KZ
Өскемен
-4°
туман жел 1 м/с, С
505.53 593.44 6.34

Интернет-алаяқтық: қылмыскерлер әдістерін үнемі өзгертіп тұрады

25.06.2025, 17:30 316 Әбішев Ержан

Қазіргі кезде интернет алаяқтарының әрекеті күн санап түрленіп, халықты сан соқтырып отыр. Мемлекет басшысы өз Жолдауында ел ішінде құқықтық сана мен «Заң және тәртіп» қағидаттарын нығайтудың маңызын атап өткен. Осыған орай Экономикалық тергеп-тексеру департаменті өңірде азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Дегенмен қабылданып жатқан шараларға қарамастан, алаяқтық әрекеттер азаяр емес. Әсіресе соңғы жылдары интернет технологияларын пайдалана отырып жасалатын қылмыстар өзекті мәселеге айналды. Ең жиі кездесетін алаяқтық түрлеріне фишинг, жалған интернет-дүкендер, әлеуметтік инженерия, сауда алаңдарындағы алдау, бопсалау, инвестициялық схемалар мен қаржы пирамидалары жатады.

Қаржы пирамидасы – бұл заңсыз құрылым, мұнда алғашқы салымшылардың табысы кейінгі қатысушылардың қаражаты есебінен төленеді. Мұндай ұйымдарда нақты кәсіпкерлік әрекет болмайды, ал жаңа салым тоқтаған сәтте пирамида күйрейді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217 және 217-1-баптарына сәйкес мұндай схемаларды ұйымдастыру, басқару және жарнамалау қылмыстық жауапкершілікке алып келеді.

Соңғы екі жылда өңірде 6 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды. Оның ішінде республика көлемінде жұмыс істеген Chia Tai-Tianqing Pharmaceutical және Eolus құрылымдарының аймақтық басшыларына қатысты сот үкімдері шығарылды. Аталған схемаларға 250-ден астам азамат тартылып, 400 миллион теңгеден астам шығын келтірілген. Сот кінәлі тұлғаларды айыпты деп танып, үкім шығарды.

Алаяқтың әрекетін ерте байқап, дер кезінде тоқтату үшін оның белгілерін білу маңызды. Біріншіден, алаяқтар әрқашан бірінші болып байланысқа шығады – телефон соғып немесе жекеге жазады. Екіншіден, әңгіме үнемі қаржы мәселелерін қозғайды – банк карталары, шоттар, инвестициялар жайында. Үшіншіден, олар жеке мәліметтерді сұрайды – SMS-кодтар, PIN, CVV, логиндер. Төртіншіден, қысым көрсетіп, үрей туғызады. Бесіншіден, жылдам шешім қабылдауға итермелейді – «қазір болмаса, кеш болады» деген желеумен әрекет етеді.

Алаяқтардың торына түсіп қалмау үшін бірнеше қарапайым кеңеске құлақ түріңіз. Біріншіден, сыни ойлау қабілетіңізді жоғалтпаңыз – эмоцияға берілмеңіз. Екіншіден, өзіңізге тым сенімді болмаңыз – алаяқтар схемасын үнемі жаңартып отырады. Үшіншіден, кез келген ұсынысты асықпай қабылдаңыз – шынайы ұсыныс ешқашан қысым жасамайды. Төртіншіден, жақындарыңызбен ақылдасыңыз – сырт көз қауіпті жылдам байқайды. Бесіншіден, қысым көрсетуге жол бермеңіз – бұл алаяқтың айқын белгісі. Алтыншыдан, сұрақ қойыңыз және әңгіменің жазылып жатқанын ескертіңіз – бұл олардың әрекетін тоқтатуы мүмкін.

Азаматтарға көмек ретінде бірқатар ресми ақпарат көздері жұмыс істейді. Қаржы мониторингі агенттігінің ресми сайтында анықталған қаржы пирамидаларының тізімі жарияланған. @baiqa_piramida Telegram-боты арқылы күмәнді жобаларды тексеруге болады. Сондай-ақ @afm_rk Instagram парақшасынан тергеліп жатқан істер мен сот шешімдері, жаңа алаяқтық схемалар жайлы мәліметтер алуға болады.

Егер сіз алаяқтардың әрекетіне тап болсаңыз, келесі мекенжайға жүгініңіз: Өскемен қаласы, Новаторов көшесі, 7/2. Сенім телефоны: 8 (7232) 24-06-05. Азаматтарды қабылдау күн сайын жүргізіледі.

Фото: Екатерина Семина

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу