KZ
Өскемен
-12°
пасмурно жел 2 м/с, СБ
503.44 593.35 6.55

Экранның ар жағындағы тұзақ: алаяқтардан сақ болыңыз

depositphotos.com

3.08.2025, 20:00 296 Ержан Әбіш

Цифрлық технологиялар қарқынды дамып жатқан қазіргі заманда интернет адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Ақпаратқа кең қолжетімділік, онлайн сауда және түрлі байланыс құралдарының артықшылықтарымен қатар, бұл ортада елеулі қауіп-қатерлер де орын алуда.

Интернет-алаяқтық – бұл ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы азаматтарды алдап, олардың деректерін, қаржысын немесе мүлкін заңсыз иемденуге бағытталған әдейі жасалатын әрекеттер.

Құқықтық тұрғыда бұл қылмыстар ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) және ақпараттық қауіпсіздікке қатысты баптармен қарастырылады.

Интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлеріне фишинг, аккаунттар мен электрондық әмияндарды бұзу, жалған интернет-дүкендер, әлеуметтік инженерия, хабарландыру сайттарындағы және жалған инвестициялық платформалардағы алаяқтық жатады.

2022 жылдан бастап алаяқтар алдау тәсілдерін жетілдіріп, жаңа технологияларды кеңінен пайдалана бастады. Deepfake — белгілі адамдардың атынан жасанды видео немесе аудио арқылы алдау, AI-боттар — жасанды интеллектпен адамдарды сендіру, жалған QR-кодтар арқылы зиянды сайттарға бағыттау және криптовалютаға байланысты жалған инвестициялық ұсыныстар соның мысалы бола алады.

Алаяқтықтың салдары ретінде азаматтар мен компаниялардың қаржылық шығынға ұшырауы, жеке деректердің таралуы, цифрлық қызметтерге сенімсіздік, психологиялық күйзеліс және ұйымдардың беделіне нұқсан келуі аталады.

Мұндай жағдайлардың жиілеуіне цифрлық технологиялардың қолжетімділігі, халықтың цифрлық сауаттылығының төмендігі, жеке деректердің жеткіліксіз қорғалуы және халықаралық киберқауіпсіздік саласындағы үйлесімнің әлсіздігі себеп болуда.

Алаяқтардан қорғану үшін азаматтарға жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеу, қаржылық операция жасайтын сайттардың мекенжайын тексеру, антивирус пен екі факторлы аутентификация қолдану, бағдарламалық қамтамасыз етуді жаңарту, сатушылар туралы пікірлер мен байланыстарды тексеру, сондай-ақ күмәнді қоңырауларға сенбей, ресми нөмірлерге қайта қоңырау шалу ұсынылады. Алаяқтық фактісі анықталған жағдайда құқық қорғау органдарына немесе ІІМ Киберорталығына жүгіну қажет.

Людмила Побияха,
Өскемен қаласы мамандандырылған тергеу сотының судьясы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу