салдырған үйлердің сапасын бақылауда ұстап отыр. Бұл жөнінде қалалық құрылыс бөлімінен барлық мәліметтерді ала аласыздар. Үйді салған мердігер компаниялар кепілдік мерзімі аясында аталған кемшіліктерді түзетуі тиіс, – деді бөлім басшысы.
Тұрғын аудан тұрғындарының жанайқайы құлағына жетті ме екен, кім білсін, өткен демалыс күндері қала әкімі Жақсылық Омар 19-шы тұрғын ауданда салынып жатқан жаңа баспаналарды аралап көріп, құрылысты сылбыр жүргізіп жатқан мердігерлердің жұмысын сынға алды.
– Сіздер дайын емессіздер! Әйтеуір құрылысшылар үнемі үлгермей жатады. Құрылыс жұмыстарын әлдеқашан аяқтап, ендігі емін-еркін сатылыммен айналысуға болар еді. Енді істі аяқтауға ауа-райы қолай бермейді. Алдымен жаңбыр, артынша қар басады. Содан кейін «біз жұмысты бітіруге күш салдық, бірақ ауа-райы мүмкіндік бермеді» дейсіздер. Ал іс сотқа жетсе, айыппұл салынса, ренжисіздер. Егер құрылысшылар қарқынды жұмыс жасауға қауқарсыз болса, бұл жерде жүрмеуі тиіс. Осыдан барып халықтың көңілі толмайтын сапасыз баспаналар пайда болады, – деді Жақсылық Омар.
P.S Жалпы, осы 19-шы тұрғын ауданның баспаналары алғаш қолданысқа берілген сәттен бастап, басынан дау арылмай келеді. Тұрғындар да үйлерінің сапасыздығын айтудан еш шаршаған емес. Ендігі айтылған сындардан қорытынды шығағар уақыт жеткен сияқты. Әйтпесе, сапасыз үйлерді тұрғыза беру, халықты алдау қашанға дейін созылмақ. Ең бастысы, алдыңғы құрылыстарда кеткен кемшіліктерді жауапты мердігерлер қазір салып жатқан баспаналарында қайталамаса, тиісті мекемелер, қала әкімдігі тұрақты бақылауға алса екен дейміз...